Қоғамды алға бастайтын кез келген дамудың өзегі – құрылыс. Жол салу, мектеп тұрғызу, көпірлер, тұрғын үйлер, зауыттар – бәрі де құрылысшының маңдай терімен салынған, қолымен тұрғызылған. Сондықтан құрылысшы – тас пен темірді ғана емес, болашақты сомдайтын маман. 2025 жылдың елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – құрылыс саласы мамандары үшін үлкен құрмет пен сенімнің белгісі. Бұл – тек кәсіп иелеріне емес, елдің өркендеуіне тікелей үлес қосып жүрген еңбек адамдарын дәріптеу.
Мақсат Омаров бүгінде Шымкент қаласындағы ірі құрылыс нысандарында ізін қалдырып жүрген еңбек адамы. Құрылыстағы маңызды маманның бірі – инженер қызметін атқарып жүрген оның басты қағидасы сапалы жұмыс пен адал еңбек. «2005 жылы инженер мамандығы бойынша оқу орнын тәмамдағанмын. Өзім осы мамандықты ұнатып келдім. Құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніме қазір 20 жылдай уақыт болып қалыпты. Осы уақыт ішінде мен көптеген ірі жобаларды жүзеге асыруға ат салыстым. Құрылыстағы жұмыстың маңыздысы - жобаның мықты болуы. Яғни әрбір бұрыш, әрбір кұрпіш пен шеге өз орнында қолданылса, нысан берік әрі әсем шығады. Яғни құрылыс бір ғана маманның қолынан өтетін іс емес. Бұл командалық жұмыс. Құрылысшы инженердің де жуапкершілігі мол. Кейде үй бетін көрмей апталап, айлап сыртта жүреміз. Мұндай жағдайда отбасым мені әрдайым қолдап, мотивация беріп отырады. Олар менің мамандығыма, жұмысыма әрдайым түсіністікпен қарайды әрі құрметтейді»,- дейді кейіпкеріміз.
Инженер-құрылысшы – бұл құрылыс саласындағы жобаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратын техникалық маман. Ол ғимараттар мен құрылыстардың сызбасын оқып, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі қауіпсіз орындалуын қадағалайды.
Бұл маман: құрылыс сызбаларын, жоспарларын түсінеді және орындайды, құрылыс материалдарын дұрыс таңдауға көмектеседі, нысандағы жұмыстардың технологияға сай орындалуын бақылайды, құрылыс барысын есептеп, мерзімін жоспарлайды, қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етеді.
Құрылыс саласындағы әрбір шеге, әрбір дәнекер көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін еңбек. Құрылысшылар - қаланың ертеңі үшін тер төгіп жатқан еңбек адамдары. Аспан астында күннің ыстығы мен суығына қарамай әр сантиметрді өлшеп, әр құрылымды қадағалап жүрген құрылысшылар құрметтің ең биігіне лайық деп есептейміз.