Шымкент өнеркәсібімен алға жылжып, талай салада көш бастап келе жатқан қала. Оның өркендеуінде ондаған зауыт-фабрикалар мен мыңдаған жұмысшылардың маңдай тері, қажырлы еңбегі жатыр. Иә, әрине. Әрбір мекеменің табысы сондағы қарапайым еңбек адамдарымен өлшенеді. Осындай бір кәсіпке адал беріліп, жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп, өндіріске дем беріп жүрген абзал азаматтың бірі «АК Шымкентмай» кәсіпорнының тәжірибелі маманы Шымкентбай Абданбеков.
1969 жылдың 28 сәуірінде Сайрам ауданына қарасты Қайнар-Бұлақ ауылында дүниеге келген Шымкентбайдың балалық шағы ауыл тіршілігінің қарапайым қалыбымен өрілді. Мал бағып, жер өңдеп өскен бала жастайынан еңбекқорлыққа баулынды. 1976 жылы мектеп табалдырығын аттап, он жыл бойы білім нәрімен сусындап, 1986 жылы орта мектепті тәмамдады. Артынша жас жігіт ел алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, 1987–1989 жылдары тәртіп пен шыңдалудың мектебінен өтті.
Әскерден оралған соң, үлкен өмірге қадам басты. 1991 жылы тағдырын өндіріс орнымен байланыстырған ол «АК Шымкентмай» акционерлік қоғамының дайындау цехына слесарь болып қабылданды. Содан бері, міне, арада 34 жыл өтсе де, Шымкентбай Керимбекұлы бір сәтке де адал қызметінен айныған емес. Кәсіпорынның қилы кезеңдерінен бірге өтіп, өндірістің әр жетістігіне үлесін қосып келеді.
Слесарь мамандығы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда оның жауапкершілігі орасан. Өндірістегі әр құрал-жабдықтың ақаусыз жұмыс істеуі, тоқтаусыз үдеріс пен сапалы өнім осы мамандардың қолынан өтеді. Мұнда қателікке жол жоқ, себебі бір сәттік салақтық бүкіл зауыттың жұмысына кедергі келтіруі ықтимал. Мұны терең түсінген Шымкентбай Керімбекұлы әр тапсырманы ұқыптылықпен орындап, жинаған мол тәжірибесінің арқасында ұжым ішінде үлкен сенімге ие болды. Әріптестері оны сабырлы мінезі, іскерлігі және қарапайымдылығы үшін ерекше бағалайды.
1993 жылы отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Жылдар бойы бір әулеттің тірегіне, үш баланың асыл әкесіне, бүгінде немерелерінің сүйікті атасына айналды. Ол үйде де, жұмыста да бір қағиданы берік ұстанады: адал еңбек – өмірдің ең басты құндылығы.
Шымкенттің бүгінгі жетістіктерінде мыңдаған қарапайым мамандардың маңдай тері жатыр. Солардың ішінде 34 жылын бір кәсіпке арнаған Шымкентбай Керімбекұлының орны айрықша. Оның еңбегі жас ұрпаққа үлгі, қоғам үшін баға жетпес қазына.