2025 жыл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшылар жылы. Осыған орай бұл мақалада жол саласында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан ардақты маманның бірі – Тастанбек Мыңжасаров туралы айтпақпыз. Бүгінде Шымкент қаласындағы құрылыс саласында көп жылдық тәжірибесі бар «Береке А» корпорациясында асфальт тегістейтін көлік жүргізеді. Жол құрылысында маңызды көліктің тізгінін ұстағанына 20 жылға жуықтапты. Өз ісінің шебері, кәсіби маман үшінші мегаполистегі маңызды жолдардың құрылысына ат салысқан.
«Қаладағы барлық маңызды жолдарды салдық десек те болады. Айталық «Батыс-Қытай, Батыс-Еуропа дәлізі құрылысында біздің де қолтаңбамыз бар. Жұмысым өзіме ұнайды. 2007 жылдан бері осы жол құрылысы саласында еңбек етіп келемін. Қиын тұстары да бар. Шіліңгір шілдеде ыстық асфальтті төсеу оңай емес. Көліктің астынан да үстінен де 140 градустай ыстық ұрып тұрады. Елді-мекендерге асфальт төсеген кезде жергілікті тұрғындар қуанып, алғыстарын жаудырып жатады. Олардың қуанышын көріп, еңбегіміздің зая кетпегенін түсінеміз. Еңбегіңді бағалап жатса жақсы ғой»,- деген кейіпкеріміз адал еңбекпен отбасын асырап келеді.
Бұл – тек асфальт төсеген қол емес, бұл – адалдықпен, жауапкершілікпен, табандылықпен жазылған тарих. Күннің аптабында да, жаңбыр мен желде де тоқтаусыз жұмыс істейтін Тастанбек ағамыз - нағыз еңбек адамының дауысы мен бейнесі.
Әлемде көптеген пайдалы да қызықты мамандықтар бар, солардың бірі - жол жұмысшысы. Жұмысы автомобиль жолдары мен аэродромдар салумен, оларға қызмет көрсетумен байланысты адам. Жол жұмысшысы барынша зейінділік пен барлық технологиялық процестерді білуді талап ететін жауапты мамандық. Оның құзыретіне жолдарды жайластыру бойынша жұмыстардың барлық спектрі кіреді. Жол жұмысшылары бригада құрамында еңбек етеді.
Жол жұмысшылары жолды салу және жөндеу кезінде қандай құрылыс материалдар қолданылатынын, қажетті құрылыс қоспаларын қалай дайындауға болатынын, мұз немесе қар көшкіні кезінде не істеу керек екендігін өте жақсы біледі. Олар жолдарды тазалаумен айналысады, оларға белгі салады, жол белгілерін, сигнал бағаналары мен қоршауларды орнатады, жол бойындағы бұталарды кесіп, жол жиегіндегі шөптерді қияды. Бұл мамандар өз жұмысында арнайы машиналарды, техникалық жабдықтарды, түрлі құралдарды пайдаланады.