Төтенше жағдайлар орын алса алдыңғы шепте жүріп, қызмет ететін өрт сөндіруші-құтқарушы мамандар. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай төтеншелік мамандардың мәртебесін асыру мақсатында бүгінде көптеген игі шаралар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай республика көлемінде «30 жыл – 30 игі іс» атты кең ауқымды акция бастау алды. Акция аясында Шымкент қаласында министрлікпен құрдас азаматтар бас қосты. Биыл 30 жасқа толған мамандар бір арнаға тоғысып, өз саласына қосқан жұмыстарымен бөлісуде.
Әр аулада тазалық жұмыстарын жүргізіп, арадгерлердің үйін ретке келтірген құтқарушылар қариялардың алғысына бөленді. Осы саланың ардагері, талай жылын қызыл жалынмен арпалысуға арнаған Қуантқан Ибрагимов жастарға ақ батасын берді. «Артымыздан ерген жас мамандар ынтымақтасып үйге келіп, ауламды тазалап кетті. Әрине, біз еңбек еткен жылдармен салыстырғанда қазір қаламызда өрт сөндіру бөлімдері, онда еңбек етіп жатқан жастарымыздың көбейгені қуантады. Жастардың қызметі абыройлы болсын деп тілейміз. Артымыздан ерген жігіттер, міне, осындай деп мақтанып жүрейік»,- азаматтық қорғау ардагері.
Игі шарада жастар барын салып, үлкендерге деген құрметтерін көрсетті. «Қуантқан ағамыздың үйіне келіп, қызметімізді жасадық. Жастарды осындай игі істерге шақырамын. Осы кісілердің абыройын, жасын берсін деп тілейміз. Ардагер мамандарымыздың жастарға берер тәрбиесі, тәжірибесі мол. Бұл кісілер өз кезегінде еліміздің қауіпсіздік саласына өз үлестерін қосқан мықты мамандар. Осындай білікті, ержүрек ардагер мамандарымызға қарап жас балалар осы құтқарушы мамандығына қызыға қарайды деп санаймын»,- дейді №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Мағжан Иманәлі.
Айта кетейік, акция барысында шымкенттік төтеншеліктер 30-дан астам әлеуметтік осал отбасының үйіне газ талдағыш құралдарын орнатты. Бұл тұрмыстық газдан улану қаупін азайтып, тұрғындардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді. 20-дан астам үйдің мұржасы тазартылып, иесі үшін қыс маусымындағы өрт және тұншығу қауіптері алдын алынды. 10 үйге балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін арнайы қауіпсіздік бекіткіштері орнатылды. Экологиялық қауіпсіздік те назардан тыс қалмады:қала тұрғындарының демалыс аймағы саналатын Қошқарата өзенінің жағалауы тазартылып, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл бастама тек табиғатты қорғау ғана емес, халықтың таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасаудың бір жолы болып отыр.
«30 жыл – 30 игі іс» акциясы – ТЖМ құрылымдарының қоғамға тек төтенше жағдайда ғана көмек көрсететін орган емес, сонымен қатар жүйелі түрде профилактикалық жұмыс жүргізіп, халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыратын құрылым екенін айқындайды. Ел үшін тер төгіп жүрген азаматтық қорғау саласының мамандары нағыз еңбек адамдары.