Әлеуметтік масылдықпен қалай күресеміз?

image.png

     Қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі - патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету. Өйткені  еңбекке қабілетті жастардың басым бөлігі жеңіл жолмен табыс тауып, бақуатты тұрғысы келеді. Оқу орындарын бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс жасауға құлқы бармайды. Себебі алатын жалақысының төмендігін сылтау етіп, жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылады. 

    «Патернализм» термині латынның paternus сөзінен шыққан, яғни ол «әкелік» дегенді түсіндіреді. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, бұл ел азаматының өз өмірі үшін жауапкершілік алуға аса құлық танытпай, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымын білдіреді. Яғни, масылдық сананы жоғары қойып, өзгелерден ала берсем деген ұстанымды ұстанатын қоғам мүшелерін айтуға болады.Шындығында әлеуметтік масылдық проблемасы айтарлықтай күрделі және оны шешуге жүйелі көзқарасты талап етеді. Бұл құбылысты бағаламас бұрын, оның себептерін, салдарын, әлеуметтік-экономикалық табиғатын, сондай-ақ әлеуметтік масылдықтың түрлерін жіктеу қажет. Сарапшылар «Масылдық – мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс» деп түсіндіреді. Яғни, әлеуметтік масылдылық деп денсаулығы жақсы, еңбекке қабілетті адамдардың саналы түрде өзінің күшін, мүмкіндігін  пайдаланбай, өзге адамның немесе тұтастай қоғамның есебінен өмір сүруге ұмтылуын айтамыз.

      Түркия мемлекетінде дені сау адам ешқашан қайыр сұрамайды екен, себебі адамдар оған қайыр бермейді. Еңбектенбейді деген адамдардың өзі аяқ-киім тазалаумен айналысады. Ал еңбекке қабілетсіз адамдар да қайырды құр алақанға сұрамайды, арзан заттардың үстінен аз ақша қосып сатады.

      Әлеуметтік масылдық тек қана қайыршылықпен көрінбейді. Қоғамымызда аяқ-қолы сау бола тұра мемлекеттен көмек алу үшін өзіне жұмысқа жарамсыз деген анықтама алып, ай сайын мемлекеттен ақша алатындар да бар. Елімізде орын алып жатқан әлеуметтік көмек үшін  жалған ажырасу жағдайлары масылдықтың шегі демеске амалымыз жоқ. Дәл осы өзекті проблемаларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қозғаған болатын. Жолдауда Президент "тұрмысы төмен азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керегін" айтты. Оның сөзінше "мемлекеттің бәріне көне беретін әлеуметтік саясатынан жүзден астам жеңілдік пайда болған", бұл көмекті әперетін "жылпостардың да көбейген".

     Тоқаев "әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту - елді дамытуға, мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын салуға қажет қаржыны желге шашу" деп мәлімдеді. Қазақстан басшысы мемлекет "жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отыр" деп санайды. "Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес" деді ол. Тоқаев "үкімет 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді" деп мәлімдеді.

     Хакім Абайға бабамыз: «Тамағы тоқтық. Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген еді. Масылдық сипаты тап осыған саяды. Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлт¬тың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден  қалай арылтамыз?  

image.png

Амангелді МАМЫТ,   Ж.Тәшенов атындағы  университеті «Педагогикалық және жаратылыстану ғылымдары» факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

                               Масылдықпен күрес мемлекеттік деңгейде қолға алатын мәселе

     -  Масылдық – бүгінгі қоғамда көрініс тауып отырған үлкен мәселенің бірі. Орта буын мен жастар арасында маңдай термен емес жеңіл жолмен ақша тауып, мемлекеттен ала берсем деген дәмелену жағдайлары жиіледі. Мұндай әрекеттер қоғамды теріс бағытқа бұруда.  Әсіресе, жеңілдік алу үшін ажырасу деген ең сұмдық жағдай ғой. Қазақ халқы отбасы мәселесіне өте қатал, ыждақаттылықпен  қараған. Қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалуға, шаңырақты шайқалтпауға тырысқан. Ал отбасын қолдан бұзу шынында да алаңдатарлық жағдай.  Бұл қоғамдағы азаматтардың  жауапкершілігі жоқ , отаншылдық сезімі төмен екенін білдіреді. Ел ішінде  өтірік мүгедектік алып, соның пайдасын көргендер  болды. Бірақ көп жағдайда оның түбі жақсылыққа әкелген жоқ. Егер біз еңбекқор, мемлекетшіл азаматтарды тәрбиелеген болсақ мұндай жағдайлар орын алмас еді. Аяқ-қолы бүтін адам өзінің мамандығымен адал жұмысын істеу керек. Елімізде екі қолға бір күрек табылады.   Біз жастарды еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеуіміз керек. Жастардың  ойында еңбек етсем, қоғамға пайдам тисе, өзімнің отбасымды адал еңбекпен асырасам деген  мақсат болу керек. Президент айтқандай  адал еңбек ету, адал азамат болу  мемлекетіміздің  негізгі ұстанымы болуы қажет.

        Масылдық бүгін ғана пайда болған  проблема емес. Ол бұрында да болған.  Бірақ масылдыққа бой алдырған  бірлі-екілі адамдарды ғана кездестіретінбіз. Ал бұған  дейін масылдық қазақ қоғамында дәл  қазіргідей қоғамдық сипат алған емес.

      Мемлекеттің мойнына отырып алып, жүк болғандардың  көбейіп отырғандығы біздің идеология, заң саласындағы   жіберген басты қателігіміз.  Бұл әлеуметтік саланы басқаратын тетіктерді босаңсытып алғандығымыздың дәлелі. Масылдықтың қоғамда жаппай белең алуына, індет болып таралып кеткеніне   бір ғана адам немесе бір ғана мекеме кінәлі емес.  Сондықтан масылдықпен күрес мемлекеттік деңгейде қолға алатын мәселе деп ойлаймын. 

       Қазір  адамдар дау-жанжалға құмар болып барады. Мемлекет басшысы Жолдауында бұл мәселені де  атап өтті. Барлығы «менікі», «маған болса», «маған берсе»  деген мақсатты көксеп тұратындар көбейді. Жағдайдың байыбына  бармай тұрып, әркім көрпесін өзіне қарай тартып жатады. Ол дұрыс емес. Қоғамдағы мұндай тәртіпсіздік жағдайлардың  алдын алудың жолдарын қарастыруымыз керек. 

       Бізде білімі жоқ азаматтарды 3 ай мерзімде түрлі  кәсіптік мамандықтарды оқытатын бағдарлама бар. Үш ай бойы жұмыссыз азаматты мемлекет тегін оқытады, тегін оқытып қана қоймай шәкіртақы береді. Мемлекет аталған бағдарламаның  жемісін жеу керек емес пе?  Ал біздікілер не істейді?  Тегін оқып, шәкіртақысын, сертификатын алған соң жауапкершіліктен қашып, не жұмысқа тұрмайды, не кәсіп бастамайды. Бұл да масылдық.  Әрине біз оқыған азаматтарды жұмысқа тұр, кәсіп баста деп  міндеттей алмаймыз.  Десек те әр адам мемлекеттің қаржысына оқығаннан кейін жауапкершілікті сезіну керек. Бұл тұрғындардың азаматтық деңгейінің төмендеп бара жатқандығының бір көрінісі. Бізде жоғары оқу орнында  қанша студент диплом алып шықты, оның қанша пайызы жұмысқа орналасты деген есеп сұратылады. Оны жыл сайын министрлікке жіберіп отырамыз. Бұл жүйе  өте орынды деп есептеймін.  Яғни бақылау болу керек. Тек қана қабылап қана қоймай егер түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі төмен болса, оның себебін анықтап, шешудің жолдарын қарастырған жөн. Сол секілді жүзеге асырлып жатқан әлеуметтік бағдарламаларды да зерттеп, зерделеу керек. Мысалы кәсіптік оқуды оқыған азамат неге жұмысқа орналаспады, еңбек етуіне не кедергі болуда. Міне, осыны талдап жатқан адам бар ма?, 

       Қазір  әлеуметтік желілерде қалай тез баюдың, ақша табудың,  бизнес  бастаудың  жолын үйрететін білгіш сымақтар көбейді. Солардың өткізіп жатқан тренингтеріне  менің күмәнім бар.   Анықтап келгенде сол адамның дөңгелеп тұрған кәсібі жоқ, не арнайы білімі жоқ болып шығады. Ал  отбасы толық емес адамдар отбасы туралы әңгіме айтқанда тіпті, күйінесің. Тез баюдың жолын үйрететін адамдар кімдер, жетістігі бар ма,  біреуге сабақ үйретуге оның  моральдік құқығы бар ма? Осының бәріне ешкім  мониторинг жасап жатқан жоқ. Яғни жастарымыз кімді тыңдап жүр, кімнен үлгі алып жүр? Міне, әңгіменің төркіні осында.  

     Қорыта келгенде айтарым: халықты масылдық психологиядан арылту үшін тәрбиеге көңіл бөлуіміз керек. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген. Еңбек ету, адал жолмен нан табу, біреудің ала жібін аттамау, Отан алдындағы, ата-ана алдындағы жауапкершілік сезімін жастарға бала күнінен құлағына құйып өсірсек, адал азаматтарды тәрбиелеп шығарамыз.

image.png  

     Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ, қоғам қайраткері, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

                                 Адамдарда адалдық, патриоттық тәрбие әлсіреп барады 

     -  Масылдық - ол жалқаулық. Әсіресе, патерналистік көңіл-күй қазір  жас отау тіккен отбасы мүшелеріне жат  қылық болып барады. Біз масылдықты қолдан жасап отырған жайымыз да бар. Қазіргі таңда үкіметтің тарапынан берілетін әртүрлі жәрдемақы түрі де, көлемі де өте көп.  Соның ішінде мысал ретінде айтсақ жалғызбасты аналарға берілетін көмек.  Жаңадан жанұя құрып отырған азаматтар жалғыз басты аналарға қаражат беріледі, баспана алуға мүмкіндіктері болады   дегенді естігеннен кейін  ерлі-зайыптылар ажырасайық деп өзара келіседі. Құжат түрінде ажырасады да жәрдемақыны алып, ары қарай  бірге тұра береді. Бұл масылдықтың шегі.  Енді кейбіреулер  баспанасы бола тұра, бір емес екі-үш көлік мініп жүре тұра ұялмай мемлекеттің қаражатын алып өмір сүруде. Жалған құжат тапсырып, жәрдемақыға қол жеткаізгендер шаршап-шалдығып жұмыс істемейді. Екі аяғын көтеріп, үйінде жатады.  Мұндай жағдайға  елімізде жең ұшына жалғасқан сыбайлас-жемқорлықтың «арқасында»  қол жеткіздік. Президент Жолдауында  осы «кеселмен» күресу керектігін айтты. Мемлекеттің дамуын тежеп отырған масылдықты жою үшін алдымен жемқорлықты жойған жөн. Себебі жалған құжат тапсырғандар мен қатар сол құжатты қабылдаған мемлекеттік қызметкер де Үкіметті алдап отыр, мемлекетті қанап отыр. Түптен келгенде бұл адалдық, патриоттық тәрбиенің әлсіздігінен деп білемін. Сондықтан бала, жастар тәрбиесімен тереңірек айналысып,  әлеуметтік мәселемен шұғылданып отырған мекемелердің жұмысын жүйеге келтірсек қана  масылдықтан тазара аламыз.  

image.png

        Ардақ МОНТАЕВ, әлеуметтанушы,  ғалым,  PHD доктор, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Cаясаттану» кафедрасының меңгеушісі:

                                  Бейресми білім беретіндер жастарды масылдыққа «баулуда»

