
Шымкент бүгінде тек оңтүстіктің рухани орталығы ғана емес, өндіріс пен инновацияның да жаңа айнасына айналып келеді. Қала экономикасының қуаты жыл сайын артып, заманауи зауыттар мен кәсіпорындар мегаполис келбетін түбегейлі өзгертуде. Солардың ішінде ерекше көзге түсетіні – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Ultra Technology» кәсіпорны. Бұл өндіріс орны еліміздің қорғаныс және медициналық саласына қажетті жоғары сапалы құралдар шығарып, халық қауіпсіздігіне сүбелі үлес қосып отыр.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков зауытқа арнайы барып, өндіріс барысымен танысты. Әкім кәсіпорынның инновациялық бағыты мен еңбек ұжымының еңбегін жоғары бағалап, қала әкімдігі өндіріс пен технологиялық жобаларды дамытуға әрдайым қолдау көрсететінін айтты.
Компанияның тарихы табандылық пен еңбектің көрінісі іспетті. 2011 жылы Шымкент қаласында ТОО «KAZSIZ» атауымен негізі қаланған кәсіпорын алғашында небәрі бес қызметкермен жұмыс бастаған. Ол кезде зауыт жылына 50 мыңға жуық респиратор өндіріп, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» мен «Қостанай минералдары» секілді ірі компанияларды өніммен қамтыды.
Бірнеше жылдың ішінде кәсіпорын өндіріс қуатын арттырып, 2014 жылы жұмыс көлемін екі есеге ұлғайтты. Ал 2017 жыл компания тарихындағы маңызды белес болды, дәл сол жылы формалы респираторлар өндірісі жолға қойылып, жылына 1 миллионнан астам респиратор мен 140 мың формалы бұйым шығарылды.
2020 жылы «Ultra» сауда белгісімен жаңа буын формалы респираторлар іске қосылды. Осы кезеңде кәсіпорынның штатында 30-ға жуық адам еңбек етіп, жылдық өндіріс көлемі 3 миллион дана өнімге жетті. Сол тұста компанияның тұрақты серіктестері қатарында «Alina Group», «Стандарт Цемент», «KSP Steel», «YDD Corporation» және басқа да ірі өнеркәсіп орындары болды.
2021 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жаңа кәсіпорын – «Ultra Technology» ЖШС ресми түрде құрылды. Ал 2022 жылдың қарашасында зауыт толық қуатта іске қосылып, бір жылдың ішінде 7 миллионнан астам респиратор өндірілді. Қазір мұнда 40-тан астам маман еңбек етеді. Компанияның жаңа серіктестері қатарында «Қазақмыс корпорациясы», «HeidelbergCement Kazakhstan», «Казатомпром», сондай-ақ Ресейдің Кузбасс өңіріндегі «ПроСибирь» кәсіпорны бар. 2023 жылдың сәуірінен бастап өнім «АрселорМитталТеміртау» компаниясына да жеткізіле бастады.
Қазіргі таңда зауыт жылына 10 миллионнан астам жеке қорғаныс құралдарын шығаруға қауқарлы. Мұнда медициналық маскалар, сүзгіштер, аэрозольге қарсы және өнеркәсіптік респираторлар өндіріледі. Барлық өнім халықаралық стандарттарға сай, сапасы мен сенімділігі жоғары.
Иә, бүгінде Шымкент тек мәдениет пен сауданың ғана емес, инновация мен индустрияның ордасына айналып отыр. «Ultra Technology» сияқты кәсіпорындар – сол жаңа дәуірдің жарқын дәлелі.
