Шымкенттік тұрғын Марат Таңсықбаев бүгінде шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Жәй ұстаз емес ол - шебер ұстаз. Кейінгі ұрпаққа темір тұлпарды жөндеудің қыр-сырын үйретіп жүрген кәнігі маман. Қаладағы Жол-көлік көлледдінде 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміз 1992-1997 жылдары аралығында Алматыдағы ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша білім алып шыққан. Техникаға деген қызығушылығы студент кезінде пайда болыпты. Айтуынша оқу бітірген соң өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасудың реті болмапты. Бірақ бала күнінен еңбекке баулып өскен ол қол қусырып отырмай түрлі салада тер төгіп, электромонтер да болады. Мықты маман жерде қалмасы анық. 2016 жылы аталмыш колледжге жұмысқа орналасады. Алғашқы екі жыл электрик қызметін атқарса, бір жылдай өндірістік оқыту шебері болады. Оның білімі мен еңбекқорлығын ескерген колледж басшылығы оны 2019 жылы арнайы пән оқытушысы етіп тағайындайды. Міне, содан бері білікті маман сұраныстан түспеген жас көлік жөндеу шеберлерін даярлауға ат салысып келеді.
«Ата-анам да мұғалім болған жандар. Бауырларымның арасында да ұстаздар аз емес. Балалармен жұмыс істеуде бала күннен сол ата-анамыздан үйреніп өстік. Солардың үлгі-өнегесімен қазір өзімде шәкірт тәрбиелеп отырмын. Техникалық мамандық ер адамдарға нағыз керекті және ешқақан жолда қалдырмайтын мамандық деп білемін. Қазір барлық сала дамып жатыр. Электромобильдеріміз шығып жатыр. Техниканы қуып жету деген нәрсе білімнің арқасында келеді. Мен секілді шеберлерге, ұстаздарға шармамай, талмай еңбек ете берсін дегім келеді. Сабырлықпен қазіргі ұрпағымызға дүниеде болып жатқан соңғы технологиялық жаңалықтары үйретіп жетістіктерге жетелей берсін деймін. Презмдентіміз Жолдауда айтқандай біз 3 жылдың жасанды интеллектіні меңгерген елге айналуымыз керек. Осы мақсатты қазір колледжіміздің ұстаздары осы саланы меңгеріп, оқып жатыр. Болашақта алдымен ұстаздар ЖИ-ді меңгеріп, кейін шәкірттерге де үйретсек деген жоспарымыз бар»,- дейді көлік жөндеу шебері.
Кейіпкеріміз кейінгі жылдары елімізде еңбек адамдарынының құрметке бөленіп жатқанына дән риза. «шыны керек, біраз жылдар еңбек адамдары еленбей келді. Мемлекет басшысының бастамасынан кейін еңбек адамдары кімдер, олар қай жерде еңбек етіп жүр, олардың жетістіктері, маңыздылығы ескерілуде. Қарапайым жұмысшылар, қатардағы еңбек адамдары марапат алып, медаль тағып жатыр. Еңбек адамдары еліміздің құрметті жандарына айналып келеді. Бұл үшін мен өте қуаныштымын»,- дейді ол.
Өз мамандығына адал әрі ұстаздықты ту еткен Марат Жуасбайұлы секілді еңбек адамдары барда еліміз озық мемлекеттердің қатарына қосылары анық.