Қоғамда әр адамның жүрек қалауымен айқындалған өз жолы бар. Кейбірі сол жолды өмір бойы іздеп әуре болса, енді бірінің бағыты бала күнінен-ақ анықталады. Дана Сайлаубек солардың қатарында. Ол жас кезінен адал еңбекті өмірінің өзегіне айналдырды. Қолы қалт етсе үлкенге де, кішіге де көмектесіп, мейірімін аямайтын. Адамға жақын болуға деген ұмтылыс оның өмірлік ұстанымын да, таңдаған кәсібін де айқындап берді.
Медицина жай мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен шексіз мейірімнің көрінісі. Дана Бахтиярқызы үшін дәрігерлік жол адам өміріне деген құрмет, науқасқа деген жанашырлық пен өзіне қатаң талап қоюдың белгісі. Бүгінде ол Шымкент қалалық қан орталығының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі. Сегіз жылға жуық қажырлы еңбегі арқылы ол әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие болды. Жұмысындағы ұқыптылық пен табандылық әр шешімінен көрініс тауып, ұжымдық бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді. Дана әріптестерінің жағдайын үнемі назарда ұстайды. Кабинетінің есігі әрдайым ашық, біреу қуанышын бөлісуге келсе, біреу мұңын айтуға келеді. Бірінің отбасылық қуанышын бірге атап, енді бірінің қиын сәтінде демеу көрсетеді. Сондықтан әріптестері оны «жанашыр басшы» деп атайды.
Адал еңбек елеусіз қалмайды. Дана Бахтиярқызының марапаттары соның айғағы. «Қазақстан Республикасының қан қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «SENIM» кәсіподағының Құрмет грамотасы, «AMANAT» партиясының алғыс хаттары , бәрі көп жылғы еңбектің, әділ қызметтің дәлелі. Биыл ол үшін ерекше кезең болды: Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне ресми делегат болып сайланып, Шымкент қалалық қан орталығының 156 қызметкерінің атынан сөз сөйлеу мәртебесіне ие болды. Бұл жеке құрмет қана емес, бүкіл ұжымның сенімін арқалау, әріптестерінің аманатын жеткізу.
Сайлаубек Дана еңбек пен парасаттың тоғысын бойына сіңірген жан, адалдықты өмірінің темірқазығы еткен қайсар тұлға. Ол үшін жұмыс жай ғана күнделікті атқарылар шаруа емес, адамға жақсылық дарытып, әділдік орнатуға бағытталған қасиетті міндет. Бала күнінен маңдай тердің дәмін татып, адал еңбектің қадірін сезініп өскен Дана Бахтиярқызы осы қасиетін өмір бойы серік етіп келеді. Дананың жүріп өткен жолы маңдай тер мен адал пейілдің алтын шежіресі. Уақыт бедерінде мұндай жанның есімі биіктей бермек. Өзі өрнектеген еңбек жолы келер ұрпаққа өнеге, адамгершілік пен әділдіктің асыл үлгісі болып қала беретіні анық.