Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.
"Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деді Президент жолдауда.
Қоғамда өз еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі арқылы шыңдалған нағыз еңбек адамының мәртебесін көтеруіміз керек. Әрбір жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек адамының қоғамда өзіндік орны мен қадірі бар. Ең маңыздысы – әрбір жұмысшы маман, әрбір еңбек адамы жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарғаны дұрыс. Өз кәсібіне адалдық танытып, жауапкершілікпен қараған адам қашан да жоғары орыннан көрінері хақ. Бұл қағиданы қоғам санасына сіңіруіміз қажет. Сол кезде ғана аймағымыздың даму жолы даралана түседі.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – білікті жұмысшы мамандарды даярлаудың түпқазығы. Бүгінгі күннің басты талабы - еңбек жағдайының жедел өзгеруіне бейімделуге қабілетті, өндіріс процесіндегі заманауи өзгерістер мен жаңа техниканы меңгерген, жұмысшы мамандарды даярлау.
Халықаралық кеңістікке енген колледж
Шымкент қаласы білім басқармасының №5 "Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 80 жылдан астам өз мамандығын жетік меңгерген, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарды даярлап келеді. Кеңес Одағы кезінде аты әлемге әйгілі болған, танымал «Восход», «Эластик» тігін фабрикаларының өнімдеріне сұраныс жоғары болатын. Аталған фабрикалардың сапалы әрі сәнді киімдеріне қол жеткізу екінің біріне бұйыра бермейтін. Бүткіл Кеңес елдері ішінде іргесі мықты кәсіпорынның басты мақтанышы, жетістігі ол - жоғары білікті мамандары болатын. Ал осы фабрикаларда жұмыс істейтін мамандар дәл осы колледжде даярланып келді. Қазір де "Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі" үшінші мегаполистегі кәсіби тігін мамандарын даярлайтын бірегей оқу орындарының бірі. Тігін және тоқыма өндірісіне мамандар даярлайтын мекеме ендігі жерде сән әлемі мен тігін өндірісінің отаны саналатын Франция мемлекетінің іргелі оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Жыл сайын мәртетебі көтеріліп келе жатқан оқу ордасында оңды жаңалықтар көп.
«Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «келесі жылды мен «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялаймын деді. Неге дәл жұмысшы мамандықтар жылы деп ойласаңыздар? Қай меммлекетте болмасын экономикасының негізін қалайтын, сол экономикаға жұмыс жасайтын осы жұмысшы мамандар болып табылады. Ал қай елдің жұмысшы мамандарының кәсіби деңгейі жоғары болса сол ел дамыған елдің қатарына қосылады. Сондықтан, Президент жұмысшы мамандықтарға баса көңіл бөлу керектігі туралы бастама көтеріп отыр. Осы жарлыққа сәйкес өңірлерде «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді. Жылдық жоспар негізінде 20 өңір өзінің жылдық жоспарын бекітті. Қарап отырсаңыздар, «Жұмысшы мамандықтар» жылында атқаратын 20 өңірдің өзінің ерекшелігі бар. Оның ішінде Шымкенттің өзінде жұмысшы мамандарды даярлайтын 12 колледж болса , сол 12 колледждің жыл бойына атқаратын жылдық жоспары, яғни медиажоспары бекітілді. Біздің колледжге тоқталатын болсақ, жылдың соңына дейін әр айда атқарын жұмыстардың бағыт бағдарын жасап қойдық. Үкіметтің қабылдаған жылдық жоспарына келетін болсақ, ол 20 бағыттан тұрады. Яғни 20 өңірде не атқарылатындығы нақтылап көрсетілген. Одан бөлек осы жылдық жоспар республика деңгейінде 7 бағыт 70 қадаммен барады. Одан бөлек 13 салалық министрліктердің бекіткен салалық жоспары тағы бар. Мұның барлығы осы кәсіптік білімдегі жұмысшы мамандарды даярлайтын білім ордаларының білімді, білікті, бәсекеге қабілетті болу керек деген сөз. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында жол картасы әзірленді. Ол биылғы жылдан бастап 2026, 2027 жылдарға дейін барады. Біздің коллдеж Шымкент, Оңтүстік өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласынада қызмет ететін кәсіпорындарға жұмысшы мамандарды даярлайды. Біздің даярлайтын мамандықтар негізінен тігін, оның ішінде 4 біліктілік, тоқыма оның ішінде 2 біліктілік, техник, технолог және дизаин мамандықтарын оқытамыз. «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында Шымент қаласында бекітілген жоспардың ішінде жеңіл өнеркәсіп саласында атқарылатын жұмыстың барлығы дерлік бізге жүктелген. Қазіргі таңда 2024-2025 оқу жылында 1130 бала білім алып шықты»,- дейді №5 "Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің" директоры Гүлмира Тағаева.
Кәсіптік білім беруде ғасырда жуық тәжірибесі бар оқу орны бірнеше бағытта білім береді. Басты артықшылығы мұнда ерекше жандар үшін ерекше білім беру жүйесі қолданылады. Колледжде қазіргі таңда 74 есту қабілеті төмен жандар білім алуда. Одан бөлек түзеу мекемесіндегі 50 азамат осында кәсіптік білімді меңгеруде. Ал 60 студент мектептің қабырғасында білім ала отырып, осы колледжде модельер біліктілігін алып, мектептің аттестатымен бірге диплом алып шыққан жағдайы бар. «Біздің мекеме тікелей зауыт-фабрикаларға мамандарды даярлайды. «Целевой грант» деп аталады. Яғни зауыт-фабрикаларға қажетті мамандар бізде оқытылып, оқуын аяқтаған соң сол фабрикаға барып жұмыс істейді. Мұндай студенттердің саны – 250-ді құрайды»,- дейді мекеме басшысы.
Іргесі мықты оқу ордасы 2018 жылдан бері дуальды оқыту жүйесіне көшкен. Бұл – білім берудің ерекше бір бағыты болып саналады. Студенттер сабақтың 60 пайызын практика жүзінде өндіріс ошағында өтсе, 40 пайызын теориялық білім негізінде колледж базасында өтеді. Сондай-ақ, мекеме модульді құзіреттілік жүйесімен білім беріп келеді. Яғни, колледж кәсіптік техникалық білім берудің барлық халықаралық талаптарына сай келетін білім ошағы.
Шымшаһарда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында «Жас маман» жобасы аясында бірнеше колледжде қала экономикасына қажетті мамандықтардың тізімі белгіленіп, оқу орындарының жанынан жастардың инновациялық жобаларын қолдайтын орталықтар құрылып, әрбір колледж бойынша салалық құзіреттілік орталықтарына айналды. Сондай-ақ, талаптарын ескере отырып, құзіреттілікті айқындау бойынша демонстрациялық емтихандар жүргізіліп келеді.
Қаланың мақтанышына айналған колледждің жеткен жетістіктері мен бағындырған асулары көп. Әсіресе, өткен жыл колледж үшін табысты, жемісті жыл болыпты. Спортшылар үшін олимпиада ең маңызды, үлкен, ауқымды жарыс болса, сол секілді студенттер үшін маңызды дода - ол «WorldSkills» сайысы. Аталған чемпионатқа дүниежүзінің 76 мемлекеті қатысады. Қазақстан олардың қатарына 2014 жылы енген болатын. 2015 жылдан бері республикада «WorldSkills» аясында Астана қаласында ұлттық чемпионат өтеді. Бұл чемпионтақа колледж ішіндегі, қала, ауданда, облыстарда өткен сайыстардан суырылып шыққан студенттер ғана қатысады. Қазақстан чемпионатын жеңіп шыққан жеңімпаз дүниежүзілік чемпионатқа қатысуға жолдама алады. Былтыр әлемдік чемпионат Францияның Лион қаласында өткен еді. Осы әлемдік додаға аталған колледжің студенті – Әйгерім Досыбай қатысып, ел намысын қорғап келді. Осылайша, Қазақстан тарихында тұғыш рет «сән технологиясы» құзіреттілігі бойынша дүниежүзілік сайыста еліміз жүлделі орын алды. Әйгерім тек колледждің беделін ғана емес бүкіл қазақ елінің абыройын сол жарыста асқақтатты. Аталған чемпионатқа "Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі" 2016 жылдан бері қатысып келеді. «Сән технологиясы» құзіреттілігі бойынша елімізде 6 рет жарыс өткен болса, соның барлығынан колледж студенттері жүлделі орынды қанжығасына байлап келе жатыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «WorldSkillsEuro» чемпионаты Дания мемлекетінде өту жоспарланған. Бұған дейінгі Венгрия, Финляндия, Польша елдерінде өткен еуросайыстарда колледж түлектері бақтарын сынап, қатысқан болатын. Енді, міне оқу орнының студенттері келесі додаға да қатысып, өз білімдерін сарапқа салмақ. Ал дүниежүзілік «WorldSkills» чемпионаты арғы жылы Қытайдың Шанхай қаласында өтеді. Колледж шәкірттері аспан асты елінде өтетін әлемдік жарысқа да қатысатын болады. Қазір блімгерлер аталған екі алпауыт сайысқа қызу дайындық жүргізуде. Біз де өз тарапымыздан қатысушы жастарға сәттілік тілеп, Шымқаланың, еліміздің атын асқақтатып келеді деп үлкен сенім білдіреміз.
Экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын жеңіл өнеркәсіп саласына сапалы мамандарды даярлап отырған колледжде тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығы бойынша студенттер қосымша арнайы тігінші, модельер-пішуші, техник, технолог біліктіліктерін қоса меңгеріп шықса, тоқу өндірісі бойынша тоқушы біліктілігі де беріледі. Ең бастысы, кәсіптік білім мекемесін бітіруші түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоғары. Бүгінде колледж директорының арнайы идеясымен «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай ұжым бір түсті киім үлгісін таңдаған.
Кез-келген оқу орнының басты байлығы – ол білікті кадр болып саналады. Колледжде білім беретін өндірістік шеберлері, арнайы пән мұғалімдерінің ішінде халықаралық дәрежедегі эксперттер бар. Мұндағы ұстаздар - өндіріс орындарында тәжірибеден өткен және өтіп жүрген білікті шеберлер. Білім ошағының ұстаздары үнемі ізденісте жүретін нағыз кәсіби мамандар.
Колледжің тағы бір ерекшелігі - мұнда бітіруші түлектер дипломдық жұмыс қорғамайды. Оның орнына демо емтихан тапсырады. Студенттердің жұмысын мықты мамандар бақылай отырып, бағаларын береді. Емтихан кезінде ҰБТ секілді барлық қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Осы емтиханды сүрінбей тапсырғандары ғана, бағалаушы мамандардың тиісті бағасын алған студенттер ғана кәсіби біліктілігін растап шыға алады. Содан кейін ғана оларға диплом табысталады.
Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіптік және техникалық білім беретін 738 колледж бар. Оның 180-і «Жас маман» жобасы бойынша қаржыландырып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Жетістігі бір төбе колледж 2020 жылы аталған жоба бойынша материалдық-техникалық базасын нығайып, өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әсіресе, тігін саласына қажетті Жапонияда өндірілетін сапалы «Juki» маркалы тігін машиналары түгел алынған. Қалада орналасқан «Оңтүстік» индустриалды аймақта колледжге тиесілі құзіреттілік орталық ашылған.
Колледж 2020 жылдан бері әріптестік байланысты нығайту мақсатында Түркия елімен, 2022 жылдан бері Франция мемлекетімен тығыз жұмыс жасап келеді. Нақтырақ айтқанда, білім ордасы Париж қаласындағы Элиза Лемоньер колледжінің толыққанды әріптесі болып саналады. Егер 2027 жылы ҚР Заңдарына өзгерістер енгізілген жағдайда аталған колледждің түлектері қос диплом (Қазақстан, Франция) алуға мүмкіндігі болады. Бұл "Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің" халықаралық кеңістікке енген білім ошағы екенін дәлелдейді. Одан бөлек колледж Шымкент қаласында 40-қа жуық кәсіпорындармен әлеуметтік әріптестікте жұмыс жасайды.
Республика бойынша ең мықты деген 20 колледж таңдалған болса, "Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі" соның бірі саналады. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша колледж Қазақстандағы ең мықты, бірегей оқу орны екенін айта кеткен жөн.
Колледж студенттері жаңа жобаларды жетілдіруде
Электрші, дәнекерлеуші, құрылысшы, механик, аспаз, жүргізуші, шаштараз, тігінші – осындай мамандық иелері – біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Олар – үнсіз еңбек етіп, қоғамды алға сүйреп жүрген нағыз еңбек ерлері. Әр адамның өмірінде олардың атқаратын рөлі зор.
Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу – тек құрмет қана емес, жастарды нақты еңбекке баулудың да жолы. Қазір техникалық және кәсіби білім беру орындарында сапалы маман даярлау басты назарда. Өйткені экономика мен өндірістің негізі – білікті жұмысшы кадрлар. Бұл жыл жастарға үлкен мүмкіндік береді: кәсіптік бағдар, жұмысқа орналасу, шеберлік сайыстары, шетелдік тәжірибе, оқу гранттары – барлығы еңбекке ынталандыру үшін.
Жастарды еңбекке ынталандырып жүрген оқу орнының бірі – Шымкент қаласындағы «Отырар» колледжі 20 жылдан бері еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды даярлап келе келеді. Заман талабына сай білім бере отырып, материалдық-техникалық базасын нығайған колледжде қазіргі таңда қажет деген 9 мамандық бойынша 2000-ға тарта жуық студент білім алуда. Соның ішінде 6 мамандық негізінде 1300-ден астам студентті мемлекеттік тапсырыс негізінде оқытқан оқу орнында студенттерге барлық қолайлы жағдай жасалған.
«Колледж 2006 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Оқу орнымызда әр мамандыққа қатысты қазіргі заманауи аппарат, құрал-жабдықтарымыз бар. Заман талабына сай жабдықталған спорт залымыз, екі жатақхана бар. Жарыстарда, студенттер арасындағы сайыстарда шәкірттеріміз үздіктердің қатарынан көрініп келеді. Дуальді оқыту жүйесіне қосылғандықтан студенттердің практикадан, өндірістік іс-тәжірибеден өтуге барлық жағдайлар жасалған. Жоғарғы оқу орындарымен меморандум жасағанбыз. Яғни біздің колледжді бітірген студенттер сол келісімшарт жасалған университеттерге қиындықсыз, жылдам түсе алады»,- дейді колледж директоры Олжас Жүнісов.
Колледж басшылығы студенттерің шығармашылығын шыңдап, белсенділігін арттырып, таланттарын танытуға қолдау көрсетіп келеді. Яғни студенттер арасындағы білім бәсекесі мен байқауларға колледж студенттері тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Айталық Шымкент қаласында колледж студенттері арасында ұйымдастырылған пікір сайыс ойындарынан «Отырар» колледжінің жалынды жастары жеңіспен оралды. «Авиценна медициналық колледжінде үлкен додалы турнир өткен болатын. Сол колледжде 38 білім ордаларының арасынан суырылып шығып, командамыз іріктеуге жетсе, екінші командамыз жүлделі 1 орынды иеленді. Бізде студенттер үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Пікірсайыс бойынша біздің оқу орнымыз қаладағы колледждердің ең алдыңғы легінде тұр деп айтсақ та болады», - дейді дебат клубының жетекшісі Диана Анарбай.
Студентер мұнда өз мамандығы бойынша білім алып, тәжірибе жүргізе алады. «Колледж басшылығы үнемі жастарға қолдау көрсетіп келеді. Қазір ХХІ ғасырдың талабына сай біз ақпараттық технологияны меңгеуіміз керек. Сондықтан мен өзім жақсы көретін мамандық бағдарламалық қамтамасыздандыру, яғни ІТ саласын таңдаған болатынмын. Қазіргі таңда мен өзімнің мамандығымды шыңдап келеміз. Екінші курсты тәмамдасам да бүгінде көптеген бағдарламаларды жасауды үйреніп жатырмын»,- дейді колледж студенті Асылай Жолдыбай.
Колледжде оқытылатын негізгі мамандықтардың бірі бүгінде сұранысқа ие «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» мамандығы - адам қызметінде ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Осы ретте, мектеп түлектерінің көпшілігі осы мамандықты таңдайтын көрінеді. Сонымен қатар бұл кәсіп бірқатар мамандықтарға бөлінеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету - техникалық міндеттерді орындауды көздейді: атап айтқанда бір немесе бірнеше бағдарламалау тілінде бағдарламалық код жасау, бағдарламалық жасақтаманы тестілеу және сапасын тексеру, компьютерлік техникаға техникалық қызмет көрсету. Бұл маманның кәсіби қызметі өте алуан түрлі және қызықты, сондықтан әр адам өзі үшін оны қызықтыратын қызмет саласын таңдай алады. «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы сұранысқа ие және мынадай бағыттар бойынша кәсіби мамандарды дайындайды: Web дизайнер; Ақпараттық жүйелер технигі. Аталмыш мамандықты меңгеріп жатқан студенттер мұнда теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды өтуге арналған кабинетте барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, мұнда студенттердің өздері жасап шыққан жаңа жүйелері де бар. Бұл жобалар түрлі байқауларда таныстырылып, жоғары бағаға ие болған.
«Біз ақылды үйге арналған бірнеше құрылғыларды ойлап таптық. Солардың бірі – жарықты жағып, сөндіруге арналған құрал. Сезімтал құрал шапалақ ұрғанда өзі жанып, қай сөне алады. Бұл жобаны алдағы уақытта жетілдіріп, үйдегі айталық, газ құрылғысына орнатуды көздеп отырмыз. Мысалы сіз үйден шыққанда газды сөндіруді ұмытып кетсеңіз датчик арқылы көгілдір отын өзі өшетін болады. Осылайша адамдарды, үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл жердегі мұғалімдер өте білімді, әртүрлі бағытта веб, робототехника болсын ІТ –дің кез-келген саласы бойынша толық білімді алып жатырмыз»,- дейді колледж студенті Нұрдәулет Қайырбек.
Талантты шәкірттер ақылды үй ғана емес ақылды аурухана жобасын да жасапты. «Кардиоаурухана деген жоба жасадық. Аурухана үлгісіндегі макетте 6 палата бар. Әр палатада пациенттің жанына «SOS» батырмалары қойылған. Егер пациентте ауырсыну болып, жағдайы нашарлаған кезде осы батырманы басып, ресепшнге сигнал жібере алады. Ресепшнге хабарлама қай палатадан, қандай пацинеттен келгені туралы ақпарат беріледі. Және де барлық емделушілердің білегіне кардиобілезіктер кигізілген. Бұл құрылғы пациенттің жүрек қағысын есептеп тұрады. Жүрек қағысы төмендеп немесе жоғарылап кеткен жағдайда ресепшнге автоматты түрді хабар жібереді»,- дейді Нұрдәулет Қайырбек.
«Отырар» колледжінде құқықтану мамандығы бойынша заңгер біліктілігі де оқытылады. Ол үшін қажетті кабинеттер жасақталып, арнайы жабықтармен жасақталған. Айталық, сот-сараптамалық кабинеті ішкі істер саласында бүгінгі таңда қолданылып келе жатқан құрал жабдықтармен толықтырылса, студенттер осы арқылы мамандықты практика түрінде де меңгере алады.
«Жол оқиғаларына байланысты алынатын дөңгелек іздері, аяқ іздерін студенттер гипсті құйып, ала алады. Соны зерттеп сараптама қорытындысын өздері шығарады. Сонымен қатар бізде криминалистикалық чемодан бар. «Тергеу чемоданы» деп те аталады. Арнайы мамандар оқиға орнына осы чемоданды алып барып, зерттеу жүргізеді. Жоғарыда айтқан іздерді, басқа да айғақтарды табады. Бұл мамандықта шәкірттер осының барлығын үйреніп шығады»,- дейді аға оқытушы Салтанат Темірәлиева.
Колледжде «банк және сақтандыру ісі» яғни банк операциялары жөніндегі менеджер мамандығы да бар. Одан өзге «бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «дене тәрбиесі және спорт», «есеп және аудит», «киім дизайны», «мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», сондай-ақ «негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары да оқытылады.
Отырар колледжінің студенттері «WorldSkills Shymkent – 2025» аймақтық чемпионатында өз шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі орындарға ие болған болатын. Білім мен біліктілік сынға түскен сайыста «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы әдістемесі», «Инженерлік графика CAD», «Мобилді қосымшаларды әзірлеу» құзыреттіліктері бойынша 3 студент ІІ орынды, 1 студент ІІІ орынды иеленіп, колледж мерейін үстем етті.
Оқу орнының базасында кітап қорына бай заманауи кітапхана және жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған 600 орындық акт залы жұмыс жасайды.
«Кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындарына, колледждерге қазір мемлекеттен қолдау өте күшті. Өздеріңіз білетіндей студенттердің шәкіртақысы жыл сайын жоғарылап жатыр. Қазіргі шәкіртақы 41 мыңның үстінде. Түлектеріміз жыл сайын 80 пайыздың үстінде жұмыспен қамтылуда. Колледжде 170-ке жуық мұғалім істесе, оның ішінде оқу шеберлері, зарттеушілеріміз, сарапшыларымыз бен жас педагогтарымыз бар. Бізде көбінесе ауылды жердің балалары келіп оқиды»,- дейді колледж директорының орынбасары Мұхан Аширов.
2023 жылы пайдалануға берілген жаңа спорт залында халықаралық, өңірлік қалалық сайыстар өтіп тұрады. Колледжде спорт десе ішкен асын жерге қоятын талантты шәкірттер де жоқ емес. Бүгінде олар түрлі додаларда колледждің атын ғана емес, сонымен қатар қаламыздың, еліміздің даңқын шығарып жүрген жайы бар. Айталық Дене тәрбиесі және спорт мамандығының студенті Сейілхан Даниял Айдосұлы Грецияда өткен дзюдо спорт түрінен II-орын , яғни «Күміс жүлдегері» атанса, бокстан жастар және ересектер арасында Шымкент қаласының чемпионатында 92 келі салмақ дәрежесінде колледждің Дене тәрбие және спорт мамандығының |||-курс студенті Ордабек Нұрболат ||-орынды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, Душанбе қаласында өткен турнирде Қуандық Айғаным жүзуден |||-орынға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Шалғай аудандардан келіп білім алатын жастар үшін оқу орнында екі бірдей жатақхана жұмыс жасайды. Мұнда студенттік асхана және демалыс орны қарастырылса, қауіпсіздік мақсатында жатақханаға бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Сондай-ақ, колледж студенттеріне арналған арнайы жылыжай жұмыс жасайды. Мұнда жастар биология пәнінен алған білімдерін практикамен ұштастыра отырып, тропикалық жемістерді өсіріп, үрене алады. Мәселен жайқалған жылыжайда лимоннан бастап, бананға дейін өсіріліп, өнім алынып келеді. Цитрусты дейсіз бе, тропикалық немесе субтропикалық жеміс дейсіз бе, бәрі бар... Сонымен қатар, жылыжайда өсімдіктің 97 түрі өсіріледі. Мұның барлығын студенттердің өзі күтіп-баптап, өсіреді. Суару, топырағын қопсыту, тыңайтқыш беру бәрі шәкірттердің мойнында. Білім, еңбек, тәжірибе. Жылыжай – осы үш ұғымды ұштастыра отырып, студенттердің нағыз білікті маман болып шығуына өз септігін тигізуде.
Осы ретте айта кетейік, «Отырар» колледжінде жаңа “Шет тілі” мамандығы ашылды. Бұл мамандық жастарға ағылшын тілін (және екінші тіл ретінде түрік, неміс немесе қытай тілін) терең үйрену, заманауи әдіс-тәсілдермен оқыту, шетелдік оқу орындарымен академиялық байланыстар, халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігін, тілдік орта құру: speaking club, дебат, TED форматындағы кездесулерге қатысу мүмкіндігін береді. Сондай-ақ, студенттер мобилография, блог жүргізу, аударма ісі, гид қызметі сияқты қосымша бағыттарды да алып жүре алады. Оқу аяқталған соң түлектер мектептер мен білім беру орталықтарында ағылшын тілі мұғалімі, аудармашы, гид, тіл курстарының тренері, халықаралық компанияларда кеңсе қызметкері, шетелде білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.
«Отырар» колледжі - жас буынға кәсіптік және техникалық мамандықтардың маңыздылығын, жұмысшы мамандықтардың қадірін жете түсінуге ат салысып отырған оқу орындарының бірі. Шымкент қаласы білім басқармасының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында биыл қалада «PROF START» оқу лагері жұмысын бастаған болатын. Яғни, мектеп оқушылары осы жазда жұмысшы мамандықтар туралы колледж базасында жүріп толық ақпарат алып, әр мамандықтың қыр-сырына үңілді. Мұндай лагерь «Отырар» колледжі базасында да ұйымдастырылған болатын. 7–8 сынып оқушылары лагерь аясында түрлі мамандықтармен танысып, ІТ, педагогика, қаржылық сауаттылық, 3D модельдеу, спорт, қолөнер бағытында тәжірибелік сабақтар мен тренингтерге қатысты. Әр күн оқушылар үшін жаңа білім мен қызықты әсерге толы болды. Қатысушылар өз мүмкіндіктерін танып, болашақ мамандықты таңдауға бағыт алды. 10 күнге созылған мазмұнды бағдарламада ерекше белсенділік танытып, жоғары нәтижемен көзге түскен оқушылар мен жетекші ұстаздар салтанатты түрде алғыс хаттармен және марапаттармен марапатталды. Жетекші ұстаздар — оқушыларға шабыт беріп, бағыт-бағдар көрсетіп, кәсіби бағыттағы тренингтерді жоғары деңгейде өткізді. Ал қатысушы оқушылар — командалық жұмысқа бейімділігімен, тәртібімен, креативтілігімен және белсенділігімен ерекшеленді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлап, жастарды осы салаға көбірек тартуға мүмкіндік береді. Жоспарлы жұмыстар да жоқ емес. Әр өңір өзінің экономикалық әлеуетіне қарай қажетті маман иелерін даярлауда түрлі деңгейдегі бағдарламалар бойынша жастарды ынталандырып, кәсіби білімін жетілдіруде.
Осы орайда Шымкентте 2025–2026 оқу жылына арналған әкімдік гранттары қайта ұсынылып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 285 грант орны бөлінген. Бұл бастама республикалық гранттар конкурсында жеңіске жете алмаған талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге екінші мүмкіндік береді. Бөлінген гранттар саны білім беру салалары бойынша былайша бөлінеді: Педагогикалық ғылымдар (6B01) – 20 орын, Өнер және гуманитарлық ғылымдар (6В02) – 33 орын, Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат (6B03) – 6 орын, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (6B06) – 40 орын, Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары (6В07) – 105 орын, Ауыл шаруашылығы және биоресурстар (6B08) – 68 орын, Денсаулық сақтау (6B10) – 1 орын, Қызмет көрсету (6В11) – 12 орын.
Жоғары оқу орындары арасында конкурс өткізілгеннен кейін, грант бөлінетін оқу орындары, білім беру бағдарламалары мен нақты грант орындарының саны бекітіледі. Комиссия шешімінен кейін талапкерлер тиісті құжаттарын қабылдау комиссиясына тапсырып, әкімдік гранттары байқауына қатыса алады. Жеңімпаздарға қалалық білім басқармасы арнайы грант иегері куәлігін тапсырады. Осы құжат негізінде ЖОО басшысы студентті оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланып отырған «Жұмысшы мамандықтар жылы» қаламыздағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялауда оқу орындарына жаңа тыныс ашып, көптеген оң өзгерістер алып деген деген сенімдеміз.