Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Қарапайым еңбек адамы – ел дамуының тірегі болуы тиіс», – деген еді. Бұл сөз, шын мәнінде, қоғамға қалтқысыз қызмет етіп, тұрмыс-тіршіліктің ауыр жүгін арқалап жүрген жандардың еңбегіне берілген әділ баға. Өйткені өндірісті өркендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарының үлгісі, елге тірек, ұрпаққа өнеге. Солардың бірі Қуат Фазилұлы.
1969 жылы 6 сәуірде Сайрам ауданына қарасты Карл-Макс ауылында дүниеге келген ол бала кезінен еңбекке баулып өсті. Қарапайым ауыл баласы ерте жастан тіршіліктің тауқыметін көріп, ата-анасының тәлім-тәрбиесімен мал бағып, жер жыртып, ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласты. Бұл жылдар оның болашақтағы еңбек жолына берік негіз қалап, төзімділік пен шыдамдылыққа үйретті. 1976 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттап, оны 1986 жылы ойдағыдай аяқтап шықты.
– «Сол дәуірде ауыл балаларының барлығы дерлік жұмысқа ерте араласатынбыз. Мал бағу, егін егу, шөп шабу біз үшін күнделікті үйреншікті іс болды. Осындай тіршілік бізді өмірге шыңдап, табандылыққа баулыды», – деп еске алады ол балалық шағын.
Мектептен соң түрлі салада еңбек етіп, тәжірибе жинаған Қуат Фазилұлы 1987–1989 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Әскерден оралған соң тағдырын өндіріс орнымен байланыстырды. 1991 жылы «Шымкентмай» акционерлік қоғамына жұмысқа қабылданып, слесарь қызметін атқара бастайды. Қарапайым жұмысшыдан бастап, біртіндеп ұжымға сыйлы маманға айналды.
Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында 1997 жылы бригадир қызметіне тағайындалды. Ал 2012 жылдан бері дайындау цехының механигі болып табанды еңбек етіп келеді. Осылайша бір мекемеде 34 жыл бойы үздіксіз жұмыс атқарғаны оның кәсібіне адалдығының айқын дәлелі.
Әріптестері оны: «Жұмысына өте тиянақты, тапсырманы соңына дейін жеткізбей қоймайды. Ерте келіп, кеш қайтады. Мінезі сабырлы, сөзге берік, жомарт жан» деп сипаттайды. Ал өзі болса қарапайым ғана: «Еңбектің қай түрі де бағалы. Жұмысты сүйіп істесең, шаршамайсың. Адал еңбек түбі абырой. Өз кәсібіңді адал атқарсаң, ол ертеңгі күні еліңе де, өзіңе де құрмет әкеледі», – дейді.
Қуат Фазилұлы тек білікті маман ғана емес, үлкен әулеттің қорғаны. Ол сүйген жарының серігі, төрт баланың әкесі, төрт немеренің ардақты атасы. Бүгінде шаңырағында ұрпағының қызығына бөленіп, немерелерін еңбекқорлыққа, адалдыққа баулып келеді.
– «Әкеміз бізге әрқашан: «Қандай жұмысты қолға алсаңдар да, адал атқарыңдар. Еңбектен қашпаңдар, жалқаулыққа жол бермеңдер. Нанымыздың қадірі адалдықтан басталады», – деп айтып отыратын. Қазір сол өсиетті өз балаларыма да, немерелеріме де қайталап айтамын», – дейді кейіпкеріміз.
Шын мәнінде, адал еңбектің қадірін білетін жан ғана өмірде табысқа жетеді. Өмірдің ыстығы мен суығына шыдаған, бір кәсіпке адал берілген адам қашанда халық алдында сыйлы. Президенттің «еңбек адамы – ел тірегі» деген сөзі Қуат Фазилұлына тікелей қатысты. Оның еңбек жолы жас буынға өнеге, адалдықтың айнасы. Иә, қарапайым еңбекті бағалай білген қоғам ғана іргелі мемлекетке айналады. Қуат Фазилұлы сияқты азаматтар барда елдің іргесі берік, болашағы нық болмақ.