
Қоғамның тыныс-тіршілігі темір жол жүйесінің үздіксіз жұмысымен тығыз байланысты. Жүк те, жолаушы да діттеген жеріне дәл уақытында жетуі үшін мыңдаған маман күндіз-түні еңбектенеді. Сол мамандықтардың ішінде көпшілікке беймәлім, бірақ темір жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша рөл атқаратын тұлға – дөңес кезекшісі. Оның күнделікті жұмысы вагондарды дөңес арқылы сырғытып, дұрыс жолға бағыттау; қозғалыс жылдамдығын реттеу, тежегіш құрылғылардың жұмысын бақылау; маневрлік локомотивтер мен құрастыру бригадаларымен байланыс орнату; темір жолдағы қауіпсіздік нормаларының сақталуын қадағалау; ауа райы, түнгі уақыт, тұман немесе жауын кезінде қауіпсіз маневрді ұйымдастыру. Бұл мамандық қырағылықты, техникалық сауаттылықты, дәлдік пен жауапкершілікті қажет етеді.
Шымкент қаласындағы Қазығұрт теміржол станциясы КТЖ Шымкент бөлімшесінің дөңес жұмысын тәжірибелі мамандар ұйымдастырады. Соның ішінде автоматтандырылған басқару жүйесін ұршықша «иіріп» отырған Мұқағали Әбдірахманның жауапкершілігі жоғары. Оның қызсеті– дөңес кезекшісі. Бірнеше жолдан тұратын сұрыптау дөңесіндегі қозғалысты күнделікті ұйымдастырады. Ол түрлі бағыттағы әр пойыздың жүрісін жатқа біледі десек болады. Жылжымалы құрамның қозғалысын мүлтіксіз ұйымдастырып отырған теміржолшы автоматтандырылған жүйенің артықшылықтары туралы айтып берді. «Арнайы формамызды киіп таңертең жұмысқа келеміз. Алдымен басшылар күннің жоспарын бекітетін жиналыс өткізеді. Әр маманға тиесілі тапсырмалары беріледі. Сөйтіп жұмыс орнымызға келеміз. Ауысымды қабылдап аламыз. Қабылдау кезінде барлық құрылғылардың дұрыс жұмыс істеп тұрғандығын, ақаудың бар-жоғын тексеріп аламыз. Содан соң диспетчерден жұмыс барысын, күннің жоспарын алып, оны пойыз құрастырушыларға, бекет кезекшісіне және машинистерге түсіндіреміз»,- дейді Дөңес кезекшісі.
Цифрландыру нәтижесінде вагондарды бағыттап отыратын операторлар жұмысы жеңілдеген. Жылжымалы құрамдарды парктен паркке ауыстыру, вагондарды жөндеу жолдарына әкелу, ағыту, тіркеу, ауыстыру, өңдеу жұмыстары қарқынды, 24 сағат бойына тоқтаусыз жүреді. Темір жолдағы кез келген кідіріс, бір сәттік қате немесе дұрыс бағытталмаған вагон – үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Сондықтан дөңес кезекшісі әр қозғалысты секундына дейін есептеп, әр тежегішті, әр релісті мұқият бақылайды. «Жылжымалы құрамдар жұмысын ұйымдастыру барысында ең бірінші қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына аса мән бересің. Жұмыс өте жауапты. Бірақ, қызметім өзіме ұнайды. Ниет болса ешқандай жұмыстың қиындығы жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы өз қызметіңе, жұмысыңа жауапкершілікпен қарасаң болғаны. Сондай-ақ әрбір қызметкердің ішкі тәртіпке бағынғаны жөн. Ал темір жолда тәртіп темірдей. Бұл адамды шыңдайды, жауапкершілігін күшейтіп, өзіне деген сенімділікті арттырады», – дейді кейіпкеріміз.
Қарапайым көрінгенімен, бұл — нағыз инженерлік ойлауды, тез шешім қабылдауды және темір жол қозғалысының қыр-сырын терең білуді талап ететін мамандық.
Мұқағали Нұрғалиұлының темір жола саласында еңбек етіп келе жатқанына 9 жылдың жүзі болыпты. Пойыз құрастырушылардың бірі болған ол өзіне жүктелген міндетін жауапкершілікпен атқарып, тәжірибе жинайды. Алты ай бұрын қазіргі қызметіне ауысыпты.
Жауапкершілігі жоғары қызметті абыроймен атқарып жүрген Мұқағали Нұрғалиұлы теміржол қауіпсіздігі мен қозғалыстың реттелуін қадағалап, еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Дөңес кезекшілері – темір жолдың тынысын дәл сезетін, түнгі ауысымда да, қақаған аязда да өз постын тастамайтын адамдар. Олардың бойында: еңбекке адалдық, мұқияттылық, тәуекелді болдырмайтын сақтық, темірдей тәртіп бар. Темір жолдағы дөңес кезекшісі – сырт көзге көрінбейтін, бірақ ел экономикасы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды мамандық иесі. Олар — қозғалыстың тәртібін сақтайтын, әр вагонның бағытын дәл анықтайтын, темір жол жүйесінің тынысын басқаратын еңбек адамдары. Олардың қажырлы еңбегі — мыңдаған жүк пойыздарының қауіпсіз әрі уақтылы қозғалысын қамтамасыз ететін нағыз азаматтық ерлік.
