Шымкентте құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыт салынады

image.png

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында «Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы қажет», – деп атап өткен болатын. Осы орайда Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты даму үрдісін көрсетіп отыр. Бұл – инвестиция тарту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі.  Ағымдағы  жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Шымкент қаласына тартылған инвестиция көлемі 360 миллиард теңгені құрады. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға артық көрсеткіш дейді салаға жауапты мамандар. Бұл үрдіс – Шымкенттің инвестициялық тартымдылығының артқанын, қалада бизнесті дамытуға қолайлы жағдайдың қалыптасқанын көрсетеді. Инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуі экономиканың әртүрлі салаларын дамытуға жол ашып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде.

    Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Selena Group» холдингінің өкілдерімен кездесу өткізді. Бұған дейін тараптар инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылаған болатын. «Selena Group» – құрылыс химиясын өндіретін әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялардың бірі, сондай-ақ қазақстандық нарықта тұрақты орны бар.

Кездесу барысында Шымкент қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытты дамытуға қатысты егжей-тегжейлі мәселелер қаралды, сонымен қатар өндірісті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жолдары талқыланды. Жобаның жалпы құны 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 150 мың тонна өнімді құрайды. Нысан құрылысы кезінде 50-ге жуық жұмыс орны ашылса, зауыт іске қосылғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.

     Өндірісті іске қосу келесі жылдың көктеміне жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін арттыруға және қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға ықпал етеді. 

    Айта кетейік,  «Selena Group» – бұл жаһандық компания. Бас штаб пәтері Польшада орналасқан. Құрылыс химиясы өнімдерін шығаратын польшалық холдингтік компания әлемдік полиуретанды көбікті өндіру көлемі бойынша үш жетекші компаниялардың бірі болып табылады. Компания еліміздегі өз жұмысын 2002 жылы дайын өнімдерді жеткізумен бастады. «Selena Group» өнімдері Қазақстан нарығында төрт сегмент – полиуретан көбік, құрылыс желімі, қымтақ және көбікті желім бойынша берік жетекшілік орындарды алып отыр. Қазақстанның 8 қаласында компанияның өкілдіктері бар. Ал әлем бойынша 15 өндірістік кәсіпорынға ие, соның ішінде Астанадағы зауыт та бар. «Selena Insulations» зауыты – тікелей шетелдік инвестицияларды қазақстандық экономиканың шикізаттық емес секторына тарту жөніндегі мемлекеттің саясатын дәйекті жүзеге асырудың нәтижесі. Компания үшінші мегаполистегі ең тартымды инвестициялық бағыттардың бірі болуға мүдделі. Жобаның жүзеге асуы Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ғана емес, Шымкенттің заманауи индустриялық базасын қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

     Ел Үкіметі бекіткен декомпозицияға сәйкес, 2025 жылы Шымкентке 1 триллион 54 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Сонымен қатар, 2025–2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінде 112 кәсіпорын ашу көзделуде. Бұл жобаларға 406 миллиард теңге инвестиция тартылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Аталған бес жылдық пулды жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 73 миллиард теңгені құрайтын 22 кәсіпорын іске қосылады. Оның нәтижесінде 1,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Солардың ішінде 2025 жылдың наурыз айында «QazAlPack» ЖШС-нің алюминий қаптамасын өндіретін зауыты пайдалануға берілді. Жобалардың жүзеге асырылуы өнеркәсіп өнімін 50 миллиард теңгеге ұлғайтуға және экспорт көлемін 18 миллион АҚШ долларына дейін арттыруға мүмкіндік береді.

     Инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өнеркәсіптік алаңдарда инфрақұрылымы дайын жер телімдері ұзақ мерзімге жалға ұсынылады. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер төмендетілген тарифпен көрсетіліп, арнайы экономикалық аймақ резиденттеріне салықтық жеңілдіктер беріледі.

     Қазіргі таңда қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын 7 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұр. Оның ішінде аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» және 132 гектарлық «Бозарық» индустриалды аймақтары 2024 жылы пайдалануға берілді.

    Бүгінде Шымкентте инвесторлармен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік беретін көпдеңгейлі инфрақұрылым қалыптасқан. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті бастамашыларға келісімшарттарға қол жеткізуде қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 24 қаңтардағы №248 қаулысымен «Shymkent Invest – Front office» инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау орталығы» ЖШС құрылды. Орталықтың негізгі міндеттері – қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған аналитикалық зерттеулер жүргізу, инвесторларға қызмет көрсету, қаланың инвестициялық имиджін нығайту, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен тиімді өзара іс-қимыл ұйымдастыру.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбекші ауданының сала үздіктері марапатталды
  • Еңбек әулеті – ұрпаққа үлгі
  • Шымкентте құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыт салынады
  • Жасанды интеллект – бәсекеге қабілетті ел болудың кепілі
  • Сарапшылар Шымкенттегі өзекті мәселелерді талқылады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер