Адам өмірінің мәні оның артында қалдырған ізі мен еліне сіңірген еңбегінде. Кей адамдар тағдыр жетегінде жүрсе, енді бірі өз маңдай терімен, табандылығымен биікке көтеріледі. Солардың бірі ел дамуына үнсіз үлес қосып келе жатқан еңбекқор азамат, өз ісіне адал тұлға Алжан Байметов.
Алжан Байметовтың еңбек жолы қарапайым қызметтен басталғанымен, жүріп өткен жолы терең мазмұнға ие. 1986 жылы Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінде бақылаушы болып еңбек жолын бастаған жас маман сол кездің өзінде тәртіп пен ұқыптылықты өмірлік қағидасына айналдырды. Бұл оның мінезін қалыптастырып, болашақтағы кәсіби биіктерге жол ашты.
1989 жылы ол «Шымкентшина» зауытында слесарь болып жұмыс істеп, өндірістің нағыз мектебінен өтті. Техниканың әр тетігін жетік меңгеріп, істің ұсақ-түйегіне дейін мән беретін мінезі сол кезеңде қалыптасты. Алжан Байметов тәжірибемен шектеліп қалмай, білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. 1990 жылы Шымкент гидрометеорологиялық және құрылыс техникумына түсіп, «техник-гидромелиатор» мамандығын меңгерді. Бұл бағыт инженерлік ойлау мен талдау қабілетін дамытып, оның кәсіби дүниетанымын кеңейтті.
Білім жолындағы ізденіс мұнымен тоқтаған жоқ. 2001 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түсіп, «Мұнай, газ және көмір» саласын игерді. Кейін 2009 жылы дәл осы оқу орнында «Экономист» мамандығын тәмамдап, басқару ісінің қыр-сырын меңгерді. Бұл екі бағыттың тоғысуы оны жан-жақты, білікті маман дәрежесіне көтерді.
1990-жылдардың басында еліміз күрделі экономикалық өзгерістерді бастан өткеріп жатқан шақта Алжан Байметов те жаңа заман талабына сай бейімделе білді. Ол «Шымкент Трасс» агенттігінде қабылдау диспетчері болып еңбек етіп, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Кейін «Полимермаш» кәсіпорнында материалдық-техникалық жабдықтау бөлімін басқарды.
Уақыт өте келе бизнес саласына бет бұрған Алжан Байметов түрлі кәсіпорындарда басшылық қызметті атқарып, өзін тәжірибелі менеджер ретінде көрсетті. «Этим» ЖШС-де директордың орынбасары, «ГХ Шымкентгаз» және «Бейбарс Газ» компанияларында менеджер, кейін Тараз филиалының директоры қызметтерін атқарды. Оның басшылығымен кәсіпорын жұмысы жанданып, нарықта тұрақты орнын тапты. Ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып, экономикалық тиімділікті арттыра білу, оның басқарушылық шеберлігінің басты қыры.
2009–2010 жылдары Алматы қаласындағы «Алау Транс Газ» акционерлік қоғамында директордың орынбасары ретінде қызмет атқаруы кәсіби өмірінің жаңа белесі болды. Ал 2010–2012 жылдары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мемлекеттік материалдық қордың «Заря» және «Комета» филиалдарын басқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосты. Бұл қызметтер үлкен сенім мен дәлдік талап ететін сала еді, ал Алжан Байметов бұл міндетті абыроймен атқарды.
2012 жылдан бері ол «Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде еңбек етіп келеді. Компанияда сапалы қызмет көрсетуді, ұжымдық мәдениетті және әділ басшылық қағидатын енгізді. Қызметкерлері оны талапшыл, бірақ әділ, сабырлы әрі іскер басшы деп сипаттайды.
Алжан Байметов үшін еңбектің кішісі де, үлкені де жоқ, әр істің өз салмағы бар. Бүгінде ол бірнеше саланы қатар меңгерген, тәжірибелі маман, елге үлгі болар тұлға.