10 тамыз – Құрылысшылар күні! Бұл – еліміздің сәулеттік келбетін қалыптастырып, жаңа ғимараттар мен заманауи нысандардың бой көтеруіне үлес қосатын абзал мамандардың мерекесі.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, өңірлік іс-шаралар мен Шымкент қаласы білім басқармасының медиа-жоспарына сәйкес, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Архитектура», «Дизайн, азаматтық ғимараттарды жобалау, қалпына келтіру, қайта құру» мамандықтары бойынша студенттердің шығармашылық көрмесі өтті.
Мақсат – жастарға құрылыс саласының қыр-сырын таныстыру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және тәжірибелік алаңда нақты дағдыларды үйрету.
Іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сатыбалдықызы, Шымкент қаласы білім басқармасы ТжКББ бөлімінің мамандары және Әдістемелік орталықтың әдіскерлері, сондай-ақ Expert Group-M ЖШС директоры Хожиакбар Захидұлы, Smart–маман ЖШС директоры Азамат Талғатұлы секілді әлеуеттік серіктестіктердің өкілдері қатысты.
Абай тойымен қатар келген құрылысшылар күнінде талай жылын осы салаға сарп қылған ұстаздар білімгерлерге кірпіш қалау, плитка қаптау, сылақ жұмыстары бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Ал, студенттер өз кезегінде халықаралық WorldSkills байқауына ұсынатын архитектуралық макеттерін ұсынды .
Ал, көрмеде қатысушылар құрылыс саласының заманауи үрдістері мен мамандық таңдаудың маңызы, еңбек нарығындағы сұраныс пен шығармашылық әлеует туралы құнды пікірлерімен бөлісті.
«Бұл шараның мақсаты - мектеп оқушыларын осы мамандыққа тарту, мамандықтың қыр-сырын жұмыс барысында көрсету, қызықтыру. Және де ата-аналарды да колледжімізбен таныстыру болып табылады. Көрмедегі заттардың барлығы студенттердің өз қолымен жасаған дүниелері»,- дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Досалиева.
Бүгінде аталған колледжде құрылыс мамандығы бойынша 60-тан аса, архитектура мамандығында 55 бала білім алып жатыр. Білім қабырғасындағы студенттердің жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Жылда өткізілетін жұмысшы мамандардың Халықаралық жарысы – WorldSkills-ке тұрақты түрде қатысып, олжалы қайтады.
Құрылыс – тек кірпіш қалау емес, бұл – болашақты тұрғызу өнері.