Әйелдердің белсенділігі – қоғам дамуының айнасы

image.png

     Қазіргі таңда Қазақстан қоғамы үлкен әлеуметтік және экономикалық өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Елдің болашағы мен өркендеуі азаматтардың белсенділігіне, еңбекке деген көзқарасына тікелей байланысты. Дегенмен, соңғы жылдары қоғамда масылдық, яғни мемлекетке немесе өзгеге арқа сүйеп өмір сүруге бейім көзқарас белең алып келе жатқаны байқалады. Масылдық – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның дамуын тежейтін әлеуметтік дерт. Мұндай көзқарас адамдардың өз еңбегіне деген жауапкершілігін төмендетіп, еңбек құндылығын әлсіретеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бірқатар Жолдауларында: «Біздің мақсатымыз – азаматтарды масылдық психологиядан арылтып, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеу», – деп атап өткен болатын. Мемлекет әлеуметтік қолдау шараларын тек нақты мұқтаж жандарға бағыттауы тиіс. Ал әр азамат өз әлеуетін іске асырып, қоғам игілігіне үлес қосуға ұмтылғаны жөн.

     Масылдық жасқа да, жынысқа да қарамайды. Мемлекеттің көмегін алып, күн көріп үйренген жандардың арасында жастар да, ерлер де, әйелдер де бар. Әсіресе, үкімет көп балалы аналарға, жалғыз басты әйелдерге әлеуметтік қолдауды жан-жақты көрсетуде. Мемлекеттің қамқорлығын сезініп отырған нәзік жандылар  арасында үкіметке мұқтаж болмай түрлі салада еңбек етіп, кәсіп ашып, тіпті қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысып жүргендері жетерлік. Заты нәзік жандардың масылдыққа бой алдырмай , еңбекке бой ұсынуына, тіпті үлкен жетістіктерге жетуіне әйелдер кеңесі үлкен ықпалын тигізуде. Шымкент қаласында да мемлекеттен әлеуметтен көмек алатын жағдайдан іскер әйел дәрежесіне жеткен жандар көп. Осы орайда  Шымкент қалалық әйелдер кеңесі  жауапкершілік, еңбекке деген сүйіспеншілікті арттыруға  және  қоғамдағы әйелдердің азаматтық, әлеуметтік және экономикалық белсенділігін нығайтуға  күш салып келеді.

Photo-1012.jpg     «Адамдардың  үкіметтен берілетін жәрдемақыға балға қонған арадай үймелеуі масылдықтың айқын көрінісі.  Оның ішінде жағдайы бар адамдар да мемлекеттік көмектен дәмету жағдайлары жиі кездесуде. Әлеуметтік көмек берілетін кезде тұлғаның бүкіл өмірбаяны, тұрмыс жағдайы қатаң қаралуы керек емес пе? Көмекке мұқтаж емес жандардың бір реттік болсын, ай сайынғы көмек қаражатына қол жеткізуі жауапты мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жауапсыздығынан деп білемін. Комиссияның көз қысты, бармақ бастыға салынып, өз қызметіне адалдық танытпауының салдарынан масылдықты біз  қолдан жасап алып отырмыз. Егер де құжаттарды шынайы тексеріп, сол мекемедегі әр маман өз ісін мінсіз атқарып, жауапкершілікті жоғары қойғанда проблема мұншалықты ушықпас еді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы   Жолдауында  осы мәселені де айтты емес пе. «Әр адам кәсіби маман болу үшін өзіне жүктелеген міндетті мінсіз, адал атқаруы керек» деп. Кез-келген проблемамен күресуді әр адам өзінен бастау керек. Тазаруды өзімізден бастасақ мемлекет тазарады.  Жалған құжаттармен  көмекке ілінген азаматтар үкіметтен заңсыз алған қаражатты, мүлікті қайтаруы тиіс деп есептеймін.  Мемлекеттің мойнына екі аяқты салбыратып   отырып алу жігітке де, әйелге де жарамас деп ойлаймын»,- дейді  Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова. 

       Қазіргі таңда әйелдердің мемлекеттік қызметке араласуы, шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы артып отыр. Бұл – тең мүмкіндіктер қағидасын жүзеге асырудың нақты көрінісі. Қоғамда әйелдің тек отбасы тірегі емес, мемлекеттің дамуына үлес қосатын тұлға ретінде орны нығайып келеді. Мұндай өзгерістер әйелдердің білімін, кәсіби қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған жобалар арқылы қолдау табуда. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» дейді ғой. Мен Отбасын қолдау орталықтарымен көп жұмыс істеймін. Сол орталықтарда  жұмыссыз әйелдерді  3 ай тегін оқытады.  Кәсіби білімін жетілдірген соң олар өз нанын өзі тауып жеуі керек. Қазіргі таңда қиын жағдайға түскен әйелдер көп. Олардың ішінен сол орталықтарға барып, кәсіп меңгеріп, білімін жетілдіріп,  өздері жоба жасап, мемлекеттің грантын ұтып алып, бизнес ашып жатқандары қаншама. Мен көптеген іс шараларда осындай  еңбекқор әйелдерді спикер ретінде  шақырамын. Олар қаладағы өзге де қиын жағдаға түскен әйелдермен кездесіп, өзінің басынан өткен өмірімен, тәжірибесімен бөлісіп, ақыл, кеңесін беріп кетеді. Осылайша бір-бірімен түсінісіп кеткен әйелдер көп. Бір-бірін сүйреп, жұмысқа алып жатқандары бар. Біздер қоғамға  осындай елдің ішінен шыққан жандарды, шынайы еңбек адамдарын  үлгі етіп көрсетуіміз керек»,- дейді төрайым. 

     Жолдауда атап өтілгендей, масылдық көзқарастан арылып, әр азаматтың өз еңбегімен табыс табуға ұмтылуы – қоғам ілгерілеуінің басты шарты. Осы тұрғыда әйелдер кеңесі еңбекке, кәсіпкерлікке және қаржылық сауаттылыққа баулуға арналған түрлі семинарлар мен оқыту бағдарламаларын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Қаржылық сауаттылық – қазіргі заман әйелінің табысқа жетуінің маңызды тетігі. Отбасылық бюджетті дұрыс басқару, жеке ісін жүргізу немесе шағын кәсіпті дамыту арқылы әйелдер өз әлеуетін арттыруда. «Томирис» деген жоба болды. Сол жобамен ұлттық комиссия ауылдарға барып, әйелдермен жүздесіп, спикерлер  қаржылық сауаттылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізді. Жобаның басты мақсаты  - әйелдердің қаржылық сауаттылықтарын арттыру, нәзік жандыларды еңбекқорлыққа баулу,  үкіметтен берілетін көмекке мұқтаж болып отыра бермей оларды жұмысқа тарту болып табылады. Қаржылық сауаттылық әр  отбасыға керек білім. Қаржылық сауаттылыққа баланы жастайынан үйретіміз керек. Дұрысы мектеп жасынан. Сол кезде бала ер жетіп, қыз өскенде  еңбекке араласып, жұмысқа тұрып, алғашқы табысын таба бастаған сәтте  олар ақшаны қалай дұрыс жұмсау керектігін, қалай басын құрап, көбейту жолдарын білетін болады»,- дейді Баян Айтбекқызы. 

        Бүгінгі таңда әйелдер қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің тірегіне айналып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен жолдауда жүктелген міндеттерді орындауда олардың белсенділігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады.

     Жалпы, әйелдер кеңесінің жұмысы – тек әлеуметтік қолдау немесе қоғамдық шаралар ғана емес, ол – әйелдердің өз мүмкіндігін танып, қоғам игілігі үшін еңбек етуіне бағытталған жүйелі қадамдардың жиынтығы. «Еңбек ету – адам өмірінің мәні. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың даналығы да осыны көрсетеді. Еліміздің әр өңірінде еңбекке баулу, жастардың кәсіби біліктілігін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында көптеген жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Ауыл аманаты» бағдарламалары азаматтарға өз кәсібін ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осындай бастамалар арқылы қоғамда еңбек мәдениетін қалыптастыру және масылдық мінезден арылу бағытында нақты қадамдар жасалуда. Масылдықпен күрес тек экономикалық шаралармен шектелмейді. Бұл ең алдымен сана мен мәдениет мәселесі. Әрбір азамат өз болашағына жауапты екенін түсініп, өз еңбегінің нәтижесін көруге талпынуы қажет. Қоғам белсенділігі артқан сайын мемлекет те дамиды. Бүгінгі таңда елімізге жаңашыл, еңбекқор, бастамашыл азаматтар қажет. Олар арқылы ғана Қазақстан өркендеген, әділетті, табысты мемлекетке айналады»,- дейді Баян Жандосова.

     Масылдықпен күресу – тек мемлекеттік саясаттың емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Еңбек – елдің тірегі, ал адал еңбекке құрмет – қоғамның рухани дамуының басты өлшемі.

      Бүгінде Шымкент қаласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды өңірлерінің бірі. Бұл жетістікке әйелдердің қоғам өміріне белсенді араласуы мен еңбек нарығындағы үлесі зор ықпал етіп отыр. Қаладағы нәзік жандар тек отбасы ұйытқысы ғана емес, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар ретінде танылуда.

       Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының деректері бойынша, 2025 жылдың басында экономикалық белсенді халықтың шамамен 52 пайызы әйелдер. Оның ішінде мыңдаған әйел кәсіпкерлікпен, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету, өндіріс және әкімшілік басқару салаларында тұрақты түрде жұмыс істейді.

      Мемлекеттік «Алғашқы жұмыс орны», «Ауыл аманаты», «Бизнес бастау» және «Жастар практикасы» бағдарламалары әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, өткен жылы 3 мыңнан астам шымкенттік әйел өз кәсібін ашуға грант немесе жеңілдетілген несие алып, табысты кәсіпкерлер қатарына қосылды.

      Шағын және орта бизнес саласында да әйелдердің белсенділігі жоғары. Қалада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 45 пайызы әйелдердің басшылығымен жүргізіледі. Олардың басым бөлігі тігін, тағам өнеркәсібі, сұлулық индустриясы және әлеуметтік қызмет көрсету бағытында табысты жұмыс атқаруда. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл Сейітова «Бизнес бастау» жобасы арқылы өз ісін ашып, бүгінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осындай үлгілі азаматшалар қала экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.

      Әйелдердің еңбекке араласуы тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен отбасы институтын нығайтады. Білімді, еңбекқор және жауапты әйел – ұлт болашағының тірегі. Сондықтан мемлекет тарапынан әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға айрықша назар аударылып келеді.

      Шымкент қаласында әйелдерге арналған кәсіптік оқыту орталықтары, «Әйелдер кеңесі» және «Бизнес әйелдер клубы» белсенді жұмыс істейді. Бұл ұйымдар нәзік жандардың әлеуетін ашуға және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады.

     Шымкент әйелдері – жаңа Қазақстанның жаңару жолындағы сенімді тірегі. Олардың белсенділігі мен еңбегі қоғамның рухани және экономикалық дамуының жарқын көрінісі. Әйелдің қолымен тек отбасы емес, тұтас қала гүлденіп келеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдердің белсенділігі – қоғам дамуының айнасы
  • Масылдықты еңбек қана жеңбек
  • Тұранның тұрғындары риза
  • «Таза Қазақстан»: Шымкентте қала тұрғындары мен жастар кең ауқымды экологиялық акцияға белсене қатыс
  • «Таза Казахстан»: жители Шымкента и молодежь приняли активное участие в масштабной экологической акц
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер