Өлеңге ғашық ұстаз

image.png        

 Шымкент қаласының жас та дарынды ақындарына жол сілтеп жүрген нәзік жанды Альфия Әл-Фарабиқызын көпшілік әлі танып үлгермегенімен, оның шәкірттері мен әріптестері оны поэзияға адалдықпен берілген еңбек адамы ретінде ерекше құрметтейді.

         2002 жылы шырайлы Шымқалада дүниеге келген Альфия бала күнінен әдебиетке ынтық болып өсті. «Менің балалық шағым кітаптың иісі мен өлеңнің әуенінде өтті, – дейді ол күлімсіреп. – Әжемнің сандық түбінде сақталған ескі кітаптарды ақтарып, әр бетінен жаңа әлем тапқандай қуанышқа бөленетінмін. Сырлы сөзге деген махаббатым сол сәттерде ұялады».

         Алғашқы білімін №88 жалпы орта мектепте алған ол жас кезінен-ақ мектептегі поэзия кештерінің белсенді қатысушысы болды. «Сол жылдары сахнаға шығып, Абай мен Мағжанның өлеңдерін оқыған әр сәтім ерекше сезім сыйлайтын. Өлең – жүрегімнің тілі екенін сол кезде ұқтым», – дейді Альфия жүрегіндегі сырын ақтарып.

          Арман жолында нық қадам жасаған бойжеткен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін тәмамдады. Студенттік шақта-ақ мүшәйраларға қатысып, алғашқы өлеңдері жергілікті басылым беттерінде жарық көрді. «Университет қабырғасында өткізген жылдар  менің шығармашылыққа деген сенімімді бекемдеді. Біз түн ортасына дейін кітапханадан шықпай, өлеңдерімізді бір-бірімізге оқитынбыз. Әр жаңа жол, әр жаңа ой маған қанат бітіретін», – деп еске алады ол.

         Қазіргі таңда Альфия Әл-Фарабиқызы Шымкент қаласындағы №2 Оқушылар сарайындағы поэзия үйірмесінің жетекшісі. Ол жас өрендерді сөз өнеріне баулып, поэзияның қыр-сырына жетелейді. «Әр бала  тұнып тұрған ғалам. Олардың жүрегіндегі нәзік сезімді ашып, өлеңге деген сүйіспеншілігін ояту  менің парызым, – дейді ол. – Өлеңді тек жаттап алу емес, оны жүрекпен түсіну  үлкен өнер. Шәкірттерімнің әр жетістігі  мен үшін ең қымбат марапат».

       Шәкірттері де ұстаздарын ерекше ықыласпен айтады. «Альфия апай бізге өлең оқуды ғана емес, сөздің қадірін түсінуді, ойды еркін жеткізуді үйретеді. Әр сабақ  шабытқа толы саяхат», – дейді олардың бірі. Расында да, оның тәрбиесін көрген жас ақындар түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Биылдың өзінде-ақ үйірме мүшелері бірнеше мәрте топ жарып, халықаралық қазақ ақындарының өлеңін мәнерлеп оқудан 1 және 2 орындарды еншіледі.

         Жас ұстаздың еңбегі үйірмемен шектелмейді. Ол қалалық мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүр. Әдеби кештердің ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі болып, поэзия мерекелерін жаңаша форматта өткізеді. «Поэзия адам жанының емшісі. Жүрек кейде сөзге зәру болады. Жақсы өлең  жанның дауасы. Біз жастарға поэзия арқылы мейірімге, шынайылыққа, жақсылыққа жол көрсете аламыз», – дейді ол сеніммен.

        Альфия үшін бұл еңбектің орны бөлек. «Еңбектің бәрі бірдей бағалы. Дәрігер денсаулықты сақтаса, ұстаз жүректерді тәрбиелейді. Менің еңбегім  балалардың жан дүниесіне сәуле себу. Бұл  өмірлік таңдаған жолым әрі үлкен мәртебем», – дейді ол жүрекжарды сөзін жеткізіп.

        Өлеңге құштар ұрпақтың қалыптасуына үлес қосып жүрген бұл жас ұстаздың еңбегі,  шынайы шабыттың, адалдықтың көрінісі. Альфия Әл-Фарабиқызы  сөз өнерінің нәзік иірімін жанымен сезініп, сол сұлулықты шәкірттеріне жеткізіп жүрген жыр жүректі жан. Оның өмірі өлеңмен өрілген, жүрекке жылы шуақ сыйлайтын өнегелі жол.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шырайлы шаһардың шынайы еңбеккері
  • Өлеңге ғашық ұстаз
  • Қызметтің қымбат қазынасы
  • Адал еңбектің үлгісі
  • Мұра сақтаушы маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер