Әрбір мамандықтың өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. Ал инженер-электрохимик болу терең білім мен дәлдікті, табандылық пен ұқыптылықты қатар талап ететін ерекше сала. Бұл кәсіп иесі әр процестің мінсіз жүруін, өндіріс тізбегінің еш іркіліссіз орындалуын қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, инженер-электрохимик өндірістегі тұрақтылық пен сапаның кепілі. Осындай күрделі де қызықты мамандықты өмірлік жолы еткен жандардың бірі, өз ісіне адал, еңбекқор, абыройлы маман Надежда Пидгородецкая.
Надежда Пидгородецкая 1962 жылы 22 мамырда Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ ол ұқыптылығымен, зеректігімен, және жаңа нәрсені үйренуге деген ерекше құштарлығымен ерекшеленген. 1979 жылы Лермонтов атындағы №17 орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы-ақ арман жетегінде Қазақ ауыл шаруашылығы институтының «инженер-электрохимик» мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдары Надежда тек біліммен шектелмей, ғылыми жобалар мен тәжірибелік сабақтарда белсенділік танытып, ұстаздарының сеніміне ие болады. Институт қабырғасындағы жылдар оның мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттырып, жауапкершілік пен еңбекқорлықты өмірлік ұстанымына айналдырды.
Оқуды аяқтаған соң жас маман жолдамамен Ресейдің Кемерово қаласындағы механикалық зауытқа жіберіледі. Бұл өмірінің жаңа беті еді. Бейтаныс орта, жаңа ұжым, күрделі өндіріс жүйесі. Бірақ ол еш қиналған жоқ. Керісінше, бойындағы білім мен жігерінің арқасында қысқа уақытта өз ісінің шебері атанды. Инженер ретінде ол зауыттағы өндірістік процестерді бақылап, технологиялық жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Алғашқы еңбек жылдары оның кәсіби шыңдалуына үлкен мектеп болды. Кейін ол электроаппарат зауытында хатшы-референт қызметін атқарып, өзіне тән іскерлік қабілетімен көзге түсті. Ұйымдастырушылық қасиеті мен жауапкершілігі жоғары маман ретінде ұжым ішінде сый-құрметке бөленді. Әріптестері оның ұқыптылығын, әдептілігін және адамгершілігін ерекше бағалады.
1988 жылы тағдыр оны туған жері Шымкент қаласына қайта әкелді. Осы жылы Надежда Пидгородецкая май өндіру комбинатына жұмысқа орналасады. Алғашында цехта аппаратшы қызметін атқарып, өндіріс процесін толық меңгереді. Оның негізгі міндеті технологиялық жабдықтардың дұрыс әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және өнім сапасын бақылау болатын. Күнделікті еңбегі жауапкершілікті, мұқияттылықты талап етті. Ол жұмысына бар ықыласымен кірісіп, әр өнімнің сапасына айрықша мән берді.
Отбасында да Надежда үлгілі жар, мейірімді ана атанды. Жолдасымен бірге екі перзент тәрбиелеп, оларға адалдық пен еңбектің қадірін ұғындырып өсірді. Перзенттерін дүниеге әкеліп, аналық міндетін абыроймен атқарған соң, ол еңбекке қайта оралып, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін дәлелдей түсті. Цехта арнайы киіммен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп, ұжым мүшелерінің қауіпсіздігі мен жайлылығына жауапты болды. Уақыт өте келе дайындық цехына ауысып, фильтрация аппаратшысы, одан соң рушалдық қондырғы машинисі қызметтерін абыроймен атқарды. Қай істі қолға алса да, оны ұқыптылықпен, талапшылдықпен орындап, нәтижесінде ұжымның сеніміне ие болды.
2013 жылдан бері Надежда Пидгородецкая дайындық цехының мастері қызметін атқарып келеді. Бұл кезең оның кәсіби дамуының, өмірлік тәжірибесінің ең биік белесі. Ол өз ұжымында беделді де сыйлы басшы. Әріптестері оны сабырлы мінезі, парасатты шешімдері және әділдігі үшін ерекше құрметтейді. Цехтағы тәртіп пен сапаны басты назарда ұстайтын ол әр жұмысшының еңбегін бағалап, ұжымда жылы атмосфера орната біледі. Оның жетекшілігімен атқарылған жұмыстар әрдайым жоғары нәтижемен аяқталып, өндіріс көрсеткіштерінің өсуіне ықпал етіп келеді.
Надежда Пидгородецкаяның жалпы еңбек өтілі бүгінде 37 жылды құрайды. Өмірдің сан қырлы сынақтарынан сүрінбей өткен, еңбегімен биікке көтерілген, ұжымына үлгі болған Надежда Пидгородецкая өз ісінің нағыз шебері. Мұндай тұлғалар ел экономикасын алға сүйреп келе жатқан беймәлім батырлар. Өйткені нағыз еңбек ерлері даңқты атақ іздемейді, олардың аты күнделікті еңбектің өзінде жарқырап тұрады.