    - Адам бойындағы әлеуетін шығармашылыққа, еңбек етуге, өзінің армандарын жүзеге асырудың орнына дайынға тап болып, біреудің есебінен өмір сүру  масылдық болып табылады. Ал ғалымдар мұны  «тәуелділік психологиясы» деп атайды. Бұл тек экономикалық мәселе емес, бұл рухани мәселе. Біздің ұлы халқымыздың санасында масылдық, қайыр сұрау, біреуге алақан жайып көмек сұрау өте ұят тірлік  болған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда осындай жағдайлардың куәсі болып отырмыз. Жұмыстан жалтару, еңбекке бойұсынбау  мұның бәрі өте үлкен рухани мәселе. Сондай-ақ  бұл біздің білім және өзге де мемлекеттік органдар жүйесіндегі олқылықтарымыздың салдары.  Сондықтан бір саланы ғана кінәлауға болмайды. Баланы бағып-қағып, олардың қызығын көремін деген шақта ата-анасының  зейнетақысына жармасатын азаматтарды емес, керісінше ата-анасының жетпеген армандарын жүзеге асыратын, елінің алға қойған жоспарын орындайтын азаматтарды  тірбиелеп шығаруымыз керек. Байқасаңыздар қазір масыл азаматтарымыздың жасы да жасарып бара жатыр. Бұрындары масыл десе мүгедек адамдарды, ағайын-туысы жоқ, қол созатын адамы жоқ жетімдерді айтатынбыз. Ал қазіргі таңда әлеуметтанушылардың зерттеуінше әлеуметтік көмек алып отырған 256 мыңнан астам азамат, 48 мыңнан астам отбасы бар. Бір қызығы солардың 30-35 пайызы жұмыс істеуге қабілетті жандар екен. Олардың пікіріне құлақ ассақ  тұрақты жұмыс орындары жоқ дейді. Шындап келгенде бұл да мәселе. Біз азаматтарға тұрақты жұмыс орындарын ұсынып бере алмай отырмыз. Уақытша жұмыс табылады, бірақ  тұрақты жұмыс аз. Ал алғырлық секілді қадір-қасиеттері басым азаматтар заманға бейімделіп, кәсіп бастап, аяққа тұрып кетіп жатыр. Ал кейбір адамдар бір кәсіпке жабысып қалады. Сол мекеме жабылып қалса, заманға ілісе алмай мамандығы бойынша жұмыс таппай үйде отырып қалады.  Қазір капитализм заманы, қолыңнан келсе іс бастап, өз арбаңды өзің сүйретін кезең. «Сегіз түрлі кәсіп қыл, біреуін нәсіп қыл» деп мұны кезінде Төлеби бабамыз өсиет етіп кеткен.  Кеңес үкіметіндегі тәрбиеде бір ғана  кәсіпті меңгер, мамандығыңа адал бол, бір жерде тұрақты жұмыс істе деген қағида болды.  Бұл қағиданың қазір мәні ескірді. Өз мамандыңыз бойынша жұмыс жоқ па, басқа кәсіпті игеруге талпыну керек. Ол үшін мемлекет азаматтарға көптеген мүмкіндіктер ұсынып отыр.  Сондықтан жастарымызды мектеп жасынан бастап еңбекке баулуымыз керек. Бұрындары үлгі ретінде ата-анамыз еңбек ерлері деп Ыбырай Жақаев, Кәмшат Дөненбаева секілді күріш өсірушілерді, құрылысшылар, механизаторлар, малшыларды айтатын.  Осындай диқан бол, қойшы бол, ғалым, мұғалім бол деп солардың есмідерін ұл қыздарына ырымдап қоятын.   Қарапайым еңбек адамдары  әрдайым төрде отыратын,  тіпті Президенттің жанында жүретін. Одан кейін құрылысшылар мектебі, малшылар мектебі деген мектептер болатын.  Жастайынан балаларды  сол мектептерге тәлім ал, білім ал, еңбек етіп үйрен, тәжірибе жина деп жіберетін. Бұрын осылайша жастар мен үлкендер арасында тікелей байланыс болатын. Дамыған АҚШ-ты алып қарайтын болсақ,  небір байлар, меценаттар қарапайым мектептің балаларына, студенттерге  білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісіп, сабақтар өтіп тұрады.   Себебі мемлекет оларға осындай талап қоя алады екен.  Ал біздің елде бай-бағландар, табысты кәсіпкерлер мен жас буынның арасында байланыс бар ма деген сұрақ туындайды. Өз басым мұндай байланысты көрмедім. 

       Бүгінде жастар тез әрі жылдам байып кеткісі келеді, бірдан бастық болғысы келеді. Сондықтан тез  баюдың жолын көрсететін бейресми білім беретін азаматтарға жүгінеді. Сөйтіп патриотизм, еңбексүйгіштік секілді асыл қасиеттерді жоғалтып алып жатады. Мойындау керек, әлеуметтік желіде сабақ үйрететіндер  өте белсенді жұмыс істейді. Олардың ниеті жастарды жеңіл жолмен табыс табуға шақыру. Олар жастарды   ешқандай жауапкершілік алмауға,  кез-келген жерден пайда табуға,  ашкөздікке, тойымсыздыққа,  ұят болады дегенді ұмытуға баулып жатыр.  Олар біреудің ақысын жеме, ала жіпті аттама  деген ұлттық құндылықтарымызды жойып жатыр.  

      ҚР Конституциясында «әлеуметтік мемлекет» деген түсінік бар. Яғни біз көмек беруші, көмектесуші мемлекетпіз дегенді білдіреді. Бірақ  мынаны түсініп алған жөн: қаржының да өзінің шегі мен шеті бар. Қазақстанның негізгі табыс көзі  шикізаттарды сатудан түсетін табыс. Қазір сыртқы әлемдік саясатқа байлынысты бұл табыс төмендеп бара жатыр. Мұнай, газ басқа да шикізаттарымыз сарқылауда. Табысымыз азайып жатқан сәтте Қазақстан әлеуметтік көмекке қаражаттың 60 пайызын жұмсап жатыр.  Және жыл сайын бұл әлеуметтік көмекке кететін шығын көлемі азайып жатқан жоқ. Бұл деген сөз елімізде масыл адамдардың саны көбейіп жатыр деген сөз.  Біз бұл мәселені түбегейлі шешу үшін адамның дүниеге келген кезінен бастап тәрбиесіне мән бергеніміз абзал. Алдымен жоғарыда атап өткен жастарды теріс бағытқа бұрып отырған әлеуметтік желідегі «ұстаздар» мәселесіне нүкте қойғанымыз жөн. Меніңше, көрші Қытай елінің әдісін қолдану керек. Аспан асты елінде баланың санасына  мемлекет бәрін істеп беру керек деген дегеннің орнына, өзің еңбек ет, өзің жаса дегенді  құйып тастайды. Керек десеңіз бала есін жинаған сәттен бастап оны интенатқа береді. Ол жерде бала өз күнін өзі көріп үйренеді.   

      Біздің мемлекетіміздің басты  құндылығы адал еңбек етуші азамат болу керек. Ел құрметтейтін, сыйлайтын, төрде отыратын жандар әнші, спортшы, блогер емес, ол нағыз адал еңбегімен отбасын асырап, елге қызмет етіп отырған азаматтар болуға тиіс.   

image.png

      Талғат БАЛТАБАЕВ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,  "AMANAT" партиясының фракциясы жетекшісінің орынбасары,  атқарушы хатшының орынбасары:

                  Депутаттар да масылдықпен күрес жұмыстарына ат салысуда

    - Масылдық туралы Президентіміз бұған дейінгі Жолдауларында да айтқан болатын. Соңғы бір жылдың ішінде елімізде масылдықпен күрес жұмыстары  жүргізілді деп айта аламын. Нәтижесі де бар. Өйткені қазір халықтың сауаты, деңгейі күннен күнге өсіп жатыр. Оны бір реттік әлеуметтік көмек сұраушылардың  азайып отырғанынан  байқауға болады. Шымкент қаласының  әкімі Ғабит Сыздықбеков  жақында Жолдауды талқылау жиынында да  бұл мәселені тілге тиек еткен болатын. 

   Өз басым әр тоқсан сайын қоғамдық қабылдау өткізіп тұрамын. Бұған дейін қабылдауға келген тұрғындардың 90 пайызы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуін сұрап келетін. Сонда байқағаным бұл істі көбісі кәсіп етіп алған. Кейін біздер қабылдаудың сапасын арттыру мақсатында біраз жұмыстар жүргіздік. Соның нәтижесінде халық қазір нақты, маңызды мәселелермен келетін болды.  

       Бүгінде халықты жұмыспен қамту үшін көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қаламызда да бос жұмыс орындары көп. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарға сұраныс артуда. Бірақ халық оның айлығын азсынып барғысы келмейді.  Бірде табысты  кәсіпкер бір ағамыз айтады:  менің қолымда 20 адам еңбек ететін. Олар  атаулы әлеуметтік көмек алғалы бері жұмысқа келмей қойды. Себебі менде жұмыс істесе мен оларға ай сайын зейнетақы жарнасын аударып отырамын. Ал бұл жарна түсетін болса оларға  АӘК берілмейді екен» деді. Бұл расында толғандыратын мәселе.  Әлеуметтік көмектің көлемі алатын жалақыларымен бірдей болғасын олар әрине,  сол жәрдемақыны алып үйде отыра бергенді қалайды немесе жеңіл-желпі жұмыстары тиіп қашып істеп жүре береді.  Бұл азамататрдың санасында жұмыс істемей-ақ ақша табуға болады екен ғой деген теріс пікірді қалыптастырады. Бұл жағдайды ертең туысы, көршісі естиді де солай таралып кете берді. Осылайша  бұл үлкен проблемаға айналды. Қазір осы мәселе төңірегінде  идеология жағынан түсіндірме  жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әр азамат еңбек ету керек. Әр адам өзінің Отан алдындағы,  мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінсе масылдыққа жол бермес еді. 

