Еңбек адамы, жұмысшы мамандар – ел өркендеуіне, экономиканың өсуіне, әлеуметтік жағдайдың тұрақтануына зор үлес қосып жүрген мәртебелі қызметкерлер. Олардың ерең еңбегін дәріптеу, бағалау және құрметтеу бүгінгі күннің еншісіндегі міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған «Жұмысшылар жылы» аясында еңбек адамына құрмет көрсету, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу және еңбек ұжымдарының рөлін арттыру мақсатында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары «KazFerroGroup» ЖШС кәсіпорнында іссапармен болып, еңбек ұжымымен кездесті.
Іс-шара барысында делегация мүшелері өндірістік үдерістермен, жаңа цехтардың жұмысымен танысып, кәсіпорын тарапынан еңбеккерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы толыққанды мәлімет алды. Кәсіпорын басшылығы қонақтарға компанияның құрылу тарихы, даму кезеңдері мен соңғы жылдары жүзеге асырылған жобалар туралы баяндап, жұмысшылардың әл-ауқатын арттыру бағытында қолға алынған бастамаларға кеңінен тоқталды.
Атап айтқанда, жұмысшылардың еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру, тұрғын үй мәселесін шешу, медициналық қызмет сапасын жақсарту, сондай-ақ, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру сынды бастамалар еңбек ұжымының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл шаралар еңбек өнімділігін жоғарылатып қана қоймай, кадр тұрақтылығын сақтауға, сондай-ақ кәсіпорын жұмысының алға жылжуына оң әсерін тигізуде.
Қазақстан Халқы Ассамблея мүшелері өндірістік аймақты аралап, жаңа технологиялық құрал-жабдықтардың жұмысымен танысып, жұмысшылармен еркін форматта пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу соңында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан өндірісте үздік нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкерлер құрметке бөленіп, адал қызметтері үшін алғыс хаттар табысталды.
Бұл шара жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, кәсіпорындардағы әлеуметтік ахуалды жақсартуға және этносаралық татулықты нығайтуға өз үлесін қосатын маңызды бастама болып табылады.
Айта кетейік еліміздегі бірегей зауыттың ашылғанына биыл 9 жыл толып отыр. Алғашқы жылдары мұнда 70 адам қызмет етсе, қазіргі таңда 150-ге жуық маман еңбек етуде.