
Цифрландыру және ақпараттық технологиялар күніне орай мамандықтар әлемі бойынша «Еңбегі адал-жас өрен» жобасы аясында «Индустриалды-техникалық колледж» жастар арасында «Бағдарламалық құрамды жобалау технологиясы» тақырыбында семинар-трениг өтті. Семинардың мақсаты - мектеп түлектеріне дұрыс мамандық таңдауға бағыт беру және болашақта жұмыссыздықты азайту.
Іс-шараға колледждің ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттері, оқытушылар мен ІТ саласының жас мамандары қатысты.
Семинарды өндірістік оқыту шебері А. Досқараева мен арнайы пән оқытушысы А.Азимбаева өткізді.
Тренинг барысында қатысушыларға бағдарламалық қамтамасыз етудің жобалық құрылымы, жүйелік талдау негіздері және бағдарламалық өнімдерді тиімді жобалау әдістері туралы кеңінен мәлімет берілді.
Семинарды колледждің информатика пәні оқытушылары мен тәжірибелі ІТ мамандары жүргізіп, бағдарламалық жобаларды әзірлеу кезеңдері мен командалық жұмыстың рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар студенттерге заманауи бағдарламалау тілдері мен жобалау құралдарын тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді.
Тренинг интерактивті форматта өтті: қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындап, өз идеяларын қорғап, инновациялық шешімдер ұсынды. Мұндай тәжірибе студенттердің кәсіби ой-өрісін кеңейтіп, ақпараттық технология саласына деген қызығушылығын арттыра түсті.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Колледж әкімшілігі аталған жоба аясында алдағы уақытта да жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізуді жоспарлап отыр.
«Еңбегі адал – жас өрен» жобасы – еңбекқорлық пен кәсібилікке баулитын, жастарды жаңашылдыққа жетелейтін игі бастама. Жас түлек – ел болашағы! Дұрыс таңдау – жарқын болашақтың кепілі!
