Халықтың әл-ауқатына баса мән беріп, әлеуметтік қолдауды аямайтын мемлекетте масылдық психологиясы күшеюі мүмкін. Қазақстан - әлеуметтік мемлекет. Басты байлығым халқым, оның денсаулығы мен құқықтары деп қарайтын елімізде тұрғындарға бүгінде түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл көмек шараларын артығымен пайдаланып отырғандар аз емес. Еңбекке қабілетті бола тұра жұмыстан жалтарып, жәрдемақыға күнелтіп отырғандар қоғамда масылдық психологиясының өршуіне «ат салысуда». Сондықтан, бүгінде әлеуметтік масылдық пиғылынан арылу ауқымды мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру ісінде өңірлердің ахуалын қайта таразылау қажеттігін ескертті.
Шымкент қаласы – еліміздің ең ірі мегаполистерінің бірі. Мұнда халық саны қарқынды өсіп, еңбек нарығы мен әлеуметтік қолдау жүйесіне түсетін салмақ та артып отыр. Қалада халық саны көп, демек еңбекке қабілетті жастардың үлесі жоғары. Бұл бір жағынан мүмкіндік (адам капиталы), екінші жағынан қауіп (жұмыссыздық, масылдық). Сондықтан қалада кәсіптік білім беру мен жастарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуі керек. Жұмысқа орналасу үшін әр азаматтың еңбек нарығында кәсіби бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Бұл ретте Мансап орталығының жұмысы ерекше мәнге ие. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту және жастардың болашағына сенімді қадам жасауына қолдау көрсету. Түптеп келгенде адамдарды еңбекке шақыру арқылы қоғамдағы масылдықты жою.
Мұнда азаматтарға бағыт-бағдар беретін түрлі жобалар іске асырылуда. Кәсіби бағдар беру курстары, заманауи талаптарға сай мамандықтарға оқыту, қайта даярлау бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары туралы ақпарат беріліп, жұмыссыз жүрген азаматтарға тиімді шешімдер ұсынылады.
«Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген қазақтың керемет мақалы бар. Мансап орталықтарының мақсаты да осы мақалға саяды. Яғни жұмысы жоқ, тұрмысы төмен отбасы мүшелері, қала тұрғындары мен жастарын еңбекке жарамды болса жәрдемақыға қаратпай, сол қаражатты өздері табуға ынталандыру. Ынталандырып қана қоймай сол мақсатына жеткізу. Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар міне, осыны көксейді. Яғни «аш» отырған азаматтарға өзі еңбек ете отырып, тұрмысын түзеуге, жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру. Оқуды бітірген жастардан бастап зейнетке шыққан жандарға дейін мемлекет мұндай мүмкіндікті беріп отыр. Айталық «Жастар практикасы» бағдарламасы жас маманның тәжірибе жинап, еңбек нарығына бейімделіп кетуіне жол ашады. Жұмыс берушілер тарапынан бізге өтінім келіп түседі. Біздер «Жастар практикасы» жобасы бойынша жас түлектерді сол мекемелерге 12 айға жолдаймыз. Көп жастарымыз біліктілігі мен білімділігінің арқасында 12 ай мерзімге жетпей сол жұмыс орнында тұрақты жұмысқа қабылданып, қалып жатады. Көптеген мемлекеттік мекемелер, жеке кәсіпкерлер болсын осы «Жастар практикасының» арқасында көп мамандарды өздеріне алып қалып жатыр. Мысалы бір мекеме 5 адамға өтінім беріп, 5 жас маман «Жастар практикасымен» сонда жолданса, соның 3-еуі бір жылға жетпей тұрақтап қалуда. Одан бөлек «Ұрпақтар келісімшарты» деген бағдарлама бар. 6 ай мерзімге жолданады. Бұл жерде сол мекемедегі зейнет жасына жақындаған маманның орнына жастар 6 ай жұмысқа жолданады. Бұл мерзім ішінде зейнетке жақындаған маман жұмыстан кетпейді, тек орнына келетін жас маманға білгенін үйретеді. Яғни тіс қаққан маман жас маманды тәрбиелеп шығарады. Негізі өте керемет бағдарлама»,- дейді Әл- Фараби ауданы Мансап орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев.
Орталық тек жұмыс табуға көмектесіп қана қоймай, жастардың өз кәсібін ашуына, кәсіпкерлік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Арнайы тренингтер мен семинарлар арқылы жеке қабілетті шыңдауға жағдай жасалған. Бұл бастамалар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандардың көбеюіне ықпал етеді. «Бізге арнайы білімі жоқ азаматтар да жүгінеді. Адамдардың барлығының бірдей жоғары білімі бола бермейді ғой. 9 сыныпты бітіргеннен кейін ары қарай оқуын жалғастырмаған тұрғындар бар. 11 сыныптан кейін жоғары оқу орнына түсе алмай, жұмыс істеп кеткендері бар. Ол азаматтарға біздің тараптан кәсіптік оқу бағларламасын ұсынамыз. Мысалы әйел азаматшаларға тігінші, кондитер, ал ер азаматтарға электрик, токарь, слесарь деген қажетті жұмысшы мамандықтарды 3 ай оқытамыз. Яғни біздер білімі жоқ азаматтарды бірден қара жұмысқа жегіп қоймаймыз. 3 ай оқытып, сертификат береміз. Сөйтіп дайын маман болып шығады. Мысалы 3 ай аспаздықты оқыса ол азамат кез-келген мейрамхана, тамақтану орындарына жұмысқа тұра алады. Білім беру ұйымдарында оқытылса да, жұмыс берушінің базасында оқытылса да арнайы шәкіртақы төленеді. Яғни сіз 3 ай оқығаныңыз үшін, жұмысшы мамандықты игергеніңіз үшін мемлекет сізге ақша төлейді. Оқуға уақыты жоқ жандар да болады. Ондай тұрғындарды көбінесе тазалық, коммуналдық сала бойынша жұмысқа орналастырып береміз. Мұндай мекемелерде де қазір жалақы едәуір жоғары. Яғни жұмыстың қарасы, ағы деп бөліп отырмаймыз. Еңбек еткісі келген кез-келген жанға көмек беруге дайынбыз. Тек адамның бойында масылдық, жалқаулық әдеті болмаса, еңбекке ынтасы болса біздің мамандар бағыт-бағдар беріп, керек болса оқытып, білімін жетілдіріп, жұмысқа орналастырып береді. Тіпті, жәрдемақыға күн көріп отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да еңбек етуге мүмкіндік бар. Еңбекке жарамды болса денсаулық жағдайына сай жұмыс тауып береміз. Барлығы адамның өзіне байланысты. Жұмыстың жаманы жоқ»,- дейді Нұрбол Мұратұлы.
Сонымен қатар, Мансап орталығы цифрлық жүйелерді белсенді енгізіп отыр. Қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі уақыт үнемдеуге, қолжетімділікті арттыруға септігін тигізеді. Осылайша, әрбір азамат кәсіби даму жолында қажетті қолдау мен бағытты осы орталықтан таба алады. Мансап орталығының бастамалары дәл осы мақсатқа бағытталған. Мамандар тұрғындарды уақыт талабына сай жаңа дағдыларды игеруге, біліктілігін арттыруға және еңбекке белсене араласуға шақырады. Себебі қазіргі нарық тек дайын білімді ғана емес, үздіксіз ізденісті, кәсіби дамуды қажет етеді.
«Шымкент қаласының прокуратурасымен бірлесіп, біз әр апта сайын Шымкент қаласында шалғай елді мекендерге барып, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыссыз азаматтарға қандай мүмкіндіктер бар, жұмысшы мамандықтарды қалай, қайда игеруге болады, қай жерде қандай бос жұмыс орындары бар деген секілді барлық ақпараттарды береміз. Одан бөлек жиі жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Басты мақсатымыз – әрине, елдегі патерналистік көңіл-күйді төмендету, масылдықты азайту, жұмыссыздықпен күресу және жұмыссыз жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтыру болып табылады. Тәжірибесі жоқ жандардың жұмысқа тұру процесі ұзақ болады, қиын болады. Егер сіз тым болмаса 1 жыл тәжірибе жинақтаған болсаңыз кез-келген мекеме, кәсіпорынға кедергілерсіз жұмысқа орналаса аласыз. Сондықтан жастарға айтарым: мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану қажет. Соның арқасында еліміздің дамуына үлестеріңізді қосқаныңыз болып есептеледі»,- дейді Нұрбол Мұратұлы.
Азаматтардың еңбекке деген ынтасы, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы және жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы – жұмыссыздықты азайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сондықтан еңбекке белсенді араласу – әр адамның өз болашағына салған инвестициясы.
Азаматтарды еңбек баулудың бір жолы – ол жәрмеңке. Осы орайда таяуда Шымкентте «Еңбек күні» мерекесіне орай «Еңбек – елдің мұраты» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен болатын. Бұл шара аймақ жастары мен жұмыс іздеушілеріне үлкен мүмкіндік берді.
«Бұл жәрмеңкені жұмысшы мамандықтарға арнап отырмыз. Дәл осындай жәрмеңкені қалада көктемде, жаз мезгілінде өткізген едік. Енді міне, кезекті іс-шарамыз өтті. Бұл жәрмеңкеге 100-ге жуық жұмыс беруші шақыртылды. Оның ішінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс», «Бал Текстиль», «Asia Trafo», «NURTAU distribution company», «KARLSKRONA» секілді ірі компаниялар да бар. 1500-ге жуық тұрақты жұмыс орындары және 3 мыңға жуық уақытша жұмыс орындары ұсынылып отыр. Жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызы өте зор. Себебі тігінші мамандарын алсақ, біздің үстіміздегі күнделікті киімнен бастап, полиция, дәрігер, зауыт жұмысшысы секілді арнайы мамандардың киімдеріне дейін тігетін осы мамандықтың иелері. Сол секілді құрылысшыларсыз да мемлекетті, қоғамды елестету мүмкін емес. Тұрғын үйден бастап, қаламыздағы зәулім сарайларды, демалыс орындары, бизнес мекемелеріне де салатын осы жандар. Сондықтан, жұмысшы мамандарсыз қоғам дамымайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмысшы мамандарға айрықша көңіл бөліп, жұмысшы мамандықтарды оқыту және жұмысшы мамандардың еңбегін бағалау керек деген бастамасын қолдаймыз. Жалпы биыл жұмыс іздеген қала тұрғындарына жұмысшы мамандықтарды көбірек ұсынып, жұмысқа орналастырып жатырмыз. Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі деп бекітілген. Осыған орай қала аумағында кәсіпорындарда 15-20 жылдан бері жұмыс істеп жүрген азаматтарды марапаттап, олардың еңбегін елге танытып, жастарға насихаттау жұмыстарын да жүргіздік»,- дейді Еңбек мобильдігі орталығының директоры Бағдат Арқабаев.
Шараға түрлі саладағы жетекші кәсіпорындар мен мекемелер, өндірістік компаниялар мен қызмет көрсету ұйымдары қатысты. Жәрмеңке барысында азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер таныстырылды. Сонымен бірге қатысушыларға кәсіби бағдар беру, мамандық таңдау және қайта даярлау курстары бойынша кеңес берілді.
«Бүгінгі таңда Павлодар облысына көшіп келетін азаматтарға мемлекет тарапынан біраз қолдаулар көрсетіледі. Ең бірінші көмек ретінде 70 АЕК қаржылай көмек беріледі, екіншіден, көшіп келген отбасыға тұрғын үй сатып алған кезде қаражатының 50 пайызын үкімет қайтарып береді. Павлодар өңірі индустриясы дамыған өңір болғандықтан көбінесе техникалық сала мамандары, мұғалімдер, дәрігерлер жетіспейді. Облысқа жоспар бойынша биыл 3500 квота бөлінген болатын. Бүгінгі таңда соның тек 30 пайызы орындалып отыр. Қалалық жерлерде электрик, дәнекерлеуші, механизаторлар және мәдениет саласының мамандары жетіспейді. Өңірдің экономикасына сай жалақы төленеді. Көші-қон бағдарламасы бойынша көшіп келушілерге 2 критерий беріледі. Біріншісі, көшіп келген отбасы мүшелерінің тұрақты мекен-жай тіркеуі осы Оңтүстік өңірде болуы керек және кемі бір жыл тіркеуде тұрған болуы шарт. Екіншісі, жұмысқа жарамды отбасы мүшесінің бірінде бизнесті, кәсіпті дамыту үшін дипломы болу қажет. Жалпы облысқа көшуге, осында еңбек етуге ниетті жандар көп. Біз биылдың өзінде Шымкентке бірнеше рет келдік. Бірақ адамдардың бойында үрей бар. «Бөтен қала, таныс емес ауылда қалай болады екен» деп қорқақтайды. Осындай жәрмеңкелер арқылы біз ақпараттарды жеткізіп, жоспарды орындаймыз деген сенімдемін. Павлодар облысында 10 аудан, 3 қала бар. Соның кез-келгеніне қоныс аударып, жұмыс істеуге болады. Таңдау өз еріктерінде»,- дейді Павлодар облыстық Еңбек мобильдігі орталығының маманы Марат Омарбаев.
Бұл жәрмеңке – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстыратын тиімді алаң. Мұнда әр азамат өзіне қолайлы жұмыс табуға немесе біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Еңбек – ел дамуының басты тірегі. Сондықтан әрбір адамның еңбек етуіне жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз.
«Мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдалану қажет. Жұмысшы мамандарды іздеп жүрген мекемелер өте көп екен. Бұл жастар үшін үлкен мүкіндік қой. Өзге облыстарға да шақырып жатыр. Бәрі бір Қазақстанның іші емес пе? Еңбек қай жерде де еңбек. Қазір жастардың көбісі бос жүр. Көбісі мемлекеттік бағдарламалар елдегі масылдықты күшейтті деп ойлайды. Олай емес, мұның барлығы керісінше, сол масылдықты жою үшін жасалып жатқан игі істеп деп білемін. Сол көмектерді пайдалана отырып, әрі қарай әр адам өзі әрекет етіп, адал еңбегі арқылы мемлекеттен алған жәрдемақысын екі есе қайтарып бере алады. Масылдықты азайту тек мемлекеттік саясатқа ғана емес, қоғамның белсенділігіне де байланысты. Әрбір азамат еңбекке адалдықты үлгі етуі, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуі тиіс. Азаматтық қоғам ұйымдары еңбек мәдениетін насихаттауда маңызды рөл атқара алады»,- дейді қала тұрғыны Жанасбек Есмұханбетов.
Жәрмеңкеге түрлі жастағы азаматтар шақырылды. Әсіресе жастарға, жаңа білікті мамандарға, сондай-ақ еңбек тәжірибесі бар азаматтарға ұсынылатын орындар жеткілікті. Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар халықты жұмыспен қамтуға, аймақ экономикасын нығайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді. Қызметкер іздеп келген мекеме өкілдерінің басым бөлігі жұмысшы мамандарды іздеп жүр. Кезекті жәрмеңкенің ауқымы да кең. Себебі шараға қаланың алып компаниялары, өндірістік зауыттар мен мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты. Ұсынып жатқан қызметіне қарай жалақысы да өзгереді. Мәселен кондитерлік өнім сауда желісінде техникалық қызметкерлер тапшы екен. «Бізге қазіргі таңда аспазшы, кондитер, сатушы, бариста, қоймашы, жүк тасушы және техникалық қызметкерлер керек. Қала бойынша бізде 11 филиалымыз бар. Соның барлығында жалпы 30 ваканция бос тұр. Қызметкерлерге компанияның есебінен тегін түскі ас беріледі. Ресми түрде жұмысқа қабылданады және қызметкерлерді көлікпен тасымалдау қызметі де көрсетіледі»,- дейді «Ладушки» кондитерлік желілерінің өкілі Әлия Асабаева.
«Еңбек – елдің мұраты» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – еңбекке құрмет көрсетудің, халықтың әлеуетін арттырудың нақты қадамы. Табысқа жетелейтін жалғыз жол – оқу мен еңбек. Алдыға мақсат қойып, еңбек еткен адам ешқандай ұтыссыз-ақ, жетістікке жететіні анық.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді. «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз». Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты. «Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
«Қолыма жұмыс бергенің — жаныма тыныс бергенің» дейді. Мамандар мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, еңбек етуге, екі қолға бір күрек ұстап, елімізге адал еңбек етуге, Қазақстанымызды дамытуға шақырады.