Жасанды интеллект – бәсекеге қабілетті ел болудың кепілі

image.png

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) құралдарының мүмкіндігі күннен-күнге артып келеді. Әсіресе инклюзивті білім беру саласында жасанды интеллект ерекше рөл атқаруда. Ол мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуына, оқу процесіне толыққанды қатысуына және жеке қабілеттерін дамытуына жол ашады.

Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде жаппай цифрлық ел болу бастамасын көтерді. Ол үшін «Цифрлық кодексті» қабылдап, «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін» құру, экономика және білім саласына соңғы технологияны енгізуді тапсырды. «Жасанды интеллект – заман талабы. Қазақстан бұл салада бәсекеге қабілетті ел атануы керек». Президент Жолдауына қатысты шымкенттік ғалымдар осындай пікір білдірді. 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да Орталық Азия Өңірлік Экономикалық Ынтымақтастық (CAREC) институтымен бірлескен «Инклюзивті білім беру үшін жасанды интеллектті пайдалану: CAREC өңірі үшін масштабталатын модель» тақырыбында халықаралық іс-шара өтуде. Бірлескен халықаралық ғылыми конференцияға жасанды интеллект және инклюзивті білім беру саласындағы халықаралық (АҚШ, Хорватия, Чехия, Орталық Азия өңірі университеттерінің ректорлары, проректорлары, профессор-оқытушылар құрамы) және отандық сарапшылар қатысып жатыр.

Іс-шараның мақсаты – жасанды интеллект технологияларын инклюзивті білім беруге бейімдеу, аймақ елдері арасында тәжірибе алмасу және білім беру саясатын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу. Халықаралық жиын барысында сарапшылар Өзбекәлі Жәнібеков орталығын, инклюзивті аудиторияларды, кітапхананы және ғылыми көрмелерді аралап, университеттің цифрлық бастамаларына жоғары баға берді.

Іс-шарада ЖИ технологияларын білім беру үдерісіне енгізудің болашағы мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланады. Бұл халықаралық іс-шара инклюзивті білім мен жасанды интеллекті біріктіру арқылы CAREC өңірінде сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жәнібеков университеті осындай бастамалар арқылы аймақтық және жаһандық білім кеңістігінде инновациялық көшбасы ретінде танылып келеді.

Бүгінге жоспарланған ғылыми конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Жарасова ашып берді. Одан әрі отандық және халықаралық сарапшылар баяндама жасап, өз зерттеулерін таныстырды.

Жасанды интеллект инклюзивті білім беруде бірнеше бағытта қолданылады:

1. Бейімделген оқыту жүйелері – оқушылардың жеке ерекшеліктері мен оқу қарқынына сәйкес тапсырмаларды автоматты түрде реттейді. Мысалы, оқу қиындықтары бар балаларға мәтінді жеңілдетіп беру немесе дыбыстық түсіндірмелер қосу мүмкіндігі бар.

2. Сөйлеуді тану және аудару технологиялары – есту қабілеті шектеулі оқушылар үшін автоматты субтитр, ал көру қабілеті шектеулі балалар үшін мәтінді дыбыстық түрге айналдыру функциялары тиімді.

3. Ақылды ассистенттер мен чат-боттар – ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға оқу материалын түсіндіруде көмекші құрал ретінде қолданылады. Олар сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындауға бағыт-бағдар береді.

4. Эмоциялық интеллект жүйелері – оқушылардың психоэмоциялық жағдайын бақылап, мұғалімге кері байланыс береді. Бұл инклюзивті ортада жеке қолдау көрсетудің сапасын арттырады.

Қазақстанда да инклюзивті білім беруді цифрландыруға баса назар аударылып отыр. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылға дейін барлық өңірлерде инклюзивті білім беруді қолдайтын цифрлық платформалар мен ЖИ негізіндегі оқыту құралдарын енгізу жоспарланған. Бірқатар мектептерде «Smart Class», «BilimLand», «Daryn.online» сияқты платформаларда жасанды интеллект элементтері қолданыла бастады.

Сонымен қатар, Шымкент, Астана және Алматы қалаларында инклюзивті мектептерде арнайы бағдарламалық жасақтама арқылы көру және есту қабілеті шектеулі балаларға арналған интерактивті сабақтар өткізілуде.

Жасанды интеллектті тиімді пайдалану үшін педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру, инклюзивті білімге арналған ұлттық деректер қорын қалыптастыру және ЖИ жүйелерін қазақ тіліне бейімдеу маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар елдегі білім теңдігін қамтамасыз етуге және әр балаға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Инклюзивті білім беру – адам құқықтарының, тең мүмкіндіктердің және әлеуметтік әділдіктің көрінісі. Ал жасанды интеллект – осы қағидаларды жүзеге асырудың жаңа құралы. Оны дұрыс пайдалану арқылы Қазақстан қоғамы баршаға қолжетімді, әділ және заманауи білім беру жүйесін қалыптастыра алады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Еңбекші ауданының сала үздіктері марапатталды
  • Еңбек әулеті – ұрпаққа үлгі
  • Шымкентте құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыт салынады
  • Жасанды интеллект – бәсекеге қабілетті ел болудың кепілі
  • Сарапшылар Шымкенттегі өзекті мәселелерді талқылады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер