Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, сапалы орындауға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деген болатын. Расында, елдің дамуы мен қаланың көркеюі, маңдай терін төгіп, күнделікті табанды еңбек етіп жүрген жандардың арқасы. Солардың бірі Шымкент қаласындағы «Корпорация Береке А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Ерлан Мұханұлы.
Ерлан Мұханұлы еңбек жолын табандылықпен, адалдықпен өрнектеген азамат. Ол өз әңгімесінде: «Мен Шымкент қаласында туып-өстім. Балалық шағымнан техника мен жол саласына ерекше қызығушылығым болды. Сол себепті 2004 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің колледжіне түсіп, “Автомобиль жолдарымен аэродромдарды салу және пайдалану” мамандығын таңдадым. 2007 жылы бұл оқу орнын тәмамдап, техник-жолшы біліктілігін алып шықтым», – дейді.
Білімін жетілдіруге құштар Ерлан Мұханұлы 2020–2023 жылдары осы университеттің құрылыс факультетінде оқып, «Құрылыс» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленген. Өз ісіне жауапты жас маманның еңбек жолы 2007 жылы «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінде жол жұмысшысы қызметінен басталған. Қолмен асфальт төсеп, аптап ыстықта да, жауын астында да жұмыс істеген кездерін Ерлан Мұханұлы өмірлік сабақ деп біледі. Кейіннен «Береке» және «Шымкент жолдары» серіктестіктерінде еңбек етіп, тәжірибесін арттырған.
2008 жылы ол «Ташяпы Интернешнл» компаниясына шебер ретінде қабылданып, алғашқы басшылық тәжірибесін жинақтады. Қол астындағы қызметкерлердің жұмысын үйлестіру, уақыт пен ресурсты тиімді пайдалану, осы кезеңде қалыптасқан маңызды дағдылардың бірі болды. 2010 жылы «Қазақстандық жол-құрылыс компаниясында» құрылыс учаскесінің шебері қызметін атқарған ол, 2011 жылдан бастап «Береке А» корпорациясында еңбек етуде. Қарапайым шеберден бастап, учаске бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, бүгінде жоба жетекшісі қызметін атқарып жүр.
Ерлан Мұханұлы жұмыс орнындағы ұжымдық рухты ерекше атап өтеді: «Біздің корпорацияда ұйымшылдық пен өзара құрмет бар. Әріптестеріммен бірге талай нысандарды табысты аяқтадық. Басшылық тарапынан қолдау мен сенім бар. Сол себепті мен де жас мамандарға қамқор болып, олардың өсуіне мүмкіндік жасауға тырысамын», – дейді ол.
Бүгінде ол Шымкент қаласының жол және құрылыс саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, еңбегі елеулі азаматтардың бірі. Оның кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен адалдығы жас ұрпаққа өнеге. Халық даналығында: «Еңбек ер атандырады» деген сөз бар. Ерлан Мұханұлы сияқты маңдай терімен елге қызмет етіп жүрген азаматтар, сол даналықтың нақты көрінісі. Осындай еңбекқор жандар барда қаламыздың да, еліміздің де болашағы берік болмақ.