Мұра сақтаушы маман

image.png     

 Кітап  уақытпен бірге жасасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын баға жетпес мұра. Оны сақтап, келер күнге аман жеткізу, терең жауапкершілік пен ыстық ықыласты талап ететін жұмыс. Осындай жауапты істің қадірін жан-тәнімен сезініп, бар күшін арнап жүрген жанның бірі  Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің негізгі қорды сақтау бөлімінің тәжірибелі маманы, білікті кітапханашы Виктория Тё.

     Виктория Тё  кітапханаға келген алғашқы қадамы 1994 жылмен байланысты. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының «Кітапханатану-библиография» мамандығын үздік аяқтап, өмірін сөз өнерінің мәңгілік мекенімен жалғауды өзі таңдады. Сол сәттен бастап оның тағдыры кітаппен бірге өріліп, әрбір күні осы салаға деген адалдығы мен табандылығын дәлелдеп келеді.

       Кітапхана жұмысы сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде ол үлкен ұқыптылықты, талғампаздықты, білім мен мәдениетке деген шынайы құрметті қажет етеді. Виктория Тё  осы талаптың бәрін бойына сіңіріп, мамандығын тек қызмет емес, өнер деңгейіне көтере білді. Жаңа кітаптарды қабылдап, өңдеп, жас оқырманға дер кезінде жеткізу, баспалармен байланыс орнату күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Кітаптың алғашқы беттерінен сөреге қойылғанға дейінгі бүкіл жол оның қырағы назарынан өтеді.

      Жылдық және тоқсандық есептерді әзірлеуде де ол сандарға ғана сүйенбейді, атқарылған істің сапасына үңіледі. Әріптестері оның осы жауапкершілігін, кәсіби шеберлігін ерекше бағалайды. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесін бөлісуден ешқашан тартынбайды. 

      Виктория Тё үшін кітапхана  жай жұмыс орны емес, нағыз рухани кеңістік. Ол мұнда тек ресми міндетін орындап қана қоймай, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға да күш салады. Әдеби кештер ұйымдастырып, жаңа туындыларды таныстыру, жас оқырмандармен еркін әңгімеқұрады . Балалардың қызыға оқып отырған сәтін көргенде оның жанарынан ерекше жылуы сезіледі. Бұл  өз еңбегінің нақты жемісін көруден туатын қуаныш.

       Отыз жылға жуық үздіксіз қызметінде Виктория Тё  қаншама кітаптың да, оқырман тағдырының да куәсі болды. Заман, технология, оқырман талғамы өзгерсе де, оның мамандығына деген құрметі бәсеңдеген емес. «Кітапқа қызмет ету – ұрпаққа қызмет ету» деген өмірлік ұстанымы оның әр күнгі жұмысынан анық байқалады. Уақыт қанша өзгерсе де, кітаптың құдіретін ұрпақ санасына сіңіріп жүрген осындай адамдардың арқасында рухани байлығымыз үзілмей жалғасады. Сондықтан да оның есімі «еңбек адамы» деген құрметті атаққа әбден лайық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шырайлы шаһардың шынайы еңбеккері
  • Өлеңге ғашық ұстаз
  • Қызметтің қымбат қазынасы
  • Адал еңбектің үлгісі
  • Мұра сақтаушы маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер