Шымкент. Қым-қуыт тірлік мұнда ерте басталады. Бірі жұмысқа, бірі сабаққа, енді бірі сәбиін жетектеп балабақшаға асыққан ерсілі-қарсылы қозғалыс. Осындай қапылыста кейде тап-таза көшемен кетіп бара жатқанымызды байқай бермейтініміз рас. Бұл – бәрінен де ерте тұратын, көзге көп түсе бермейтін еңбеккерлердің сиқыры. Олар кімдер? Олар – коммуналдық сала мамандары.
Тоқтасын Үркімбай күн сайын таңмен таласа оянып, жұмыс орнына келеді. Берілген тапсырмадан соң жұмыс киімін киіп, қолына құрал-сайманын алып, қала көшелеріне шығады. Негізгі міндеті – шаһардың тазалығын қамтамасыз ету. «Жұмысым таңғы алтыдан түскі 2-ге дейін. Ерте тұрған еркектің ырысы артық демей ме?! Сол таңмен тұрып ырысымызды іздеп көшеге шығамыз. Менің қызметім – жүктеуші. Яғни жиылып, сыпырылған қоқыстарды, орылған шөптерді, кесілген ағш бұталарын көлікке тиеп салып отыру. Жаздың аптап ыстығы мен аязды, боранды күндері де демалмай жұмысқа шығамыз. Әрине, оңай емес. Бірақ шыдау керек. Кез-келген жұмыстың қиындығы болады. Жұмыстың қиындығынан қаша берсең ешқашан өнбейсің»,- деген кейіпкеріміз 2012 жылы Ордабасы ауданына Шымқалаға көшіп келген екен. Сол жылдан бері осы мекемеде табанды еңбек етіп келеді. Айтуынша мекемеге жұмысшылар жетіспейтін көрінеді. «Қазір бізде шамамен 25 қызметкер бар. Біз Абай ауданына жауаптымыз. Тазалайтын территориямыз ауқымды. Сондықтан екі, үш адамның жұмысын қазір бір адам істеп жатыр. Сондықтан жұмыс таппай жүрген жандар болса осында жұмысқа орналасуға болады. Жалақымыз жақсы, тұрақты беріп тұрады. Барлық техникамыз, саймандарымыз жеткілікті»- дейді «Кazsrtoy» компаниясының қызметкері.
15 жылдан бері тазалық саласында еңбек етіп келе жатқан Тоқтасын ағамыз ұжымдастарымен бір отбасындай араласатынын айтады. «Ұжым жақсы. Барлығы қарапайым, адал жандар. Мереке күндері бір-бірімізді құттықтаймыз. Қуаныштарымызға ортақтасып жүреміз», -деген коммуналдық сала қызметкері еңбегіміз басшылар бағалап, жыл сайын алғыс хаттар тапсырып тұратынын айтады.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қарайтын, нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген Тоқтасын Үркімбайдың да ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашан да мақтанышымызға айнала бермек.