
Шымкент – өндіріс пен инновацияны қатар дамытып келе жатқан ірі мегаполис. Қаладағы индустриялық аймақтар бүгінде жаңа тыныс алып, ел экономикасына серпін беруде. Соның жарқын дәлелі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent Qagazy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл зауыт қағаз бен картон өнімін өзімізде шығарып, импортты алмастыру ісінде маңызды рөл атқарып отыр.
Көпшілік біле бермейтін бұл өндіріс ошағы бүгінде Шымкенттің мақтанышына айналуда. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіпорынның жұмысымен арнайы барып танысты. Ол зауыттағы цехтарды аралап, өндіріс барысын көрді, мамандармен тілдесті. Әкімге өнімнің сапасы мен өндірістік қуаты таныстырылды.
Зауыт жылына 10 мың тоннаға дейін гофрленген қағаз бен картон өнімдерін шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіш еліміздің ішкі нарығы үшін елеулі нәтиже. Өйткені бұған дейін мұндай өнімдердің басым бөлігі шетелден әкелінетін. Енді өзіміздің өнім отандық нарыққа шығып, жергілікті кәсіпкерлердің сұранысын өтеп отыр.
Қазіргі таңда зауытта 25 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз ісінің маманы. Тәжірибелі инженерлер мен еңбекқор жұмысшылардың арқасында өндіріс ырғағы бір сәт те тоқтаған емес.
Кәсіпорынның тағы бір артықшылығы – экологиялық жауапкершілік. Мұнда қағаз қалдықтары мен макулатура қайта өңделіп, жаңа өнім түріне айналады. Қалдықсыз өндіріс жүйесі табиғатты қорғауға бағытталған. Бұл – заманауи экологиялық стандарттарға сай, таза әрі тиімді технология.
– Біз шикізат ретінде тұрмыстық және өндірістік қағаз қалдықтарын пайдаланамыз. Осы арқылы табиғатқа зиян тигізбей, қайта өңдеу мәдениетін дамытамыз, – дейді зауыт өкілдері.
«Shymkent Qagazy» өнімдері бүгінде сапасымен ерекшеленеді. Картон мен қағаздың беріктігі, экологиялық тазалығы, стандартқа сай өңделуі кәсіпорынның бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Келешекте зауыт өнімін еліміздің басқа өңірлеріне, тіпті шетел нарығына да шығару жоспарда бар. Мұндай кәсіпорындардың ашылуы – Шымкенттің экономикалық қуатын арттырумен қатар, экологиялық мәдениетті де қалыптастырып отыр. Қалдықты қайта өңдеп, жаңа өнімге айналдыру – заманауи қоғамның басты талабы. Ал Шымкент бұл бағытта нақты қадам жасап келеді.
Шымкент – тек сауда мен қызмет көрсету орталығы емес, ол біртіндеп өндіріс пен инновацияның ордасына айналуда. Ал қағаз бен картон шығаратын зауыт, сол үлкен өзгерістің нақты айғағы.
