
Қоғамның тұрақты дамуы мен демографиялық өсімінің басты кепілі — берекелі отбасы. Ал көпбалалы аналар — елдің демографиялық және әлеуметтік әлеуетін арттырушы ерекше топ. Қазақстан Республикасында мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға жан-жақты әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде. Бұл — мемлекеттің отбасылық құндылықтарды қорғау, аналық еңбекті мойындау және өмір сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Шымкент – көп балалы аналар саны жөнінен республикада алдыңғы қатарда. Бұл – қаланың әлеуметтік ахуалының тұрақтылығын, тұрғындардың отбасылық құндылықтарға деген көзқарасының биіктігін көрсетеді.
Бүгін Шымкент қаласында көп балалы аналар салтанатты түрде марапатталды. Мегаполистегі 300-ден астам ана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік марапатқа ие болды.
Ел болашағына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетіліп, 101 ана «Алтын алқамен» марапатталды, 200 анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табыстылды.
Жауапты мамандар ұрпақ тәрбиелеп, елдің демографиялық өсіміне зор үлес қосып жүрген аналарға ізгі тілектерін арнады, асыл жандардың әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді. Шара соңында ұйымдастырушылар аналарға гүл шоқтарын табыстап, мерекелік концерт қойды. Бұл күн – тек марапаттау рәсімі ғана емес, аналардың қоғамдағы орнын, олардың еңбегінің өлшеусіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеген мейірім мен ризашылық мерекесіне айналды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 39 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Олардың ішінде 4 мыңға жуық ана «Алтын алқа» иегері болса, 12 мыңға жуық ана «Күміс алқа» тағынған. Бұл көрсеткіш мегаполистегі демографиялық өсімнің тұрақты екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан көп балалы аналарды әлеуметтік қолдау бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақы тағайындау, балалардың білім және денсаулық саласындағы қажеттіліктерін өтеу секілді кешенді шаралар бар.
Қазақстанда 4 және одан да көп баласы бар әйелдер көпбалалы ана ретінде есептеледі. Мұндай аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақылар мен жеңілдіктер түрлері жыл сайын кеңейіп келеді.
Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларға балалар санына қарай сараланған мемлекеттік жәрдемақы төленеді:
• 4 бала – 63 030 теңге;
• 5 бала – 78 798 теңге;
• 6 бала – 94 565 теңге;
• 7 және одан көп бала – 110 336 теңге.
Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл аналардың өмірлік еңбегі мен ұлт болашағына қосқан үлесін мойындаудың айқын белгісі.
Ананың еңбегін дәріптеу — рухани құндылық. Елде жыл сайын аналар мерекесінде үздік көпбалалы аналарға құрмет көрсетіледі, олардың табысты өмір жолы бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталады. Мұндай іс-шаралар арқылы қоғамда ананың рөліне деген құрмет артып, жастарды отбасы құндылығын сақтауға тәрбиелеу жүзеге асады.
Көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау — мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты. Бұл тек материалдық көмек емес, аналардың өмір сапасын арттыруға, олардың балаларымен бірге толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін жүйелі шара. Аналардың еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы беделін көтеру — ұлттық рух пен бірліктің көрінісі. Себебі ананың алақаны — елдің жүрегі, ұлттың тірегі.
