Жастармен өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды

image.png

Қазіргі заманда еңбек нарығы қарқынды түрде өзгеріп келеді. Технологиялық даму, цифрландыру және жаңа кәсіп түрлерінің пайда болуы жастарға бұрынғыдан да кең таңдау мүмкіндігін ұсынады. Осындай жағдайда мамандықты дұрыс таңдау – әрбір жастың өмірлік бағытын айқындайтын маңызды шешім.

Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті, жаңа жағдайға бейімделе алатын, кәсіби дағдылары дамыған мамандарға сұраныс артып отыр. Сондықтан мектеп бітірушілер мен колледж, жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығының сұранысына сай, заманауи мамандықтарды таңдауға ұмтылуы тиіс.

Мамандық таңдаумен қатар, жастар арасында кәсіпкерлікке бет бұру үрдісі де кеңейіп келеді. Мемлекет тарапынан жастардың бизнес бастамаларын қолдауға бағытталған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Жастар практикасы», «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары жастарға өз ісін бастауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарламалар кәсіп ашуға гранттар мен жеңілдетілген несие беруді көздейді.

Сонымен қатар, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Қашықтан жұмыс істеу, фриланс, цифрлық кәсіптер (SMM, IT, дизайн, онлайн қызмет көрсету) жастарға өз әлеуетін еркін іске асыруға жол ашуда. Мұндай икемді жұмыс форматы қазіргі заман талабына сай еңбек ету мәдениетін қалыптастырады.

Алайда, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешу үшін кәсіби бағдар беру, өндірістік тәжірибені күшейту және дуальды білім беру жүйесін дамыту қажет. Оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс нығайған сайын, түлектердің еңбек нарығына бейімделу деңгейі де артады.

Жалпы, еліміздің болашағы – білімді, еңбекқор және кәсіпқой жастардың қолында. Сол себепті мемлекет пен қоғам жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке ынталандыру және жаңа кәсіби бағыттарға бейімдеу бағытында тұрақты түрде жұмыс істеуі тиіс.

Осы және басқа да мәселелер жөнінде жақында «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен  ашық кездесуде талқыланды. Шараның басты мақсаты — жастардың ой-пікірін тыңдап, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және өзекті проблемаларды бірлесе шешу жолдарын талқылау.

Кездесуге қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Бөкейхан Әбішев, Әл-Фараби аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек, сондай-ақ «Жоғары медицина колледжі» МКК директоры Ғалымжан Әбішев қатысты.

Диалог барысында студент жастар мамандық таңдау, кәсіпкерлікке бет бұру, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер және жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелерін қозғады. Өз кезегінде қатысушылар жастарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары, білім мен тәжірибені ұштастыру тетіктері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар мұндай ашық форматтағы диалог алаңдары жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, инициативасын қолдауға және қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашатынын атап өтті.

«AMANAT» партиясы жастардың ойы мен ұсыныстарын әрдайым ескеріп, олардың әлеуетін ел дамуы жолында тиімді пайдалануға басымдық береді», — деді кездесуде Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек.

Мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік фестиваль өтті
  • Жастармен өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды
  • Шымкентте көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар табысталды
  • Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасалды
  • Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министірімен телефон арқылы сөйлесті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер