Шымкент қаласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында кеңінен баяндады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала.
Шырайлы Шымкент соңғы жылдары агросекторда тың серпіліс жасап келеді. Табиғи-экономикалық әлеуеті мол өңірде ауыл шаруашылығын ілгерілетуге арналған жүйелі шаралар нақты нәтиже беруде. Биылғы жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 29,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға өскен. Бұл агросектордағы тұрақты өсімнің, шаруалардың қажырлы еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың айқын көрінісі.
Мал шаруашылығы қала агроөнеркәсібінің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдері 23,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артқан. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері 16 тауар өндіруші 176 өтінім тапсырып, 479,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидияға қол жеткізді.
Осы қолдаудың нәтижесінде өнім көлемі де едәуір ұлғайған. Сүт өндіру 4,8 пайызға өсіп, 13 288,7 мың тоннаға жетсе, құс жұмыртқасының өндірісі 18,3 пайызға артып, 4 577,9 млн дана болды. 2025 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша, ірі қара мал басы 95,9 мыңға, ұсақ мал – 106,0 мыңға, жылқы – 20,8 мыңға, ал құс саны 1,2 миллионға жеткен.
Егін шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Қала аумағында биыл 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 7 мың гектар, майлы дақылдар – 3,3 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 10,9 мың гектар, ал көкөніс және бақша дақылдары – 1,8 мың гектарды құрады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шаруалар еңбектің жемісін көріп, гектарына орта есеппен 10 центнер өнім жинады. Нәтижесінде жалпы көлемі 66 мың тоннаға жуық дәнді және майлы дақыл қамбаға құйылды.
Қала аумағында 100 гектарға жуық заманауи жылыжай кешендері тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл жылыжайларда жылына 15 мың тоннаға жуық қызанақ пен қияр өндіріледі. 2025 жылы жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығын қолдауға 863,3 млн теңге, ал мал шаруашылығын дамытуға 1,1 млрд теңге бөлінген.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалар да назар аударарлық. «СКО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы аясында биыл екі ірі тауарлы сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, «Каскасу» шаруа қожалығының қуаттылығы жылына 4 мың тонна, екіншісі «Эгамназаров» жеке кәсіпкерлігі, қуаттылығы 4,5 мың тонна. Бұдан бөлек, жылына 50 мың тонна шұжық өнімін өндіретін «Айтас-МП Южный» ЖШС мен «Қарқын трейд» ЖШС ет өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар, халықаралық серіктестіктер де белсенді дамуда. Түркиялық «Alsera KZ» компаниясы 650 гектар аумақта, ал Польшалық «Fabe Polska Sp. Z.o.o.» компаниясы 150 гектар жерде заманауи жылыжай кешендерін салу жобасын қолға алған. Бұл бастамалар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, қала экономикасының дамуына тың серпін береді.
Шымкенттің агроөнеркәсіп кешеніндегі бұл жетістіктер шаруалар еңбегінің, мемлекеттік қолдаудың және инвесторлар сенімінің жемісі. Жүйелі жоспар мен қажырлы еңбек нәтижесінде қала агросекторы алдағы жылдары да тұрақты өсім мен жаңа табыстарға қол жеткізетіні анық.