
Дәрігерлік қызметтің ең күрделі бағыттарының бірі – хирургия. Бұл салада әр минут, әр әрекет, әр шешім – адам өмірін сақтап қалуға бағытталған. Хирург-дәрігерлердің жанында күндіз-түні еңбек етіп, науқастың жағдайын бақылап, операцияға дайындық жүргізіп, күтімнің әр кезеңін атқаратын маман — хирургия бөлімінің мейірбикесі. Оның еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ адам өмірінің сақталуына тікелей әсер ететін аса маңызды жұмыс.
Ауруханаға түскен әрбір адамға жылы сөз, қолдау мен үміт қажет. Осындай сәттерде мейірбикенің кәсіби біліктілігі ғана емес, оның адамға деген шынайы жанашырлығы ерекше рөл атқарады. Сондай қасиеттерді бойына сіңіріп, өз мамандығын мақтан тұтатын жанның бірі- Шынтаева Гүлхан Мырзахметқызы. Ол Шымкент қалалық №1 қалалық клиникалық ауруханасының №1 хирургия бөлімінде мейірбике болып 36 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жұмысына адал жан талай науқастың алғысын арқалаған маман.
«Ет пен сүйектен жаралған соң адамның балтыры сыздамай тұрмайды. Міне, осындай сәтте біздер көмекке келеміз. Сондықтан мейірбике керемет мамандықтардың бірі деп есептеймін. Емделушілердің алғысынан артық марапат жоқ біз үшін»,- дейді кейіпкеріміз.
Хирургиялық бөлімдегі мейірбике жұмысы жүйке мен дене төзімділігін, кәсіби шеберлікті, шапшаңдықты және зор жауапкершілікті талап етеді. Ол тек инемен екпе салатын немесе таңғыш ауыстыратын маман емес — ол науқастың жанынан бірінші болып табылатын, оның жағдайын дәл бақылап, операция алдында да, кейін де толық күтім жасайтын кәсіби маман.
«Мамандығымды жақсы көремін. Әр мамандықтың өзінің жақсы жақтары, артықтышылықтары болады. Сол кәсібін әр адам адалынан сүйіп істесе, жемісін жейді»,- дейді Гүлхан Мырзахметқызы.
Хирургия бөлімінің мейірбикесі – ақ халатты абзал жанның айқын бейнесі. Ол – ауыр жағдайдағы науқастың жанындағы алғашқы көмекші, үміт отын қайта жаққан маман, ең қиын сәтте сүйеу болатын адам. Еңбек адамының осындай жанкешті еңбегі — қоғамның денсаулығын, әр отбасының амандығын сақтап тұрған нағыз ерлікке пара-пар іс.
