
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.
Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.
– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар америкалық сенатор Стив Дэйнсті қабылдауда қазақ-америка қатынастарын нығайтуға парламенттік дипломатияның қосқан үлесі талқыланды.
Президент АҚШ сенаторының Қазақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі.
Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенаторды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Қазақстан Президенті John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен де кездесті. Бұл ретте Президент John Deere компаниясымен серіктестікті саланы дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атады.
Мемлекет басшысы John Deere компаниясының Қазақстанның «Агромаш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған техника өндірісінің локализациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.
Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен астам техника құрастырылған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады. Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың John Deere ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады.
Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары барысында The Washington Post және The New York Times секілді америкалық танымал басылымдарға сұхбат берді.
Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастыққа, Америкаға сапарының мәні мен маңызына, Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатқа, әлемдегі геосаяси жағдайға, Украина төңірегіндегі ахуалға және басқа да мәселелерге қатысты ойымен бөлісті.
