«Ердің атын еңбегі шығарады» дейді халқымыз. Ерінбей еңбек етуге бойыңда ынта-жігерің мол болса, үйіңнен екі аттам жерде жүріп-ақ көпке танылуыңа болады. Шымкенттік көлік жөндеуші Алмахан Арибжанов —жылдар бойы өз ауласында сүйікті кәсібімен шұғылданып, еңбегімен есімі шаһарға танылған азамат.
Алып шаһарда көлік жөндейтін шеберхана мен ұсталар да көп. Солардың ішінде Алмахан аға — сапалы ісімен көптің сұранысына айналған шеберлердің бірі. Оның шеберханасына күні бұрын жазылып қоймасаң, автокөлігіңді бірден жөндете алмайтындығың сондықтан.
Кейіпкеріміздің бұл саланы меңгеруіне әкесі себепші болыпты. «Менің әкем өмір бойы көлік жөндеумен айналысқан. Осы шеберханада бала күнімнен әкемнің жанында жүріп, көлік жөндеуге деген қызығушылығым оянды. Сол ықылас мені алға жетелеп, автоэлектрик курсын оқыдым. Одан бөлек, жылдар бойы әкемнен жинаған тәжірибем бар. Сөйтіп ата кәсіпті жалғастырып кеттім. Мен көбінесе көліктің моторларын жөндеймін»,- деген кейіпкеріміз төрт баланың әкесі. Адал еңбегінің арқасында отбасын асырап отыр.
Жылдар бойы темір тұлпарлардың қозғалтқышы, беріліс қорабы, жалпы техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Алмахан ағамыздың жастарға айтары бар. «Еңбекпен тапқан нанның дәмі әрқашан тәтті ғой. Өз ісімді жанымдай жақсы көремін. Жұмысың өзіңе ұнаса, өмірдің өзі бір ғанибет екен. Жастарға айтары ерінбеңіздер, тек қана еңбек етіңіздер. Себебі еңбек адамды өлтірмейді, керісінше алға жетелейді. Білім алыңыздар. Бір орында тұрып қалмаңыздар. Қазіргі таңда жастардың білім алуына, жұмысқа тұруына барлық жағдайлар жасалған. Колледждерде білім алу тегін болды. Міне, осы мүмуіндікті пайдаланып ел сұранысындағы көлік жөндеу болсын, басқа да техникалық мамандықты игеріп шықсаңыздар, болашақтарыңыз жарықн болмақ»,- дейді еңбек адамы.
Темір тұлпарға жан бітірген кейіпкеріміз техникалық қызмет көрсету орталықтарының жауапкершілігін алу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтады. Себебі, көлік жәй ғана темір болғанымен оны тізгіндейтін адам. Яғни көлік жөндеушілкердің шеберлігі адам өмірін құтқаруы мүмкін.
Аптаның алты күнінде шеберханасына табан тіреген автокөліктердің асты-үстіне үңіліп, оның ақауын қашан дөп тапқанша белін бір жазбайтын Алмахан шебердің қызметіне әзірге мін таққандар жоқ.