       Шын мәнісінде, масылдықтың қоғам үшін зардабы орасан. Ел алдындағы жауапкершілікті әр адам сезінсе дейміз. Депутаттар да масылдықпен күрес жұмыстарына ат салысып жатыр. Әлеуметтік көмек алуды науқангершілікке айналдырып алған азаматтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және жақсы нәтиже беруде.

image.png

        Зәуре ОРАЛБАЕВА, қоғам белсендісі, журналист:  

                          Тексеру жұмыстары өз деңгейінде атқарылмады

     -  Атаулы әлеуметтік көмек елімізде бұрыннан келе жатқан проблема. Оны тағайындау, қандай талаптар ескерілу керек, кімдерге беріледі.. халықтың арасында бұл төңіректе әңгіме көп. Мұқтаж жандарға тиесілі көмектің діттеген мақсатында жұмсалмай отырғаны әлеуметтік саланың, мекемелердің жұмысындағы жүйесіздікті білдіреді. Демек,  құжатты қабылдау, көмек берілетін азаматтың жай-күйін  егжей-тегжей тексеру  жұмыстары өз деңгейінде атқарылмай отыр дегенді білдіреді.  Бір  жылдары әлеуметтік көмек беру бағдарламарына бірыңғай стандар жүйесін енгзуіміз керек деген бастама көтеріліп, соның нәтижесінде  бұл мәселе шамалы реттелген болатын. Бірақ кейін қайта  жүйелілік бұзылды. Себебі Қазақстанда  халық саны өсті. Уақытқа қарай атаулы  әлеуметтік көмек берудің стандарты қаралып отырылуы керек деп есептеймін.

image.png 

        Ғалымжан БИТҰРСЫН, Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, Ұлттық Заң академиясының мүшесі:

                                   Президенттің қатаң  тапсырмасынан кейін бұл мәселеге нүкте қойлады деген сенімдемін

    - Мемлекет басшысы бұған дейін интернет алаяқтықтан сақтаныңдар  деп талай айтты. Ал осы жолы әлеуметтік алаяқтықтың көбейіп отырғанын жеткізді. Көйлегі көк, тамағы тоқ адамдар қазір әлеуметтік жағдайы төмен жандарға тиесілі  қажаратқа  қол сұғып жатыр. Мәселен мемлекеттен жеңілдік алу үшін  талай аналар жалған ажырасып,  жалғыз басты атанды.  Алаяқтықпен қол жеткізген ақшада қайыр, ал  шаңырақта береке болмайды.  Масылдық, адам жолмен ақша табу көрінісі жанұяда орын алса, бұл  өсіріп отырған ұл қызының да тәрбиесіне теріс әсер етеді. Адал адам, адал табыс, адал еңбек адамның екі өмірімінде де иіг қызмет жасайтын амалдар. 

      Үкіметтің бір тиынын болса да алып қалайық деген арампиғылдылардың әрекетінен  шынымен де жағдайы жоқ отбасыларға  тиісті деңгейде көмек берілмей келеді. «Аспаннан киіз жауса да,  кедейге ұлтарақ бұйырмайды» деген осы шығар.  Әлеуметтік алаяқтық проблемасын ел басшымыз қозғаған кезде заңгер ретінде, осы елдің азаматы ретінде қатты қуандым. Президенттің қатаң  тапсырмасынан кейін бұл мәселеге нүкте қойлады деген сенімдемін.  

image.png

        Азат ӘМІРТАЙ, Шымкент қалалық Ситуациялық орталығының басшысы, ШҚҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жергілікті заңдылық құқық тәртібін бақылау жөніндегі комиссия төрағасы,  Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

                                  30 жылда біз ұлттық  идеологияны босаңсытып алдық

   - Адамдардың  жеңіл жетістікке құмар болып бара жатқаны алаңдатарлық жағдай. «Мен көмекке ілінбей қалдым, әлеуметтік көмектің ақшасы неге аз түсіп қалды»  деген шағымдармен  біздің орталықққа хабарласатындар көп. Азаматтардың орташа жалақысымен мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек қаражатының айырмасы шамалы ғана.  Осы себептен  қарапайым тұрмыс кешіп жүрген жандарға жұмыс істеп қайтем, одан да   жұмыссыз  ретінде тіркеліп, әлеуметтік көмек ала бермеймін бе?»  деген ой келеді.  Мына заманда ақыл айтқан кімге жағады дейсіз.  Әйтсе де осындай азаматарды көргенде «жарайды, сіз осылай үйде  үкіметтің берген көмегін алып  өміріңізді өткіздіңіз. Ал үйдегі сіздің ізіңізді басатын, сізден үлгі алатын балаларыңыз қандай тәрбие алып жатыр. Сіз жұмыс істеп қоғамға араласпасаңыз, санаңызды өзгертпесеңіз, көкжиегіңізді кеңейтпесеңіз балалар қалай дамиды,  олар да ертең сіз секілді масыл болады емес пе?»  деп ақылымды айтып жүремін. 

   Қазақстан Кеңес Одағының бодандығынан шыққан соң  идеология емес экономиканы алға қойдық. Сөйтіп жүріп 30 жылда өтіп кетті.  Әрине экономика тұрғысынан жеткен жетістігіміз жоқ емес,  бар. Енді қазір жасанды интеллектті дамытуға ден қойып отырмыз. Сол секіңді идеология мәселесін де алдыңғы қатарға шығарып, қолға алуымыз қажет. Әсіресе аяқ қолы сау ер азаматтардың, тепсе темір үзетін жас жігіттердің үйде жұмыссыз жатуы ұят екенін , масыл адамның  болашағы жоқ екенін ұғындыруымыз қажет. Халыққа масылдықтың жаман әдет екенін, оның зардабын  сүйектен өтетіндей етіп, батырып айту керекпіз және ақапараттық саланы қолдану арқылы теледидар, радио, газет- журнал, әлеуметтік желілер арқылы түрлі  бейнебаяндар түсіріліп, өткір мақалалар жазылуы керек. Егер осы жұмыстары қолға алсақ алдағы 10, 20 жылда масылдықтан ұялатын адамдары тәрбиелеп шығара аламыз. Ал дәл қазір сіз қанша жерден заң шығарыңыз, қанша жерден тосқауыл қойсаңыз да  масылдық жойылмайды.  Себебі 30 жылда біз ұлттық  идеологияны босаңсытып алдық. Ал енді сол қателікті түзететін уақыт келді. 

image.png

       Бекзат ТОЛЫБАЕВ, Шымкент қаласы Еңбек мобильдігі орталығы директорының орынбасары:

                          АӘК-  өмірдегі қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетуді көздейді

       -  Жолдауда Приезидентіміз Жаңа Қазақстанның өте өзекті мәселесін қозғады. Әлеуметтік көмек беру мәселесіндегі проблемаларды ашып айтып, әлеуметік алаятықты жоюды тапсырды. Расында ел тұрғындары  әлеуметтік көмектерді алу үшін небір қитүрқы әрекеттерге барып жатқаны жасырын емес.  Мекеме мамандары  әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың өтінішін қабылдау барысында неше түрлі әрекеттерге куә болып жатады. Осы ретте, мен маман ретінде Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілетінін атап өткім келеді. 

      АӘК  жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінің мөлшері арасындағы айырма түрінде есептеледі. Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде белгіленген. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептік кезеңде алынған табыстың барлық түрі ескеріледі АӘК өмірдегі қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетуді көздейді. Бұл 2 түрге жіктелген ақшалай төлем: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға шартсыз ақшалай көмек көрсетіледі және олар үшін жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасқан отбасыларға беріледі. АӘК жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен ҚР халқының келесі санаттарына тағайындалады. Олар: ҚР азаматтары; ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар; босқындар; қандастар. Шартты көмек алған  азаматтар  еңбекке тартылуға міндетті. Егер денсаулығына байланысты медициналық анықтамасы болса бұл міндеттен екі айға босатылады. Мәне, осы жағдайды пайдаланып, жалған анықтама алатындар бар. Бірақ қазір медицина саласындағы цифрландыру жүйесі енгізілуінің арқасында мұндай қулықтар жойылды. Шартты көмек алатындарға қаржылай көмек негізінен уақытша беріледі. Яғни ол азамат еңбекке қабілетті болғандықтан тұрақты жұмыс тапқанша, табысы кедейлік шектен шыққанша аяққа тұрып кетсін деген ниетпен беріледі. Бұл топттағы тұрғындарға біз тұрақты жұмыс тауып береді. Егер тұрақты жұмыс орны табылмаса уақытша жұмыс орынларын ұсынамыз. Мамандығы, білімі жоқ болса кәсіптік оқытуға жібереміз. Жұмыспен қамтудың жобаларына қатыстырып, тәжірибе жинауына, білім алуына жағдай жасаймыз.  

       Жастар арасында жүргізілген сауалнама мен талдау жұмыстарына қарайтын болсақ жастар арасындағы жүмыссыздықтың басты себебінің бірі  ол – бастапқы тәжірибенің жоқтығы. Мемлекет мұны да ескеріп «Жастар практикасы» бағдарламасын қолға алды. Жалпы, қазіргі таңда белсенді жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамтудың 6 бағдарламасы бар болса, соның 3-еуі жастарға арналаған. Лайықты жұмыс таппаса уақыт жоғалтпай бірден мамандарға жүгініп, жобаларға қатысқан дұрыс. Бұл жобалардың ешқайсысынан жастар ұтпаса, ұтылмайды. Сол себепті жастардың «жұмыс жоқ» дегені, жәй ғана сылтау екенін айтқым келеді.  

      Ал шартсыз көмек алатындарға: 1,2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, өзгенің көмегіне мұқтаж қарт адамдар жатады. Яғни еңбекке қабілетсіз адамдар. Мұндай жандарды масыл деп айта алмаймыз. Себебі  олар шынымен көмекке мұқтаж.    

       Бір айта кететін жәйт,  қаламызда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны жыл сайын азаюда.  Былтыр  шаөар бойынша 8810 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алған болса, биыл 8 айдың қорытындысымен 4763 отбасыға тағайындалған. Яғни 46 пайызға азайып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек беру жобасы алғаш басталғанда жылына 50-60 мың отбасыға тағайындалатын. Жұмыспен қамтудың  ұлттық жобаларының арқасында, ел ішінде тұраұты өткізіліп тұратын бос орындары жәрмеңкесі мен өзге де насихат жұмыстарының нәтижесінде  қазір көмекке мұқтаж азаматтардың қатары сиреп келеді. Бұл елімізде масылдықпен күрес жұмыстарының жемісі деп білемін. Президент айтқанда бұл жұмыстарды тағы да жақсылап қолға алсақ Қазақстан масыл емес, адал еңбек етуші азаматтардың Отанына айналатын болады.  

image.png

       Алтай ОРДАБЕКОВ,  «Байтақ» жасылдар партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы:

                                 Масылдық – тәрбиенің әлсіздігінен белең алды

     -  Қазақ қоғамында масылдық белең алуына  жұмыс орнының, жалақының аздығы себеп болып отыр. Егер жұрттың қарны тоқ, көйлегі көк болса мұндай  жат тірлікке  ілінбес еді. Екіншіден, бұл тәрбиенің әлсіздігі. Өз басым осы күнге дейін үкіметтен бір де бір жәрдем сұрап көрмеппін. Бұл менің бай болғандығымның белгісі  емес.  Қарапайым отбасында өстім, қазір да  қарапайым тұрмыс кешудемін.  Бұл жәй ғана ата-анамның  біреуге алақан жайма деп берген тәрбиесінің жемісі. Алаяқтықтың  кесірінен шын мұқтаждар тасада қалуда. Сондықтан әлеуметтік көмекті үлестіретін органдардың жұмысын қадалағап,  күшейту керек деп есептеймін.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді
  • Қ.Тоқаев былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жеткенін айтты
  • Президент жолдауы: көлік-логистика – Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыты
  • Әлеуметтік масылдықпен қалай күресеміз?
  • Төтеншелік мамандар игі іс жасады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер