Өз ісін мақтаныш еткен маман

  image.png    

 Әр қала толассыз тіршіліктің теңізіндей. Көшелерде күн сайын ағылған көліктер, асығыс қадам басқан адамдар, әр мекеменің өз тірлігі – бәрі де өмірдің тоқтаусыз ағысын көрсетеді. Сол тіршіліктің теңізінде әрқайсымыз өз бағытымызбен жүзіп келеміз. Бірақ осы теңіздің тыныштығы мен берекелі болуына, жұрттың тұрмысының жайлы жалғасуына ықпал етіп жүрген жандар бар.  Халық үшін ең маңыздысы қыстың қақаған аязында үйдің жылы болуы, кешкісін шамның жарқырап жануы, судың үзілмей ағуы. Күнделікті тұрмысымыздағы осы қарапайым әрі аса қажетті дүниелер өздігінен жүзеге аспайды. Оның артында маңдай терін аямай еңбек еткен мамандардың үлкен еңбегі жатыр.  Осындай ауыр да абыройлы істің  ортасында жүрген азаматтың бірі Бақытжан Досқабылов. Ол саналы ғұмырын халық игілігі үшін атқарылатын еңбекке арнады. Талай шаңырақтың шырағын жағып, талай отбасының алаңсыз өмір сүруіне себепкер болып келеді. Қаншама үйге таза су жеткізіліп, батареялардан жылу тарап жатса, соның бір ұшы Бақытжан Досқабыловтың ерен еңбегіне байланысты.

       Бақытжан Қайдолдаұлы 1963 жылдың 25 мамырында Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Бала жастан еңбекке бейім болып өскен ол, маңдай термен тапқан нанның қадірін ерте түсінді. Мектепті тәмамдаған соң құрылыс саласында еңбек жолын бастап, кірпіш қалаушы болып алғашқы қадамын жасады. Кейін киномеханик, слесарь, сантехник сияқты түрлі кәсіпті меңгеріп, қай істі қолға алса да адалдықпен атқарып, әріптестерінің сеніміне ие болды.

      «Еңбек адамды биікке жетелейді» деген қағиданы ұстанған ол қай қалада, қай мекемеде жұмыс істесе де адалдығымен дараланып, сенімді маман ретінде танылды. 2018 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан Профсервисі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сантехник болып қызмет етіп келеді.

      Көзге елеусіз көрінетін сантехниктің еңбегі шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр құбырдың дұрыс тартылуы, әр жүйенің мүлтіксіз жұмыс істеуі адамдардың жайлылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Бұл тұрғыда Бақытжан Қайдолдаұлы тек кәсібін жетік меңгерген шебер ғана емес, айналасына қамқор, әріптестеріне үлгі болар азамат. Әрдайым көмекке дайын тұратын адами қасиеті үшін ұжымының алғысына бөленіп жүр.

        Оның еңбек жолындағы табыстары отбасы өмірімен де ұштасып жатыр. Үш ұлдың әкесі, он немеренің ардақты атасы атанып отырған ол шаңырағының берік тірегі, әулеттің ақылшысы. Балаларына адалдықты, еңбектің қадірін ұғындырып өсірген әке үшін отбасының амандығы мен берекесі ең үлкен марапат.

       Жақында Бақытжан Қайдолдаұлы Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл оның жеке еңбегіне берілген баға ғана емес, жалпы еңбек адамына көрсетілген құрметтің белгісі.

       Қоғамды ілгері жетелеп отырған да осындай  еңбек адамдары. Бақытжан Қайдолдаұлы сынды азаматтар күнделікті тұрмыстың тынысын қалыпты ұстап, халықтың өмірін жеңілдетуге өлшеусіз үлес қосып келеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қала келбетін көркейткен инженер
  • Өз ісін мақтаныш еткен маман
  • Шымкентте Орталық Азияның алғашқы жаһандық цифрлық конференциясы өтті
  • В Шымкенте прошла первая глобальная цифровая конференция Центральной Азии
  • Шымкентте «Таза қала» жалпы қалалық сенбілігі жоғары деңгейде өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер