Шымкентті дамытуға әрбір тұрғын үлес қоса алады

image.png

Шымкент қаласында азаматтардың пікірін шешім қабылдау процесіне тікелей енгізу мақсатында жаңа қоғамдық бастама іске қосылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен қолға алынған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындарға қаланың даму бағыттары бойынша өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын және мәселелерін билік өкілдеріне тікелей жеткізуге мүмкіншілік береді. Бұл – жергілікті басқаруды ашық етуге, қоғамдық бақылауды күшейтуге және қала өміріне халықты белсенді түрде тартуға бағытталған маңызды қадам.

   Шымкент – еліміздегі үшінші мегаполис, халық саны миллионнан асқан ірі қала. Мұндай ауқымды қаланы басқару кезінде тұрғындардың сұранысы мен нақты жағдайды ескеру ерекше маңызды. Жоба осы қажеттіліктен туындады. Басты мақсаттар: қаладағы өзекті мәселелерді анықтау және оларды тұрғындардың ұсыныстары негізінде шешу; тұрғындар мен әкімдік арасындағы ашық диалогты күшейту; урбанистикалық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобаларды қалыптастыруда халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ету; қоғам белсенділерін қаланы дамыту процесіне тарту.

Жоба аясында қала халқы үшін бірнеше ыңғайлы қатысу тетігі қарастырылған:

• Онлайн платформалар арқылы ұсыныс жіберу (әлеуметтік желілер, электронды қабылдау, арнайы форма).

• Аудан әкімдіктеріндегі қабылдау пункттері арқылы тікелей өтініш қалдыру.

• Жергілікті кездесулер, қоғамдық тыңдаулар, кездесулер барысында пікір білдіру.

• Мобильді қосымша арқылы қаланың белгілі бір аумағына қатысты мәселелерді жедел жеткізу (жоба аясында әзірленіп жатыр).

Осы тетіктер арқылы тұрғындар көшелердің абаттандырылуы, көгалдандыру, қоғамдық көлік, аула инфрақұрылымы, қауіпсіздік, санитарлық тазалық және басқа да мәселелер бойынша ұсыныс бере алады.

«Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» – тек ұсыныстар жинау акциясы емес, тұрғындардың пікірін нақты жоспарлау мен шешім қабылдау процесіне енгізуді көздейтін жүйелі тетік.

Күтілетін нәтижелер:

• қала жобалары нақты тұрғындардың қажеттілігіне сай іске қосылады;

• шағынаудандардағы тұрмыстық мәселелер жедел анықталады;

• бюджеттік қаражатты тиімді жоспарлау мүмкіндігі артады;

• халықтың мемлекеттік басқаруға деген сенімі күшейеді;

• қалада ашықтық, есептілік және жауапкершілік қағидаттары берік орнығады.

     Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл бастама арқылы басқару процесіне жаңа серпін беруді көздейді. Оның айтуынша, қала өміріндегі кез келген өзгерістің ортасында ең алдымен тұрғындардың мүддесі тұруы керек. Сондықтан әкімдік барлық ұсынысты қарап, қолайлы және тиімді ұсыныстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

      Қала әкімінің халықпен кездесуі мен шаһарды аралауы барысында тұрғындардан көптеген ұсыныс пен бастамалар түсіп жатады. Енді бұл пікірлер арнайы жүйе арқылы қабылданады. Жобаны жүзеге асыру аясында алдағы уақытта қоғамдық орындар мен автобустарда QR-кодтар орнатылады. Сол арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын оңай жолдай алады. Ғабит Әбдімәжитұлының сөзінше, бұл жоба - әр азаматқа Шымкенттің дамуына жеке үлес қосып, оң өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылады. Бұл бастама - әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға және қаланы дамытуға күш жұмылдыруға бағытталған нақты қадам.

    «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» — мегаполис тұрғындары үшін нақты шешімдерге әсер етуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Бұл бастама қала басқаруында жаңа формат қалыптастырып, тұрғындардың белсенділігін арттыруға, өз қаласына деген жауапкершіліктің жоғарылауына жол ашады.

     Шымкент қаласы үшін бұл жоба — жай ғана тың бастама емес, ашық қоғам мен тиімді басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағдар.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Депутат тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесті
  • Шымкентті дамытуға әрбір тұрғын үлес қоса алады
  • 500-ге жуық азаматтың мәселесі тыңдалды
  • «Отбасын қолдау орталығы» ашылды
  • Қаржы саласының мамандары – ел экономикасының күзетшілері
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер