Жұмысшы мамандықтар жылы – еліміздің еңбек нарығындағы өткір мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған ауқымды бастама. Жастардың техникалық және өндірістік салаға бет бұруын арттыру, жұмыссыздықты төмендету және еңбекке адал көзқарасты қалыптастыру – осы бастаманың басты мақсаттары. Жұмыс орындарын көбейту, шетелдік инвесторлар тартқан өндірістерге отандық мамандарды даярлау, жастарды кәсіптік біліммен қамту сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінде тұр. 2025 жыл — еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін жұмысшы мамандықтардың жылы ретінде ерекше маңызға ие. Елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік тұрақтылығы – кәсіби шеберлігі жоғары мамандардың қолында. Сондықтан мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға басымдық беріліп отыр.
Шымкент қаласында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып, нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізілуде. Әсіресе, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының жұмысы жанданып, онда білім алатын студенттердің саны мен сапасы артып келеді.
«Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру - тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Жастарды нақты өндіріске, заманауи зауыт-фабрикаларға тарту арқылы біз өңірдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз. Мемлекет басшысының жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» - бұл еңбек адамына құрмет пен қолдау, халқы тығыз орналасқан біздің шаһарымыз үшін аса маңызды. Ал осы жұмысшы мамандарын даярлайтын колледжердің жұмысына бұл бастама тың серпін беріп, талай колледжің бойына қайта қан жүгіртті. Жұмысшы мамандықтарының жаңа дәуірі басталды. Жалпы айтқанда Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімі жұмысшы мамандықтарының экономикадағы маңыздылығын арттыру, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатымен байланысты. Сондай-ақ, бұл қадам елдегі кадр тапшылығы, индустриализацияның дамуы және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру қажеттілігінен туындады. Осы бастама аясында біздің колледжде де ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде Үкіметтің қаулысымен арнайы тұжырымдама бекітілді. Сол тұжырымдама аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы өткізген іс-шараларымыздың бірін айтатын болсам құрылысшылар күніне арналған көрме ұйымдастырдық. Аталған іс-шарада құрылыс саласының мамандары дәріптеліп, техникалық және кәсіптік білім беру саласы насихатталды. Қазақстанда жұмысшы мамандықтары біраз уақыт бойы төмен бағаланып келді. Өйткені жоғары білім алу және басқарушылық қызметтерге ұмтылу басым болды. Әсіресе тәуелсіздік жылдарынан кейін «жоғары білімі болмаса күнін көре алмайды, табысқа жете алмайды, мансаптық өсуі болмайды» деген түсініктер халық санасында терең қалыптасып кеткен болатын. Кейінгі уақыттары жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артуы, халық санасында қалыптасқан теріс пікірді бұзып, ата-аналар, ұстаздар тарапынан өскелең ұрпаққа мамандық таңдау жағынан жақсы бағыт беріп жатыр. Бүгінде посткеңестік елдерде жұмысшы мамандықтары қайта бағаланып, сұраныс артып келеді және олардың әлеуметтік мәртебесі де өсуде. Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарды насихаттау, техникалық колледждерге қолдау көрсету арқылы аталған салада оң өзгерістер байқалуда. Оған себеп индустрия, автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларының дамуы жұмысшы мамандықтардағы қажетті дағдылар мен талаптарды өзгертуінде жатыр. Қазір колледжді бітіріп те, өзінің кәсібін дөңгелетіп, я болмаса үлкен компанияларда білікті маман болып табысын тауып, мансаптық жолмен өсіп жатқан жандар баршылық. Біз осындай түлектерімізді студенттерге үлгі етіп жүреміз»,- дейді М.Өтебаев атындағы жоғары және жаңа технологиялар колледжі директорының орынбасары Сейілхан Кендірбаев.
Соңғы 5 жылда дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын колледж студенттерінің саны екі есеге өсті. Бұл жүйені енгізудің арқасында студенттердің практикалық білім алуына баса назар аударылады. Колледждер студенттерге зауыттар мен фабрикаларда оқуға мүмкіндік беретін кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатады. Оқытудың бұл форматы практикалық жұмыс тәжірибесі бар білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Биыл Қазақстанда дуалды оқыту жүйесінің енгізілгеніне 13 жыл толғанын атап өтейік. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқыту жүйесіне қатысатын студенттердің саны 135 мыңға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 мыңға артық. Қазіргі таңда елімізде 552 колледж және 18 мыңнан астам кәсіпорын дуальды жүйеге қатысып жатыр. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс, энергетика, IT және сервис салаларындағы кәсіпорындар бар. 2024 жылы дуальды форматта оқуын тәмамдаған 30 мыңнан астам түлектің 71 пайызы қазіргі таңда еңбек қызметіне кіріскен. Ал 2027 жылға қарай дуальды оқумен қамтылған студенттердің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Шымкенттегі іргелі оқу орны да аталған жүйенің игілігін көріп отыр. «М.Өтебаев атындағы жоғары және жаңа технологиялар колледжінде техникалық және гуманитарлық бағыттағы мамандықтар бар. Оның ішінде ІТ саласы бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер мамандығы бар. Құрылыс, сәулет саласында техник-құрылысшы, жобалаушы, архитектор сынды мамандықтарды оқытамыз. Сондай-ақ, гуманитарлық бағытта заңгер, экономист, бухгальтер мамандықтары бар. Техникалық мамандықтардың барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады. Оларға соңғы жылдардың өзінде 25 пайыздан 50 пайызға дейін шәкіртақыларын көбейтіп, барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Сонымен қоса студенттерге колледждерде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Айталық ыстық тамақ беріледі. Дуальды білім беру жүйесі бойынша қазір бізде 300-ге жуық студенттер оқытылып жатыр. Ондағы құрылыс саласы, су шаруашылығының мамандары және электр энергиясы саласы бағытында оқып жатқан студенттер теория пен практиканы ұштастырып отыр. Қаладағы «Ай сервис» ЖШС-мен дуальды оқыту жүйесі бойынша келісімшартқа отырғанбыз. Студенттеріміз колледж базасында алған теориялық білімдерін өндірісте тәжірибемен ұштастырып отырады. Бұл оқыту жүйесі болашақ маман иелелеріне нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге мүмкіндік береді. Дуальдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз. Дуальды оқыту жүйесіне көшкенде қандай артықшылықтарды байқадық: Біріншіден: бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игеріп, меңгерген жұмысшы маман болады. Екіншіден: білімді болашақ жұмысшы маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Өндірісте болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізеді және өндірістегі жұмыстарға бейімделеді. Үшіншіден: «Тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүреді, оқушы теориялық, яғни текстпен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаяттарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теориядағы қиындық келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді.Төртіншіден: жұмыс берушінің білім алушыға берген бағасы дайындалған маманның біліктілігімен байқалады. Алғашқы күннен бастап ұзақ уақыт өндірісте жұмысшы болған білім алушы, өзінің білімі мен ынтасын көрсетеді. Бесіншіден: теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді. Осындай кезеңдерден өткен студент теориядан тәжірибеге нық сеніммен қадам басып өз міндеттеріне жауапкешілікпен қарайды деп сенеміз.Сонымен қатар әлеуметтік серіктестерден өндірістік машықтану кезінде үйреніп, тәжірибелі мамандардан жаңа жабдықталған технологияларда жұмыстар жасайды. Біздің басты бағытымыз – өзінің туған жері мен елін сүйетін, білімді де білікті, ұтқыр ойлы ұрпақтар тәрбиелеу. Шәкірттеріміз сапалы білім алып, отанға деген патриоттық сезімін, еліне деген сүійспеншілігін еңбек нарығында кәсіби маман ретінде көрсетсе дейміз»,- деген колледж өкілі түлектердің 84 пайызы жұмыспен қамтылып отырғанын жеткізді.
Жұмысшы мамандар деп- кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтарды айтамыз. Демек кәсіби білім алу арқылы белгілі бір мамандықты шебер игерген адамды жұмысшы мамандық иесі дейміз. Осындай мамандық иесін дайындау үшін теориялық білімнен гөрі практикалық үйретуге басымдық берген жөн.
Цифрлық сауаттылық – цифрлық технологияларды және интернет ресурстарын қауіпсіз және тиімді пайдалану үшін қажет білім мен дағдылардың жиынтығы. Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады. Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Қазіргі таңда Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды цифрлық жоба іске асып жатыр. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Бүгінде колледждерде «Ақылды зертхана», «Цифрлық өндіріс», «Робототехника» кабинеттері ашылып, заманауи жабдықтармен қамтылуда. Бұл студенттерге жаңа технологияларды қолдануды үйретіп қана қоймай, инновациялық ойлау қабілетін қалыптастырады. Цифрландырудың артынша білім саласына жасанды интеллект дәуірі еніп келе жатыр. «Мен биыл халыққа Жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз»,- деген еді Мемлекет басшысы форум басында. Колледж өкілі бұл бастама кәсіптік білім беретін оқу орындарына жаңа леп әкелетініне сенімді. «Технология – біздің басты бағыттарымыздың бірі және білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Ол ұстаздарға оқыту әдістерін жетілдіруге, студенттерге жаңа білімді оңай әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік береді. Технологиялық құралдар шәкірттердің шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, ақпаратты іздеу және талдау дағдыларын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ онлайн платформалар мен қосымшалар арқылы оқыту үдерісі анағұрлым икемді әрі қолжетімді бола түседі.Алайда таяқтың екі ұшы бар дегендей, интернет, жасанды интеллекттің пайдалы жағы да, зиянды жағы да бар. Әрине оны дұрыс пайдалансаң қажетіңе жарайды. Жасанды интеллект деген технологиялық серпіннің символы болып тұр ғой. ChatGPT қосымшасын күнделікті қолданып жүрміз. Жаңа технологияны қажетімізге пайдаланып жүрміз. Менің ойымша бұл қосымшаны қанша пайдаланғанымен ол мықты маманды алмастыра алмайды. Жасанды интеллектіні үйрену, соңғы технологияларды игеру, цифрлық құралдарды пайдалану қазіргі заманның талабы. Сондықтан кез-келген маман оны игеріп, өзінің кәсібіне, пайдасына дұрыс қолданса құба-құп. Мен өзім ІТ саласы маманы болғаннан кейін маған бұл құрылғыларды, бағдарламаларды пайдалану оңай әрі тиімді. Арнайы қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ немесе банк мекемесіне бармай-ақ мобильді қосымшалар арқылы өзімнің жұмысымды оңай, жылдам тындыруға мүмкіндік алып отырмын. Сол секілді әрбір маман, студенттер, жастар жаңа технологияны өз игілігіне, елінің пайдасына жарата білсе біздің басты мақсатымыздың орындалғаны. Себебі Президенттің өзі жасанды интеллект тек бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп атап өтті емес пе? Біз студенттерге осыны да ұғындырып отырмыз. Жалпы жасанды интеллект студенттерге сапалы, мықты маман болуға, жаңа қырларын ашуға септігін тигізеді деп ойлаймын»,- дейді Сейілхан Сайыпназарұлы.

Оңай олжаға қызығу, жедел несие алу, қарызға тәуелді болу – жастар арасында жиі кездесетін жағдай. Мұндай әдет адамды қаржылық тәуелсіздіктен айырып, қиын жағдайға душар етеді. Сондықтан жастар қарызсыз қоғам құру үшін әрбір азамат жауапты болуды үйренуі керек. Жоспарлы шығын, еңбекпен келген табыс және жинақ мәдениеті – қарызсыз қоғамға апаратын басты жол. Жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Ақшаны дұрыс басқару, табысты жоспарлау, шығынды бақылау – әрбір азаматқа қажет дағдылар. Жастардың өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен қаржылық тәртіпке негізделуі қажет. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек уақытша демеу болса, қаржылық сауаттылық – болашаққа сенімді қадам. Бұл бағыттағы тренингтер мен курстар колледж бағдарламасына енгізіліп, студенттерге нақты өмірлік тәжірибе беруде. «Қаржылық сауаттылық қазіргі таңдағы өте өзекті мәселенің бірі. Жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжа тапқысы келеді. Жанын қинап, ауыр жұмыстарды істегісі келмейді. Еңбек етіп, жауапкершілік алғысы келмейді. Осындай жеңіл ойдың салдарынан қарызға батып, букмекерлік кеңседен шықпайтын жастардың қатары көбейді. Жеңіл ақша табудың соңы масылдыққа, лудаманияға әкеліп соқтыруда. Осындай жат әдеттен сақтану үшін колледж қабырғасында кураторлық сабақтар, арнайы мамандарды шақыртып, семинар-кеңестер, басқа да іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Қазір алаяқтық, киберқауіпсіздік деген қатты күш алып кетті. Солардың барлығын алдын алу мәселесі бойынша біз студенттермен үнемі жұмыс жасап отырамыз. Себебі біздің мақсатымыз - мықты мамандарды даярлау ғана емес, адал, еңбекқор жастарды тәрбиелеу»,- дейді директор орынбасары.
Жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеру жолында колледж ұжымы аянбай еңбек етуде. Мемлекет басшысының халқымызға арнаған Жолдауы ел дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, жұмысшы мамандығының беделін де көтерді.
Алдағы уақытта әлемдегі еңбек нарығы өзгерістерге ұшырап, жаңа талаптар туындайды. Цифрландыру мен автоматтандырудың өркендеуі көп салаларда адам еңбегін алмастыратын жаңа технологиялар мен жүйелерді әкелетіні белгілі. Бірақ бұл өзгерістердің арасында жұмысшы мамандықтардың маңызы артады. М.Өтебаев атындағы жоғары және жаңа технологиялар колледжі өз түлектерін дәл осы өзгерістерге бейімдей отырып, олардың заманауи техникалық дағдылар мен практикалық тәжірибені меңгеруіне жағдай жасап отыр. 2025 жылы энергетика, құрылыс, ақпараттық технологиялар және басқа да саладағы жұмысшы мамандар өздерінің құзыреттері мен білімі арқылы қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді. Мысалы, қазіргі уақытта жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық құрылыс саласына деген сұраныс артып келе жатыр. Шымкент қаласы сияқты индустриалды аймақтарда жұмысшы мамандар жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуде басты рөл атқарады.
М.Өтебаев атындағы жоғары және жаңа технологиялар колледжі өңірдегі ең беделді оқу орындарының бірі ретінде жұмысшы мамандықтарға деген жаңаша көзқарасты қалыптастыруда жетекші рөл атқаруда. Оқу орны келесі бағыттар бойынша жұмыс атқарып келеді: Заманауи оқу бағдарламалары: Оқу жоспарларын нарықтың талаптарына сай бейімдеп, жаңа технологияларды енгізуде. Материалдық-техникалық база: Оқу шеберханалары мен зертханаларды жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы білім алушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік беруде. Жұмыс берушілермен әріптестік: Аймақтағы жетекші компаниялармен тығыз байланыс орнатып, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуде және оларды жұмыспен қамтуға көмектесуде. Түлектерді қолдау: Колледжден түлеп шыққан мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Колледж олардың мансап жолында сәтті қадам жасауына барынша жағдай жасап отыр.
Колледждің оқу бағдарламаларын, материалдық-техникалық базасын және мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында оқушылар мен ата-аналарға ашық есік күндері өткізілуде. Бұл шара аясында оқу шеберханалары мен зертханалары көрсетіліп, жұмысшы мамандықтардың тартымдылығы мен перспективалары туралы ақпарат беріледі. Энергетика және құрылыс саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылып келеді. Бұл шара студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға, саладағы заманауи талаптармен танысуға және өз шеберліктерін арттыруға бағытталған. Аймақтағы ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып, түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында мамандық жәрмеңкелері өткізіледі. Бұл шара жұмыс берушілер мен студенттер арасында тікелей байланыс орнатып, еңбек нарығындағы сұраныстарды түсінуге мүмкіндік береді.
Жұмысшы мамандықтар – тек ауыр еңбек емес, ол шығармашылық, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала. Әсіресе энергетика мен құрылыс салалары тұрақты табыс көзі ғана емес, еліміздің өркендеуіне қосқан үлкен үлес болып табылады.
