Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.
Бүгінде Шымкентте кәсіп бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді. Осы орайда 11 тамыздан бастап азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және жұмыссыздықты азайту мақсатында Business.enbek.kz порталы арқылы қайтарымсыз гранттар берудің екінші легі басталды. Бұл бастама — өз ісін жаңадан бастағандар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл туралы Өңірлік комммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Грант мөлшері 1 572 800 теңге (400 АЕК). Бұл қаржы азаматтарға өз кәсібін ашуға бір реттік негізде беріледі. Грант тек кәсіпкерлік мақсатта қолданылады: тұтынушылық шығындарды жабуға, тұрғын үй немесе жер алуға, акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынған.
Грант алуға өтінім беру үшін үміткердің соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алғанын растайтын сертификаты болуы шарт.
Үміткерлер Business.enbek.kz порталына тіркеліп, өз сәйкестігін растауы тиіс. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, толтырған соң өтінімге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қойылады.
Компьютері немесе интернеті жоқ азаматтар үшін аудандық мансап орталықтарында арнайы өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары қарастырылған.
Өтініштер қалалық комиссияның қарауына жіберіледі. Онда үміткерлер өз жобаларын таныстырып, бизнес-жоспардың тиімділігі, қаржылық өміршеңдігі және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады.
Нәтиже туралы ақпарат порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Егер өтінім мақұлданса, тараптар келісімшартқа қол қойып, қаражат үміткердің шотына аударылады. Қаражат алған азамат тоқсан сайын оның мақсатты түрде жұмсалғаны туралы есеп беріп отыруы тиіс. Барлық процесс онлайн форматта жүргізіледі.Бұл грант – жұмыссыз азаматтар мен әлеуметтік жағынан осал топтар үшін өз ісін бастауға таптырмас мүмкіндік. Қарапайым әрі ашық жүйе, нақты талаптар мен онлайн қызмет көрсету – жаңа бизнеске жасалған сенімді әрі әділ қадам.