Шымкентте ветеринариялық қауіпсіздік күшейтілуде

 image.png  

   Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында Шымкент аумағында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ветеринария саласы қаладағы ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың денсаулығын сақтау, халыққа сапалы өнім жеткізу және эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстау мақсатында кешенді шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

      Сәрсен Абайұлы ең алдымен қаладағы ветеринариялық зертхананың жұмысын атап өтті. Халықаралық талаптарға сай аккредиттелген бұл зертханада ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарға қауіпті жұқпалы ауруларды дер кезінде анықтау үшін тұрақты тексерулер жүргізіледі. «Жануарлардың денсаулығы  адамдардың денсаулығы үшін маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан тоқтамайды», – деді ол.

       Заманауи технология да салаға еніп отыр. Мәселен, әрбір малды тіркеу үшін электронды деректер базасы, зертханалық сынақтарды қадағалайтын «VetLab» жүйесі және ветеринариялық анықтамаларды онлайн алуға мүмкіндік беретін бірыңғай портал іске қосылған. Бұл цифрландыру ветеринариядағы мәлімет жинауды жеңілдетіп, қызмет сапасын айтарлықтай жақсартып отыр.

      Қала аумағында эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстау үшін жануарларға жыл сайын 10 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы вакцина егіледі және жоспарлы зерттеулер жасалады. Мұның бәрі жұқпалы дерттің алдын алуға бағытталған.

       Сала мамандарының әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Ветеринарлардың жалақысы жыл сайын өсіп келеді, ал демалыс пен сауығуға арналған екі айлық жәрдемақы төленеді. Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар да жаңарып отыр: дәрі-дәрмек тасуға арналған тоңазытқышы бар газель көлігі, дәрілерді сақтайтын 8 мұздатқыш пен 88 арнайы термочемодан сатып алынған. Сонымен қатар, мамандарға 14 жаңа қызметтік көлік берілген.

       Алдағы жылдары бұл жұмыс одан әрі жандана түспек. 2026–2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 210 миллион теңге қарастырылып, алты жаңа ветеринариялық бекет салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мал қорымдары  яғни, биотермиялық шұңқырлар үшін жер телімдері анықталып, құрылыс жобалары дайындалып жатыр.

      Бүгінде қала аумағында төрт мал сою орны жұмыс істейді. Мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталып, әр сойылған малдың еті мұқият тексеріледі. Ал жеке аулаларда мал сою немесе базарларда заңсыз ет сату деректерінің алдын алу үшін құзырлы мекемелер тұрақты түрде рейд жүргізуде. 

       Шымкентте қолға алынған бұл шаралар мал мен құстың денсаулығын қорғап қана қоймай, қала халқын таза әрі сапалы өніммен қамтуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте ветеринариялық қауіпсіздік күшейтілуде
  • Шымкенттің агроөнеркәсіп саласы қарқын алып келеді
  • Жас та болса, бас болған маман
  • Арманын ақиқатқа айналдырған ару
  • Ақпарат айнасы – Алтынай
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер