
Қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру және азаматтардың заң жүзіндегі проблемаларын шешуге қолдау көрсету – «AMANAT» партиясының басты басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта партияның Шымкент қалалық филиалында бірнеше жыл бойы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру арқылы әлеуметтік әділдікке қол жеткізуді және азаматтардың құқықтық сауаттылығын нығайтуды көздейді. «Құқықтық көмек» жобасы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда үлкен рөл атқарады. Тегін кеңес беру көптеген азаматтардың мәселесін реттеп, заң алдында өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл бастама тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтады, нақты проблемаларды шешу арқылы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді, қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтереді.
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында мәслихат депутаты, фракция мүшесі Шыңғыс Қозбахов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік және құқықтық сипаттағы өтініштерін білдірді.
Алғашқылардың бірі болып келген Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғыны — жалғызбасты ана. Ол күнкөрістің қиындап кеткенін айтып, көмек сұрады. Айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өте аз. Депутат Шыңғыс Қозбахов құжаттарды қайта жинақтап, өтінішті тиісті мекемеге қайта тапсыру жөнінде кеңес берді. Сонымен бірге, тұрғынның жағдайына бейжай қарамай, жеке қаражаты есебінен бір реттік қаржылай көмек көрсетті.
Келесі тұрғын — Р. Оңғарова зейнеткер екенін, көлік салығын уақытылы төлемегендіктен есепшоттары бұғатталғанын айтты. Депутат мәселенің шешілу жолдарын жан-жақты түсіндіріп, заңды кеңес берді. Сонымен қатар, ол азаматшаға құқықтық кеңес беретін қоғамдық қабылдауға жазылуға көмектесті.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің бір бөлігі сол сәтінде шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңы тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық, тұрмыстық мәселелерін шешуге ықпал етіп, халық пен билік арасындағы тиімді көпір рөлін атқарып келеді. Ал «Құқықтық көмек» жобасы – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Тұрғындардың мәселелерін тыңдап, кеңес беру, құқықтық қолдау көрсету арқылы партия қоғамдағы әділдік пен құқықтық тәртіптің нығаюына елеулі үлес қосып келеді.
