Кәсіптік білім – сапалы кадр дайындығының кепілі

image.png

   Қазіргі таңда Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы аясында техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Солардың ішінде дәнекерлеу ісі – құрылыс, машина жасау, мұнай-газ және металл өңдеу салаларының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл мамандық иелерінің еңбегі экономиканың нақты секторындағы барлық өндірістік процестердің негізін құрайды. 

    Елімізде дәнекерлеу ісі мамандығына оқыту кәсіби және техникалық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуда. Колледждер мен кәсіптік мектептерде білім алушылар теориялық біліммен қатар, тәжірибелік сабақтар арқылы нақты өндірістік ортада жұмыс істеуге машықтанады.

    Оқыту бағдарламасында металл конструкцияларын дәнекерлеу технологиясы, қауіпсіздік техникасы, сызу және материалтану пәндері қамтылған. Бұл студенттердің болашақта кез келген өндірістік жағдайда сапалы жұмыс атқаруына мүмкіндік береді.

      Шымкент қаласында дәнекерлеуші мамандарын даярлап келе жатқан бірден бір оқу орны Индустриалды-техникалық колледжі. Жақында колледж  базасында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша аймақтық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Іс-шараның ашылу салтанаты колледждің акт залында салтанатты түрде ұйымдастырылып, байқауға қатысушыларға оқу орнының заманауи материалдық-техникалық базасы, оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханалары таныстырылды. Байқаудың басты мақсаты жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу, инновациялық идеяларды насихаттау және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін көтеру болды.

Аймақтық сайысқа Шымкент қаласы, Қызылорда облысы және Түркістан облысының колледждерінен өндірістік оқыту шеберлері қатысты:

Ыстамқұл Саят Абайұлы – Энергетика және байланыс колледжі;

Адашев Шерзод – Шымкент аграрлық-техникалық колледжі;

Башаров Қайрат Маратұлы – Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі;

Тойымбетов Дулат – Индустриалды-техникалық колледжі;

Юлдашев Бахрид – Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі;

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, нәтижесінде I орынды Башаров Қайрат Маратұлы (Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі), II орынды Ыстамқұл Саят Абайұлы (Энергетика және байланыс колледжі), III орынды Адашев Шерзод (Шымкент аграрлық-техникалық колледжі), ІII орынды Юлдашев Бахрид (Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжі) иеленді.

Сонымен қатар, арнайы номинациялармен марапатталғандар:

– «Жаңашыл дәнекерлеуші» – Тойымбетов Дулат (Индустриалды-техникалық колледжі)

– «Шығармашыл дәнекерлеуші» – Юлдашев Ихтияр (Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі).

     Байқау аясында Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушылары «Ашық есік күні» шарасы барысында колледжге келді. Болашақ талапкерлерге колледждің оқу кабинеттері, өндірістік шеберханалары мен зертханалары таныстырылып, оқытылатын мамандықтар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Оқушылар кәсіби шеберлік байқауының қызықты сәттерін тамашалап, дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша шеберлердің көрсетілімдерін көріп, өз көздерімен тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды. Іс-шара жас буынды техникалық және жұмысшы мамандықтарға қызықтыру, олардың еңбекке деген ынтасын арттыру және кәсіби бағдар беру бағытында үлкен маңызға ие болды.

      Айта кетейік, бүгінде көптеген оқу орындары жаңа буынды дәнекерлеу аппараттарымен, плазмалық және лазерлік дәнекерлеу құрылғыларымен жабдықталған. Бұл болашақ мамандарға халықаралық стандарттарға сай машықтарды меңгеруге жағдай жасайды.

Сонымен қатар, дуальды оқыту жүйесі кеңінен енгізіліп келеді. Бұл жүйе студенттердің оқу уақытының бір бөлігін өндіріс орнында өткізуіне мүмкіндік беріп, тәжірибесін арттыруға септігін тигізеді.

       Дәнекерлеушілерге сұраныс үнемі жоғары. Құрылыс, көлік жасау, энергетика салаларының барлығы осы мамандардың қолынан өтеді. Кәсібін сүйіп, өз ісін жетік меңгерген дәнекерлеуші еңбек нарығында тұрақты жұмыс пен жоғары жалақыға ие бола алады.

       Дәнекерлеу ісі – табандылықты, дәлдікті және жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Бұл салада білім алып, білікті маман болу – елдің өнеркәсіптік дамуына үлес қосу деген сөз. Ендеше, жастар арасында техникалық мамандықтарға қызығушылықты арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мамандық таңдау - маңызды қадам!
  • Студенттер «Asia Trafo» зауытына экскурсия жасады
  • КАЗАХСТАН И РОССИЯ: СТРАТЕГИЧЕСКОЕ ПАРТНЁРСТВО, ПРОВЕРЕННОЕ ВРЕМЕНЕМ
  • ПРЕЗИДЕНТ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ: "ВЕЧНАЯ ДРУЖБА — ПУТЕВОДНАЯ ЗВЕЗДА ДЛЯ НАШИХ НА
  • Болашақ – ІТ мамандарының қолында
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер