Қаржылық сауаттылық – табыс пен шығынды жоспарлау, жинақ пен инвестицияны басқару, несие мен салық жүйесін түсіну қабілеті. Бұл дағды әрбір адамның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығына әсер етеді. Қаржылық сауатты азамат тұтынушылық шешімдерді саналы түрде қабылдап, артық қарызға батудан, алаяқтықтан және тиімсіз инвестициядан қорғана алады.
Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрғындардың ақшаны тиімді басқару, жұмсау, несие, оның пайыздары секілді қаржылық ілім-білімнің аздығы байқалады. Сарапшылар елдегі қаржылық сауаттылық индексі ТМД елдері бойынша орташа көрсеткіштен төмен екенін айтады. Мұның басты себебі қазақстандықтардың несие саясатын жетік түсінбегендіктен несиеге шамадан тыс жүгінуі дейді мамандар. Қазіргі таңда азаматтардың банктерге 24 трлн берешегі бар. Соған қарамастан халықтың несиеге деген сұранысы кеміп отырған жоқ, керісінше артуда. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың рәсімдеген несиесі 44,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 трлн теңгеге немесе 22%-ға артық екен. Кейінгі жылдары халықтың қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігін өз пайдасына асыратын алаяқтар көбейді. Шоттағы ақшаны шешіп алу, біреудің атынан несие рәсімдеу секілді оқиғалар осыған куә. Бұған тағы қаржы пирамидаларын қосыңыз. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру ел саясатының басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Елдің тұрақты экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың барлық топтары арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған білім беру бағдарламалары мен бастамаларын жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қазіргі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы «Жол картасы» əзірленді. Оқу-ағарту министрлігі және Жоғары білім жəне ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде мектеп, колледж жəне жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары əзірленді. Өткен жылдан бастап оқушылар үшін мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» курсы, ал колледждер мен ЖОО-да «Кəсіпкерлік» курсы бағдарламаға енгізіліп, оқытылуда. Мұндай курстар 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларын қамтып,
Қоғамдағы «Аңқау елге арамза молда» пиғылын тоқтату мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асып, алғашқы жемісін де салып үлгерді. Жемісті жобалардың қатарына «Amanat» партиясы бастамашы болған, Мемлекет басшысы қолдаған «Қарызсыз қоғам» жобасын атауға болады. Екі жылдың ішінде пилоттық жоба тиімділігін дәлелдеп, қарызға белшесінен батқан талай адамды «құтқарды». Әсіресе, заңсыз қарызға батқандардың жүктемесін дәл осы «Қарызсыз қоғам» жобасы азайтты. Халықтың қаржылық бағытта көзін ашқан бағдарлама аясында 2023 жылдан бері 845 мың адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтіпті. Ал биыл жобаға 800 мыңнан астам қазақстандық жүгініп, 110 мыңы тегін заңгерлік кеңес алған. Олардың 360 мыңы нақты көмек алыпты. Жыл соңына дейін жоба жетекшілері курстан өтушілер санын 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр.
Аталған жоба Шымкент қаласында да өз жемісін беріп келеді. Жақында «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында әскери бөлімнің жеке құрамымен ақпараттық кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарызсыз өмір сүрудің тиімді тетіктерін түсіндіру және қаржылық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесу барысында қаржы эксперті Ақбота Турарова әскери қызметкерлерге жеке және отбасылық бюджетті тиімді жоспарлау, несие мен қарыз жүктемесін болдырмау жолдары жөнінде нақты мысалдар келтіре отырып, кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар маманға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби жауаптар алды.
«Қаржылық сауаттылық – тек табыс табу емес, оны дұрыс басқару мәдениеті. Әр адам өз қаржысына жауапкершілікпен қарап, артық қарыздан сақтануы керек», – деді Ақбота Турарова.
Айта кетсек, биыл Шымкент қаласында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 16 700-ден астам азамат дерекқорға енгізіліп, 13 573 адам заңгерлік кеңес алды. Жыл соңына дейін 22 200 азамат оқу курсынан өтуі керек.
«AMANAT» партиясы аталған жоба арқылы тұрғындар арасында қаржылық тұрақтылық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.
