Шымкент бүгінде заманауи ғимараттары мен кең даңғылдарымен көз тартады. Қалаға алғаш аяқ басқан жанға биік тұрғын үйлер мен сәулетті мәдени нысандардың көркі бірден әсер етеді. Алайда осы әсемдік пен өзгерістің әр кірпіші, әр тасы талай жылдық еңбектің, күнделікті маңдай тердің нәтижесі екені анық. Қала бейнесін қалыптастырып келе жатқан сондай жандардың бірі, құрылыс саласының майталманы, тәжірибелі инженер Бақытжан Тасбұлатов.
1960 жылы дүниеге келген Бақытжан Тасбұлатов еңбекке жастайынан бейім болып өсті. Әкесі етікші еді. Үй ішінде әрдайым жұмыс қайнап жататын. «Бос отырғанды ұнатпайтынбыз. Әкем қолы қалт етсе, бізге бір шаруаны тапсыратын. Бала кезімнен үйдің жөндеу жұмыстарына араласып, ағаштан сөре жасап, қора салуға көмектесетінмін», – деп еске алады ол.
Жастайынан бойына сіңген осы әдет кейін үлкен өмірге деген көзқарасын айқындап, болашақ мамандығын таңдауда да жол көрсетті.
Мектеп бітірген соң көп ойланбастан Қазақ химия-технология институтының «құрылыс инженері» мамандығына құжат тапсырды. «Бұл саланың болашағы зор екенін ерте түсіндім. Қала өседі, ел дамиды, ал әр ғимаратқа білікті маман қажет», – дейді ол.
Студенттік жылдары да құрылыстан қол үзбей, жазғы демалыстарын құрылыс алаңдарында өткізді. «Жұмыстың ең қиыны алғашқы күндер. Ыстық пен суыққа шыдап үйрену керек. Бірақ сол күндер мені шыңдады, шыдамды болуға, істі соңына дейін жеткізуге үйретті», – дейді Бақытжан Тасбұлатов.
1977 жылы оқуын тәмамдамай жатып-ақ қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, шебер, техникалық қадағалау инженері қызметтерін атқарды. Ұжымды басқару, жобаны үйлестіру, сапаны қадағалау – бәрі де бір күнде келген жоқ. «Біреуді басқару үшін алдымен өзің істей білуің керек», – дейді ол әріптестеріне жиі айтатын сөзін қайталап.
Әр нысанның уақтылы аяқталуы мен сапалы болуы Бақытжан Тасбұлатов үшін басты мақсат. «Әр кірпіштің артында қаншама адамның еңбегі жатыр. Сол еңбектің зая кетпеуі біздің жауапкершілік», – дейді ол.
Уақыт өте ол облыстық құрылыс басқармасына шақырылып, онда талай әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің бой көтеруіне үлес қосты. «Әр жоба өз алдына тарих. Кейбірінің кірпішін өз қолыммен қаладым, кейбірінде бақылаушы болдым. Бірақ бәрінің артында ортақ еңбек тұр», – дейді ол мақтанышпен.
2010 жылдан бері «Шымкент Күрделі Құрылыс» ЖШС-де инженер-сарапшы болып қызмет етеді. Мұнда күрделі құрылыс нысандарын сараптап, сапасын тексеру оның міндеті. «Бір ғана қате қағаз, бүтін нысанның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр құжатты бірнеше рет қарап шығамын», – дейді ол күліп.
Бүгінде Шымкенттің жаңа мектептері, жөнделген көшелері, бой түзеген тұрғын үйлері оның қажырлы еңбегінің жемісі. «Сол ғимараттардың қасынан өткен сайын, өз қолыңнан шыққан дүние секілді ерекше сезімде боласың», – дейді ол.
Бақытжан Тасбұлатовтың өмір жолы – жастарға үлгі. Қарапайым жұмысшыдан тәжірибелі инженер дәрежесіне дейінгі әрбір баспалдағы, табандылық пен адал еңбектің нәтижесі екенін айтсақ, қателеспейміз.