Құтыру – емі жоқ дерт

image.png

Адам өміріндегі ең қымбат құндылық оның денсаулығы мен өмірі. Дегенмен кейде бір сәттік бейқамдықтың соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Солардың бірі  адам мен жануарға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарындағы құтыру дерті. Бұл індеттің ең басты қаупі орталық жүйке жүйесін зақымдап, миды және жұлынды істен шығарады. Нәтижесінде ағза біртіндеп өз қызметін тоқтатады.

       Осы тақырып аясында Шымкент қаласында «Құтыру, ЖРВИ және тұмаудың алдын алу және емдеу шаралары» атты баспасөз конференциясы өтті. Онда мамандар қауіпті індеттің алдын алу жолдарын, вакцинацияның маңызын және тұрғындарға арналған қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

       Құтыру вирусы көбіне ит, мысық, түлкі, қасқыр, қарсақ секілді үй және жабайы жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейі арқылы жұғады. Тіпті ұсақ жара арқылы да вирус адам ағзасына еніп, жасырын түрде дами береді. Кей жағдайларда ауру белгілері бірнеше күнде байқалса, кейде бір жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан уақытылы медициналық көмекке жүгіну  өмірді сақтап қалудың жалғыз жолы.

        2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында құтыру дерегі тіркелмеген. Дегенмен, жануарлардың тістеуі мен тырнауынан зардап шеккен 2735 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 1343 адам. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда тұрақты деңгейде қалып отыр.

      Зардап шеккендердің басым бөлігі ит пен мысықтардың шабуылынан зардап шеккен. Олардың 58,6 пайызы  иесіз, яғни белгісіз жануарлар. Әсіресе мектеп оқушыларының арасында жағдай жиі кездеседі. Балалардың көбі мектепке бару немесе қайту кезінде топтасып жүрген қанғыбас иттердің шабуылына ұшыраған.

        Құтырудан қорғанудың ең тиімді әдісі  антирабиялық вакцинация. Бұл екпе вирус ағзаға енген жағдайда оның дамуын тоқтатып, өмірді сақтап қалуға көмектеседі. Қазақстан Республикасының ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, құтырумен байланыс қаупі жоғары адамдар жыл сайын жоспарлы түрде вакцина алып отыруы тиіс.

Олар қатарына:

- зертхана және ветеринария қызметкерлері;

- жануарларды аулау, орман және аңшылық шаруашылығы мамандары;

- кинологтар мен таксидермистер;

- сонымен қатар жануар тістеген, тырнаған немесе сілекейлеген кез келген адам кіреді.

        Вакцинация курсы жануардың мәртебесіне қарай тағайындалады. Егер жануар белгілі болып, 10 күндік бақылау кезінде ауру белгілері байқалмаса, үш реттік екпе  жеткілікті. Ал белгісіз немесе өлген жануар жағдайда бес реттік вакцина толық салынады.

        Құтыру вирусы табиғатта үнемі айналымда болады. Әсіресе күз-қыс айларында жабайы аңдардың ауыл маңындағы үй жануарларына шабуылдауы жиілейді. Сол себепті әр азамат мына қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстануы қажет:

- үй жануарларына жыл сайын құтыруға қарсы екпе салдыру;

- ит пен мысықтарды ветеринариялық есепке қою және чиптеу;

- жануарларды еркін жібермеу, қауіпсіздік мақсатында байлап ұстау;

- көшеде жүрген жабайы немесе белгісіз жануарларға жақындамау;

- қауіп төндіретін жануарларды көрсе, тиісті қызметке хабарлау.

        Жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда жара орнын дереу сабынды сумен жуып, йод не спиртпен өңдеу керек. Алайда бұл алғашқы көмек қана. Ең маңыздысы, дәрігерге шұғыл түрде жүгініп, антирабиялық екпені алу қажет.

        Шымкент қаласында құтыруға қарсы медициналық көмек Жандосов көшесі, №92 мекенжайындағы №2 қалалық аурухананың «Рабиология» бөлімшесінде тәулік бойы көрсетіледі. Мұнда вакцина қоры жеткілікті және екпе тегін салынады.

      Халық даналығында айтылғандай: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Құтыру жазылмайтын қатерлі дерт. Сондықтан әр азаматтың міндеті өз өмірін қорғап, қауіпсіздік шараларын сақтап, уақытылы екпе алу.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді
  • Қ.Тоқаев былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жеткенін айтты
  • Президент жолдауы: көлік-логистика – Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыты
  • Әлеуметтік масылдықпен қалай күресеміз?
  • Құтыру – емі жоқ дерт
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер