Кез келген кәсіпорынның табысы ондағы қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен адал еңбегіне байланысты. Әсіресе өндіріс саласында әр детальдің сапасы алтынмен тең. Сол себепті де техника тілін терең түсінетін, қолынан іс келетін шебер мамандардың орны әрқашан ерекше. Осындай өз ісіне берілген, тәжірибелі маманның бірі «Шымкентмай» акционерлік қоғамының қызметкері Михаил Чередниченко.
Михаил Чередниченко 1973 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Балалық шағы еңбекқор адамдардың ортасында өтіп, әр іске ұқыптылықпен қарауды сол кездің өзінде бойына сіңірген. Мектепті 1988 жылы бітіріп, сол жылы техника саласына деген қызығушылығын нақты іске айналдырып, Шымкент энергетикалық техникумына оқуға түседі. Мұнда ол өндіріс жүйесінің құрылымын, техника тілін және оның жұмыс істеу принциптерін жан-жақты меңгереді. Ізденімпаз, еңбекқор студент ретінде ұстаздарының да, группаластарының да ықыласына бөленіп, 1992 жылы оқу орнын үздік тәмамдайды.
Сол жылы жас маман өз еңбек жолын бастайды. «Шымкентмай» акционерлік қоғамына автожүк тиегіш жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан Михаил Чередниченко үшін бұл өмірлік жолдың алғашқы баспалдағы еді. Ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, әр тапсырманы ұқыптылықпен орындады. Қарапайым жүргізуші бола жүріп, техникамен жұмыс жасауды, оның ақауын дәл табуды үйренді. Күн сайын өндірістің бір бөлшегін қозғалысқа келтіріп жүрген бұл еңбек, оған үлкен тәжірибе сыйлады.
1994 жылы ол көлік цехына слесарь-жөндеуші болып ауысады. Бұл шын мәнінде кәсіби шеберлікті қажет ететін күрделі әрі жауапты жұмыс. Михаил Чередниченко осы салада 25 жыл бойы тапжылмай еңбек етті. Сол уақыт ішінде ол тек шеберлігін шыңдап қана қоймай, өз ісіне деген сүйіспеншілігімен ұжым ішінде жақсы беделге ие болды. Оның қолының берекесі мен ұқыптылығы әріптестеріне үлгі, жас мамандарға үйретер өнеге болды.
2019 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі еленіп, слесарь-бригадир қызметін атқара жүріп, көлік цехы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл жауапкершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілетті талап ететін қызмет. Михаил Чередниченко бұл міндетті де абыроймен атқарып, ұжымды бірлік пен тәртіпке баулыды. Ол әріптестеріне әркез бағыт-бағдар беріп, жұмыс сапасын арттыруда бастамашыл болды. Көлік цехының техникалық жағдайын жетілдіру, қауіпсіздік ережелерін сақтау және өндірістегі үнемділік жүйесін енгізу жолында көп еңбектенді.
Жұмыстан тыс уақытта Михаил Чередниченко мейірімді әке, үлгілі отағасы. Жұбайымен бірге үш баласын тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларына ең алдымен еңбектің қадірін, адалдықтың маңызын, жауапкершіліктің биіктігін үйретіп келеді.
2022 жылы ол автожөндеу тобының механигі қызметіне тағайындалып, бүгінде осы лауазымда табысты еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Михаил Чередниченконың жалпы еңбек өтілі 33 жыл. Оның тәжірибесі мен біліктілігі кез келген істің нәтижесін айқындайды десек, қателеспейміз.