
Дәрігер мамандығы – ең жауапты әрі құрметті кәсіптердің бірі. Себебі адам өмірі мен денсаулығын сақтау – кез келген қоғамның басты құндылығы. Күнделікті тынымсыз еңбек етіп, науқастардың сауығып кетуіне жан-тәнімен күш салатын дәрігерлер – нағыз еңбек адамдарының бейнесі.
Дәрігердің еңбегі – көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін баға жетпес қызмет. Олар таң атқаннан кеш батқанға дейін адам өмірі үшін күресіп, өз мамандығына деген адалдығын ісімен дәлелдейді. Әрбір операция, әрбір қабылдау, әрбір диагноз – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді.
Медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандардың арқасында мыңдаған адамның өмірі сақталып, денсаулығы қалпына келеді. Олар аурудың алдын алып, халыққа дұрыс өмір салтын насихаттап, қоғамның саулығын қамтамасыз етеді.
Әсіресе пандемия кезеңінде дәрігерлердің еңбегі ерекше бағаланды. Олар өз өмірін қатерге тіге отырып, елдің амандығы үшін күресті. Бұл – нағыз ерлік, нағыз еңбек адамына тән қаһармандық.
Адамдарды емдеп, қуаныш сыйлауды басты миссиясы санайтын Ақмарал Жолдасбекова саналы ғұмырын медицина саласына арнап келеді. Өз ісінің шебері, нағыз білікті маманды Шымкент жұртшылығы жақсы таниды. Себебі ол науқастарды емдеп қана қоймай, оларға жан жылулығын сыйлап жүреді әрі әріптестеріне жанашыр маман.
Алматы мемлекеттік медицина институтын терапевт мамандығы бойынша бітірген кейіпкеріміз 1989 жылы интернатураны бітіріп шығады. Еңбек жолын аймақтық дәрігер ретінде бастаған. 1996 жылы №2 қалалық ауруханасында аймақтық терапевт дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, аймақтық терапия бөлімінің меңгерушісі, емхана қызметіне жауапты меңгеруші қызметтерін абыроймен атқарған. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы «Камея» медициналық орталығында директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымында. 35 жылдан астам еңбек өтілі бар ақ халатты абзал жан Қазақстан Республикасының үздік денсаулық сақтау мамандары кітабына енген.
Ақмарал Амангелдіқызы елімізде коронавирусты инфекцияның өршіген тұсында алғы шепте жүрген бірден-бір маман. Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының және аурухана бас дәрігерінің құрмет грамоталарымен марапатталған. 2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған.
Кейіпкеріміз биыл 60 жасқа толып отыр. Денсаулық саласындағы ұзақ жылдық қажырлы, адал еңбегі бағаланды. Жақында «Ынтымақ» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Алтеев Ақмарал Амангелдіқызының 60 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтады.
Бауыржан Алтеев мерейтой иесін құттықтап, оның кәсіби шеберлігі мен адалдығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол Ақмарал Жолдасбекованы «Денсаулық сақтау саласындағы елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен – «Денсаулық сақтау қызметкерінің үздігі» медалімен салтанатты түрде марапаттады.
Ия, еңбегі адалдың ертеңі жарқын. Дәрігер – тек маман емес, ол – адам жанының емшісі. Оның мейірімі мен кәсібилігі адамдардың үмітін қайта оятады. Сондықтан да қоғам дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, оларға әрдайым құрметпен қарауы тиіс. Дәрігердің еңбегі – адам өміріне деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Еңбек адамының осындай жанкешті қызметі елдің денсаулығын, болашағын және рухын нығайтады.
