Өнерді өрнектеген қолтаңба

image.png       

Сурет салу  кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерекше өнер. Қарапайым табиғаттың бір көрінісін қағаз бетіне айнытпай түсірген қылқалам шеберінің қолтаңбасына сүйсініп, оның талантына таңғаламыз. Ал адамның бейнесіне сурет салу  ше? Бұл  өнердің биік шыңы. Театр сахнасында Абайдың бейнесін, қоңыр жүзді ақсақалды немесе тарихтан сыр шертетін кейіпкерлерді көргенде олардың шынайылығына еріксіз тамсанамыз. Сол бейнелердің жасалуында гримердің ерен еңбегі жатқаны анық. Театрдағы сиқырлы өзгерістердің артында  қызмет етіп жүрген мамандардың бірі  Шымкент қалалық орыс драма театрының суретші-гримері әрі гримдеу цехының меңгерушісі Тажен Балабаева.

      Ымырт үйіріліп, сахна сыртында қарбалас басталған шақта біз де театрға ат басын бұрдық. Қойылым алдындағы дайындық қызып жатыр. Сахна сыртында әркім өз жұмысымен әлек. Костюм цехының мамандары көйлектерді үтіктеп, бутафорлар реквизитті реттеп, жарықшылар құрал-жабдықтарын түзеп әуре. Ал грим бөлмесінде актерлерді сахнаға дайындау қызу жүріп жатыр. Біз іздеген кейіпкеріміз Тажен Сембаевна да дәл осы сәтте өз ісіне бар ынтасымен кірісіп отыр екен.

      Театрдағы еңбек жолын ол 2005 жылдан бастаған. Содан бері сахнаға шыққан жүздеген әртістің бейнесін жасап, түрлі қойылымның көркемдік сапасына өлшеусіз үлес қосып келеді. Күнделікті жұмысы актерлердің бет-бейнесін кейіпке сай етіп сомдау, олардың сахнадағы бейнесін айқын әрі әсерлі көрсету.

     Оның шығармашылық жолы да ерекше. 1984 жылы А.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін тәмамдап, кәсіби сурет өнерінің қыр-сырына қанықты. Кейін 2013 жылы Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университетінде «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын игеріп шықты. Екі оқу орны да оның шеберлігін шыңдап, шығармашылыққа деген құштарлығын арттыра түсті.

– «Әр қойылымның өзіндік бір қиындығы болады. Мәселен, тарихи пьесаларға грим жасағанда біз тек қиялға сүйенбейміз, нақты деректерге жүгінеміз. Сол дәуірдің фотосуреттерін зерттейміз, стилін зерделейміз. Ал фантастикалық немесе ертегілік жанрдағы қойылымдарда шығармашылық еркіндік көбірек беріледі. Бұл – гример үшін нағыз шабыт сыйлайтын сәт», – дейді Тажен Сембаевна.

      Әр қойылым басталғанға дейін сахна сыртында уақытпен жарыс басталады. Санаулы минуттарда актерді жаңа бейнеге енгізу дәлдікті қажет етеді. Гримнің мақсаты тек әдемі қылу емес. Ол  сахнаның ең соңғы қатарына отырған көрерменге де кейіпкердің бейнесін айқын жеткізу, оның мінезін ашу. Жарықтың әсерін, қашықтықты, сахналық қозғалысты есепке алғанда, гример жұмысы ерекше жауапкершілікті талап етеді. Көп жағдайда қарапайым бояу жеткіліксіз. Актердің жүзін түбегейлі өзгерту үшін арнайы пластикалық элементтер қолданылады. 

       Тажен Балабаева әр кейіпкерге жан бітіріп, көрерменге шынайы әсер сыйлап келеді. Оның қолтаңбасы театрдың көркемдік қуатын арттыратын құнды еңбек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Құтқарушы дәрігер - құрметті мамандық
  • Жолдаудан кейінгі ой: Шымкенттік педагог ЖИ-дің білім саласына қосар үлесіне сенімді
  • Өнерді өрнектеген қолтаңба
  • Қоғамдық көлік жүргізушісінің жүгі
  • Жұмысына адал жас маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер