Сату саласының майталманы

image.png

       «Адам бақытты болу үшін сүйікті ісін табуы керек» – дейді Сабира Аманкелді. Бұл оның өмірлік ұстанымы іспеттес. Себебі ол еңбек жолындағы әрбір қадамын жүрек қалауымен жасаған. Өйткені адам өз ісін сүйсе ғана өзгеге пайдасын тигізіп, өмірдің нағыз мәнін сезіне алады.

       2004 жылы Бәйдібек ауданының баурайында дүниеге келген Сабира бала кезінен өмірге құштар, айналасына сергек көзбен қарайтын қыз еді. Теледидардан жаңалық жүргізушілерін көрген сайын олардың байсалды қалпы, сенімді дауысы мен сөз саптасы оған ерекше әсер ететін. Сол сәттерде бала жүрегінде «Мен де бір күні адамдарға сөз арқылы әсер ететін, шындықты жеткізетін журналист болам» деген арман бүр жарды.

– «Журналистика мен үшін жай мамандық емес, адамдардың ішкі ойын, қуанышы мен мұңын жеткізетін көпір секілді көрінетін. Мен де сол көпірдің бір бөлшегі болғым келді», – дейді Сабира күлімсіреп, өткен күндерін сағынышпен еске алып.

         Осы арман оны 2020 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне алып келді. Университет қабырғасында ол өзіне жаңа мүмкіндіктер ашып, шығармашылық ортаға тез сіңіп кетті. Сабира сабақтан тыс уақытта түрлі телеарналар мен баспасөз орталықтарында тәжірибеден өтіп, жазудың да, кадр алдында сөйлеудің де қыр-сырын меңгерді. Камера алдында сенімді сөйлеп, редакцияда мақаланың құрылымын талдап, әрбір сөздің салмағын сезінуді үйренді. Осылайша ол болашақ мамандығына  дайындық жасады.

        Оқуын тәмамдаған соң, ол көп арман қуған жастар секілді өз жолын іздеуге кірісті. Бір күні оған күтпеген ұсыныс түсті, депутаттың баспасөз хатшысы қызметі. Бұл жауапты қызмет Сабира үшін үлкен тәжірбие болды.

– «Баспасөз хатшысы болып жүргенде мен жауапкершіліктің шынайы мәнін түсіндім. Әрбір сөз, әрбір ақпарат – тек жаңалық емес, ел сеніміне әсер ететін күш. Бұл жұмыс мені шыңдап, салмақты ойлауға үйретті», – дейді ол өткен күндерін парақтап.

         Алайда өмір жолы әрқашан бір бағытта болмайды. Бір сәтте Сабира журналистикадан өзге саланы,  құрылыс пен жылжымайтын мүлік қызметін таңдады. Бұл шешім көпшілікке тосын көрінгенімен, ол үшін бұл жаңа белес, өзін сынаудың тағы бір мүмкіндігі еді. Қазір Сабира ірі құрылыс компаниясының сату бөлімінде қызмет етеді. Ол мұнда адамдардың армандарына жол ашып, өмірлеріндегі жаңа беттерін бастауға себепші болып жүр.

– «Кейде клиент үйді емес, өміріндегі жаңа үмітті іздеп келеді. Мен үшін әр үй – жай ғана қабырға емес, әр шаңырақтың бақ пен береке мекені. Солардың қуанышын көру – менің ең үлкен сыйым», – дейді Сабира жүрекжарды сезіммен.

         Бұл салада оның алдында түрлі адамдар, түрлі тағдырлар кездеседі. Бірі жылдар бойы жинаған қаржысын сеніп тапсырады, бірі алғаш рет баспаналы болмақ. Осындай сәттерде ол тек сатушы емес, сенім иесі екенін сезінеді. Тіл табыса білу, сабыр сақтау, әрбір сұраққа шешім табу – Сабираның кәсіби дағдысына айналған. Құрылыс саласында жүріп, Сабира адамдардың арманын, үмітін, өмірге деген көзқарасын бұрынғыдан да тереңірек түсіне бастады.

– «Бастапқыда өзімді бөтен ортада жүргендей сезіндім. Бірақ уақыт өте келе бұл саланың да өзіне тән сұлулығы бар екенін байқадым. Мұнда да адамдармен жұмыс істейсің, олардың үмітін арқалайсың. Менің мақсатым – әр отбасының арманы орындалуына себепші болу», – дейді ол жылы жүзбен.

        Бүгінде Сабира тек кәсібін ғана емес, өз өмірін де жаңа бағытта дамытып келеді. Ол нарықтағы заманауи үрдістерді зерттеп, маркетинг пен инвестиция саласына қызығушылық танытып жүр. Алдағы уақытта өз жобасын іске асырып, елге пайдасы тиетін іс бастауды көздейді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді
  • Қ.Тоқаев былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жеткенін айтты
  • Президент жолдауы: көлік-логистика – Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыты
  • Әлеуметтік масылдықпен қалай күресеміз?
  • Құтыру – емі жоқ дерт
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер