Еңбек адамы – қоғамның негізін құрайтын, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосатын тұлға. Оның адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі мемлекетіміздің өркендеуіне және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді. Еңбек адамының қажырлы еңбегі өндіріс саласынан бастап, ауыл шаруашылығы мен білім беру, денсаулық сақтау сияқты түрлі секторларда көрінеді.
Мұндай азаматтар – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әр күні адал еңбек етіп жүрген қарапайым, бірақ аса маңызды тұлғалар. Олар еңбекқорлығы арқылы болашақ ұрпаққа үлгі көрсетіп, қоғамның берік әрі сенімді тірегі болып табылады. Еңбекті құрметтеу, қарапайым еңбек адамдарының жетістіктерін көрсету – олардың қоғамдағы мәртебесін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтады.
Шымкент қаласының тұрғыны 22 жастағы Азамат Жұмабектің мамандығы логист. Қазіргі таңда қаладағы «Строй Констракшн» зауытында еңбек етуде.
Азамат студент кезінен бастап осы зауытта жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол логист әрі сату бөлімінің маманы ретінде екі саланы қатар алып жүр. Бұл – оңай іс емес. Бір жағынан дайын өнімнің дұрыс сақталуын, жеткізілуін, уақытылы тасымалдануын қадағаласа, екінші жағынан сатып алушылармен байланыс орнатып, нарықтағы сұранысты зерттейді. Жас маманның еңбегі осылайша өндірістің үздіксіз жүріп, өнімнің тұтынушыға дер кезінде жетуіне ықпал етуде.
«Мен өзім логистика саласының қалай жұмыс істейтінін бала кезімнен қызығатынмын. Сол себепті осы мамандықта оқыдым. Студент кезімде осы зауытқа келіп құжат тапсырдым. Жұмысқа орналастым. Жалпы жұмысты жедел меңгеріп кеттім деп сеніммен айта аламын»,- дейді кейіпкеріміз.
Логистика – қазіргі заман экономикасының маңызды бөлігі, ол жеткізу тізбегін басқару мен тасымалдау процестерін оңтайландыруды қамтамасыз етеді. Ал бұл процестердң барлығын жүргізетін осы логист мамандар.
Азаматтың әр күні қарбаласпен өтеді. Таңғы уақытын зауыттағы логистикалық жұмыстарға арнап, кешкісін сату бөлімінің міндеттерін атқарады. Оның айтуынша, еңбекке ерте араласу – өмір мектебі, тәжірибе жинаудың ең сенімді жолы. «Жұмысқа деген құлшынысым мен жауапкершілік сезімім маған шабыт береді. Әр істің соңында нәтиже көру – ең үлкен қуаныш», – дейді ол.
Қашан да еңбектен қашпайтын Азамат — бүгінде көп адамға үлгі болып отырған жан. Өз жұмысын тиянақты атқаратын маманды әріптестері ерекше сыйлап, құрметтейді.