Жастарды еңбекке баулу-берік қоғам кепілі

 image.png    

Адами капиталдың сапасын арттыру, қоғамды, экономика мен өндірісті жаңарту, инновациялық және жоғары технологиялық өндірістер мен қызметтерді дамыту, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған және бәсекеге  қабілетті елдердің біріне айналдыру - басым бағыттардың бірі болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында “Қазіргі міндет - халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру, - дей келе, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеудің маңыздылығына тоқталды. “Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн”, - дейді.

Адам өмірінде еңбектің алатын орны айрықша. “Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл” дейді Шәкәрім Құдайберді. “Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады” депті жазушы Әзілхан Нұршайықов. “... біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын  асыл тас ешқашан тот баспастан  жалтырай да жарқырай береді” деген екен Қаныш Сәтпаев.

     «Еңбек түбі-береке» деп халқымыз еңбек ету арқылы мағыналы өмір сүруге болатынын нақтылайды. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы еңбек. Еңбек адамның күшін ғана дамытып қоймайды, оның ойын дамытып, мінез-құлқын қалыптастырады. Адамды құрмет пен абыройға бөлейтін де еңбек. Қазіргі бәсекелестік өріс алған кезеңде  ерінбей еңбек етіп, елдің дамуына үлестерін қосқандардың бәсі биік болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан жас буынды еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді.

Отбасында, балабақша мен мектеп қабырғасында баланың еңбектің әр түріне қызығушылығын ояту, жанұядағы еңбекке араластыру,  яғни үлкендерге көмектесуге үйрету өзекті. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, жас өскіндердің қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады.

     Тәуелсіз еліміздің болашағы -  жас буынды еңбекке тәрбиелеу арқылы өмірде өз орнын тауып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануына, отбасын асырап, елдің дамуына үлесін қосуға жетелейді. Өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге бағытталған шараларға сәйкес, қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырылып, қарапайым мамандық иелерінің жетістіктері кеңінен насихатталуда. Техникалық және кәсіптік мамандық иелерінің қоғамдағы  орны,  еңбегімен өңірдің даңқын асырған тұлғалардың қол жеткізген табыстары мен жетістіктері туралы мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерге жүктелуде. 

      Елімізде жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде  “Еңбек күні” мерекесі аталып өтіледі. Бұл мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар сабақтастығын көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етуде. Сондай-ақ биыл Президент «Жүмысшы мамандықтар» жылы деп жариялап, қай жұмыстың болмасын жаманы жоқ екенін және жастарды осы жұмысшы мамандықтарға тарту керектігін айтқан болатын. 

     Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек.

Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз өсіп өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі.

      Жайдары жүзді Шымкент қаласының тұрғындары еңбекқор келеді. Соған сай үшінші мегаполистің жастары да еңбекке ерте жастан араласып, отбасына, туған қаласы мен еліне пайдасын әкелуге дағдыланады. Шымқалада жастарды масылдыққа бой алдырмай, еңбексүйгіштікке баулу жұмыстары тоқтаған емес. Әсіресе, қаланың студенттері өте белсенді. Олардың жаз айындағы демалысын тиімді өткізу, еңбекке баулу әрі табыс табуларына мүмкіндік беру мақсатында жыл сайын жастар жасақтары құрылып, онда жүздеген жастар еңбек етіп келеді.

    Осы орайда   биыл да Шымкент қаласының әкімдігі мен «Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен  студенттік және жастар жасақтары құрылды. Мамыражай көктемде жасақтың ашылу салтанаты өткен болатын. Салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сәрсен Құранбек жастарға ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тілеген еді. «Жастардың барлығын да патриот деп білемін. Мемлекет бізде біртұтас. Еліміз унитарлы, зайырлы, демократиялы, әлеуметтік болғаны себепті бірнеше партия жұмыс істейді. Байтағымызда бала туған сәттен Ұлттық қордан ақша бөлінеді. Бес жастан “Келешек” қоры көмек қолын созады. Жинақталған ақшаны 18-ге толған кез келген азаматымыз оқуға не үй-жайға жұмсай алады. Студенттеріміз арнайы және жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады. Бұл да біздің әлеуметтік мемлекет екендігімізді көрсетеді. Ал мына құрылған жастардың жасағы ел үшін еңбек сіңіргісі келетін студенттеріміздің патриот, еңбекқор екенін көрсетеді. Осындай еңбексүйгіш, отансүйгіш жастарға тек сәттілік серік болсын!» - деді Сәрсен Абайұлы.  Жұмысқа кіріспес бұрын азаматтық қозғалыс мүшелері ант берді.

     Шымкент қаласындағы іргелі оқу орны, бүгінде кәсіптік және техникалық бағыттағы сапалы жұмысшы мамандарды даярлап келе жатқан М.Өтебаев атындағы Жаңа технологиялар жоғары колледжі студенттерінен бірнеше бағыттар бойынша құралған алғашқы жастар жасақтары қазіргі таңда қала мен Түркістан облысы аумағында еңбек етіп келеді. Ел аумағында тұңғыш рет құрылған «Ақбастау», «Эко-Асар» және «Көктерек» экологиялық жасақтары, «Береке-Бірлік» сервистік жасағы және «Ұшқын» гидротехникалық жасақтары өз бағыттары бойынша жұмыс істесе, «Жалынды жастар» жасағы құрылыс жұмыстарына тартылған. Еңбекке араласқан студенттердің жалпы саны - 90. Олардың қатарында Сұлтанмұрат Мұхтаров та бар. 

image.png

     «Қазір мен колледжде құрылыс мамандығы бойынша білім алып жатырмын.  Жастардың жасағы құрылып жатыр дегенді есітіп, менің де осы қатарға қосылғым келеді. Себебі белсенді жастардың басы бірігіп жатқанда мен қарап отыра алмадым. Себебі ата-анам мені бала күнімнен еңбек етуге баулып өсірді. Оның үстіне мен өз елімді, туған қаламды сүйемін. Шымқаламыздың құрылыс саласына тиіттей болса да өз үлесімді тигізгім келеді. Сондай-ақ бұл жасақ  маған өз  мамандығыммен жақынырақ танысуға, тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Жасақ құрамында өзім секілді жастардың еңбек етіп жатқанына қуанамын. Осының арқасында мен өзіме жақын достарды таптым. Жасақтағы жұмыс маған ұнайды. Мұнда бізге тегін арнайы киім беріледі әрі қосымша қаражат тауып жатырмын. Өз еңбегіңмен тапқан нанның дәмі бәрібір тәттірек болатынын сезіндім»,- дейді  Студенттік құрылыс жасағының мүшесі Сұлтанмұрат Мұхтаров. 

     Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Ауыл» партиясының бастамасымен жанданған бұл қозғалыс өткен жылы су тасқыны кезінде бастау алған еді. Яғни, партия 2024 жылы араға 30 жыл салып, тарихта тиімділігі дәлелденген Жастар құрылыс жасақтарын қайта жаңғыртты.

     Осылайша жастар қаламыздың құрылыс нысанында әр түрлі санаттағы шеберлердің көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жүргізуде. 

      Естеріңізге сала етсек, өткен жылы ел аумағында болған су тасқыны зардаптарын жою үшін Жастар студенттік құрылыс жасақтарын қайта жандандырып, зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жайында «Ауыл» партиясы Төрағасы, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Үндеу жасаған болатын. Аталған үндеуге бірінші болып «Ауыл» партиясының Жастар қанаты үн қосты.

    Су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдай кезінде қалпына келтіру жұмыстарына көмек ретінде «Ауыл» жастарының белсенділігімен ел аумағында 2 студенттік құрылыс жасағы құрылған болатын. 80 адамнан түзілген «Ауыл» алғашқы студент жастар жасағы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен Солнечный-2 шағын ауданындағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына жұмылдырылды. Ізін суытпай, екінші жасақ Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданында құрылып, табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде Жымпиты, Өлеңті, Бұлдыртты ауылдарында алғашқы 114 үйдің құрылысына жұмысқа тартылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде осындай игі бастамаға үлкен баға беріп, қолдау көрсеткен еді.  Сол кезде бұл игі бастама көпшілік тарапынан қолдау тапқан еді. Нәтижесінде, биыл 60 жасақ құру жөнінде ұсыныс түскен.

     «Биыл мұндай жасақтың жұмысы Шымкент қаласы бірінші болып басталды. Яғни шымкенттік жастар ерте көктемнен бастап еңбекке араласты. Биыл  90 бала мүше болды. Жалпы 6  жасақ құрылды. Олар қазіргі таңда Шымкент қаласының тазалығына, құрылысына, туризм саласына, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігіне өз үлестерін қосып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жастарды еңбекке баулу болып табылады. Келесі жылы бұл қозғалысты одан әрі дамытып, жастарды көбірек тартуды көздеп отырмыз»,- дейді  «Ауыл» ХДПП  Азаматтық бастамалар департаментінің директоры Бағдат Қадыров. 

image.png

       Әр жасақтың  өз командирі бекітілген. Олар 10 бағытта саланы дамытуға көмек көрсетіп тәжірибе аламасады. 3 жақты меморандум аясында қажетті киіммен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздігі қорғалады. Еңбек заңнкамасына сәйкес қаржылай төлем де алады.

      Аталған жасақтың жасаған жұмыстары көзге көріне бастады.   Жақында «Ауыл» партиясының Шымкент өңірлік филиалының Жастар қанатының ұйымдастырумен «Таза 25 шақырым» экологиялық жалпыреспубликалық акциясы өткізілді. Аталған шара «Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай бүкіл елімізде бір мезетте ұйымдастырылып отыр.

       «Таза 25 шақырым» атты экологиялық жалпыреспубликалық акциясына Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде құралған «Ақбастау», «Эко-Асар» және «Көктерек» экологиялық жасақтарының, «Жалынды жастар» құрылыс жасағының, «Береке-Бірлік» сервистік жасағы мен «Ұшқын» гидротехникалық жасағының мүшелерінен, қаланың өзге де жастар белсенділері мен волонтерлардан құралған 55 адам қатынасты.

    Ең алдымен «Қайнарбұлақ» өзеннің жағалауы толығымен қоқыстардан тазартылып, жиналған күл-қоқыстар жүк машиналарына тиеліп жөнелтілді.

     Тазалық акциясы Шымкент қаласының сыртқы жағындағы «Қайнар-Бөржар» ауылының басындағы бұлақ көздерін ашумен жалғасты. Осы бұлақ көздерінен бастау алатын өзен суы «Қайнар», «Бөржар», «Темір» және «Теспе» ауылдары арқылы өтеді және жалпы ұзындығы 35 шақырымға созылады. Бұлақ суынан егіншілер дақылдарын суғарады.

     Тазалық акциясына қатынасушылар «Бұлақ көрсең көзін аш» девизімен «Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай бұлақтың бастауындағы 25 бұлақтың көзін ашып-тазалады. Ашылған бұлақтардың бірнешеуіне студенттік және жастар жасақтарының аттары берілді.

     Тазалық акциясына қатынасушы жастар қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін нақты істерімен дәлелдеп, үйлеріне үлкен қуаныш сезімдермен оралды.

   Сондай-ақ таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев Шымкент қаласындағы «Машат-1» демалыс аймағында еңбек етіп жатқан жастар еңбек жасақтарының студенттерімен кездесті. 

     Кездесу барысында жастармен еркін форматта пікір алмасылып, олардың атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайлы сұхбат жүргізілді. Жасақшылар қаламыздың тынысы болып саналатын Дендросаябақ аумағында экологиялық тәртіпті сақтау, көгалдандыру мен саябақты күтіп-баптау бағытында еңбек етіп жатқанын атап өтті. 

   Кездесуге партияның Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Досалиев Қанатбек Балтабайұлы да қатысып, жастармен ашық пікір алмасып, олардың бастамалары мен ұсыныстарын тыңдады. Басқосу барысында ел болашағы саналатын жастардың қоғамдағы рөлі, олардың еңбекке араласуы, жазғы маусымда ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысуы жайлы сөз болды.

     Қанатбек Балтабайұлы партияның жастарға әрдайым қолдау білдіретінін айтып, олардың елге деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығы — жарқын болашақтың кепілі екенін атап өтті. Бұл жобаның басты мақсаты – жастар арасында еңбекқорлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған жерге деген жанашырлықты арттыру.

      «Ауыл» партиясы әрдайым белсенді жастардың бастамаларын қолдай отырып, ел болашағы үшін еңбек етіп жатқан жас буынға сенім артады!

      Еліміздегі үлкен саяси партияның бірі «Ауыл» партиясының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Партия ел көлемінде үлкен істердің атқарылуына мұрындық болып келеді.

     «Бұл бастаманың  мақсаты – тарихымызда болған студенттік құрылыс отрядтарын қайта жаңғырта отырып еліміздің ертеңі және біздің болашағымыз – өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу, отаншылдық рухта тәрбиелеу және осындай ізгі шараны еліміздің барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ұйымдастыруға бастама жасау»,- деген   «Ауыл» партиясы Шымкент өңірлік филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев, жалпы жастарды еңбекке баулудың жолдары мен масылдық жайында өз пікірімен бөлісті.

Біле білсеңіз, масылдыққа мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз қолдау қаржылар, субсидиялар да себеп болуда. Түк тындырмай, жалған құжат жасап өткізіп, бюджеттен бөлінген қолдау қаражатқа қол жеткізгісі келетіндердің көбеюі – масылдықтың белгісі. Олардың қатарында байып кетпесе де балаларына берілетін жөргекпұлдарға иек артып, еңбектенбей-ақ мемлекет тарапынан берілетін басқа да жеңілдіктерді пайдаланып, өлместің қамымен өмір сүре беруді қалайтын жалқаулар да бар. Масылдықтың мұндай түрлері қоғамымызды артқа тартады. Керек десеңіз, ұлт болып ұйысуымызға, мемлекет болып дамуымызға кедергі келтіреді. Бұған алаңдаған Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деді. Нәтижесінде елімізде еңбек адамы бейнесін танымал ету, насихаттау жұмыстары қолға алынды. Бұл әрекет – масылдықтан еңбекқорлық қана құтқарады деген сөз. Міне, біз осы бағытпен Президентіміз айтқан еңбек адамын дәріптеп қана қоймай, жастарымызға, отандастарымызға кәсіп түрлерін ұсыну арқылы өзіңіз айтып отырған масылдықтан арылудың жолы еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге ұмтылып жатқан жағдайымыз бар. Яғни, шымкенттіктердің тірлікке ептілігін пайдаланып, жалқаулықтан жұмысбастылыққа бет бұрамыз.  Жалқаулықтан туындайтын масылдықтың алдын алуға болатын ең сенімді тәсіл, тәлім-тәрбиелік қадам. Табыстың бәрі еңбекпен келетінін көріп-біліп, өзі істеп өскен ұрпақ масылдыққа бармайды»,- деген ол масылдықты жоюдың тәсілдерін атады.  «Қаламызда жеке секторда тұратындар бос жатқан үйіргелік жерлеріне бақша егіп өндірсе, ол өзіне де, тұтынушыға да пайдалы. Мысалы, құлпынай өсіруді қолға алдық делік. Оны піскенде теріп алып, базарға апарып сату керек. Оған дейін де еңбектенуге тура келеді. Сатуға шығарғанда да бірден өте қоймаса, құлпынай тез бұзылатын өнім. Осы жерде арготуризм жобасын іске қосуға болады. 41 ауылымыздың бірінде құлпынай өсірілсе, қала тұрғындарын өздері барып теріп алуға қызықтыруымыз керек. Жерлестеріміз бала-шағасымен табиғат аясына шығып, ауылда қалауынша өздері теріп, арзан бағада сатып алуына болады. Оған кәсіп иесі қолайлы жағдай жасап беруі тиіс. Осылай өзіміз барып теру арқылы арготуризмді дамытуға үлесімізді қосу бәріміздің қолымыздан келеді. Бұл да ұрпағымызды еңбекке баулу ғой. Әрі қала сыртындағы денсаулыққа пайдалы таза ауадағы демалыс.  Партиямыздың ХХІV съезінде айтылған осындай ұтымды жобалардың қайсысын қай ауылда жүзеге асыруға болатыннан көз жеткізу үшін Шымкентке қосылған 41 елдімекенге барып, алдымен жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жұмыссыздықты азайтуға да үлес қосатын мұндай жобалар жүзеге асқанда басқа жерлестерімізді де үйрету үшін сол шаруашылықтардың басында семинар-тренингтер ұйымдастыратын боламыз. Солай еңбек адамын дәріптейміз, танымал етеміз. Егер жерлестеріміз біз ұсынған жобалармен кәсіптерін дөңгелетсе, мемлекеттен субсидия да сұрамайды. Бұл жұмыссыздықпен күресіп жүрген мемлекетімізге де пайдалы»,- дейді Қанатбек Балтабайұлы.

    «Жасыл ел» атауы әрбір жасқа жақсы таныс. Жоба жастарды еңбекке баулуды, табиғатты аялауға шақыруды көздейді. «Жасыл ел» еңбек жасағы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Аталмыш бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Сондай-ақ, жастарға жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Осы орайда Шымкентте де еңбек жасақтарында еңбек етіп жүрген жастар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл қаладағы жұмыссыз жастардың санын азаюына да ықпал етіп отыр. Атап айтқанда қалада еңбек жасақтарының былтырғы маусымында 1313  жас жұмыспен қамтылған болатын. Бағдарлама құрылған алғашқы жылдары-ақ оң нәтиже беріп келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады. Жаңа достар тауып, өздерінен кейінгі іні-қарындастарына үлгі болады.  Жобаға 16-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатысты. Еңбек сарбаздарына арнайы киім үлгісі және қажетті құрал-жабдықтар берілген. Шымқала жастарының жұмыс тобы 5 ауданға бөлініп, күніне 4 сағаттан тиімді, пайдалы жұмыстар атқарды. 

      Аталмыш жоба мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Яғни, жас жұмысшылар тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және құрылыс жұмыстары секілді бағыттардағы қызметтерді атқарды. Шымқаланың жастарынан құралған жасақ мүшелері жаз айларында қолға күрек пен балға ұстап, қоршаған ортаға пайдалы іспен айналысып, әрі өздері қосымша табыс тапты. 

     Былтыр жалпы елімізде        «JASYL EL»  жалпы ұлттық жобасы аясында 38 мыңға жуық жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде орта мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері бар. Министрлік 2023 жылы «Жастар еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамта¬масыз ету, сондай-ақ олар-дың қызметіне мониторинг жүргізу қағидаларын» бекіткен болатын. Сол қағидаларына сәйкес қазіргі таңда жастар еңбек жасақтары Жастар ресурстық орталықтарының базасында құрылады.  Еңбекқор жастардың орташа жалақысы – 90 мың теңгені құрады. 

      Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев¬тың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы жалға¬сып жатыр. Мұндағы басты мақсат – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағ¬дайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәде¬ниет¬ті қалыптастыру жә¬не ны-ғайту мақсатында құ¬рыл¬ған қоғамдық игілікке ұқып¬ты¬лықпен қарау қағидат¬та¬рын қалыптастыру. Аталған рес¬публикалық деңгейдегі эко¬логиялық акцияға «Жасыл ел» жасағы да сүбелі үлесін қосты. Бұл жобаның аясын кеңейтіп, оны әртүрлі әлеу¬меттік мәртебедегі жас¬тар үшін қолжетімді және қы¬зықты етті. Осылайша, мау¬сым кезінде өңірлерде жас¬тар еңбек жасақтарының жауынгерлері қатысуымен экологиялық квесттер мен ойындар және жалпыұлттық экоплогинг өткізілді. Бастысы жастар «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны нақты істе түсінді.

    «JASYL EL»– бұл жастардың бірлігі мен жаңа бастамалар мекені.  Жастар  үшін бұл – еңбек арқылы шынайы достық табу, жаңа таныстармен бауыр басу және өмірлік тәжірибе жинау. Мұнда жастар  табиғатты аялауды ғана емес, өзін жаңа қырынан тануды үйренеді.  «JASYL EL» – бұл әр жастың жазының ең ерекше сәттері мен болашаққа бастар алғашқы қадамы.       «JASYL EL»–  жобасы – тек ағаш отырғызып, көгалдандыру емес, бұл – жастардың бойына еңбекке деген құрметті сіңіру, табиғатты аялауға баулу. Жыл сайын бұл жобаға ақаламыздың белсенді жастары қатысып келеді.

      Жастарда жиі болмаса да, кейбірінің бойынан табылатын патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендетуге еріктілердің күш-жігері де әсер етуде.  Себебі ерікті болу   - ол қашанда еңбекке құштарлық пен жанашырлық қасиет. Осы орайда Жастар ресурстық орталығының мамандары  шымкенттік жастарды орталықтың   «shymqala_zhastary» еріктілер қатарына қосылуға шақырады. Бұл шымқала жастарының еңбекке араласуға, жазғы уақытын тиімді өткізуге жол ашады.  Жоба шеңберінде қоғамдық жұмыстар, көгалдандыру, абаттандыру және қала аумағын таза әрі жайлы ету бағытындағы түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Қатысушыларға еңбекақы төленеді, сондай-ақ жастар еңбек тәжірибесін жинақтап, жаңа ортада байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Жұмыстар Шымкент қаласының төрт ауданында жүргізіледі. Бұл бастама жастарды еңбекке баулып қана қоймай, қаланың дамуына азаматтық үлес қосуға бағытталған.

Айта кетейік, Шымкент қаласында  “Таза Қазақстан” акциясы аясында» жыл басынан бері 31 шара ұйымдастырылып, 3000 ерікті қатысып, 26 тонна қалдық шығарылды. Нәтижесінде Шымқаланың еңбекқор жастары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатына ие болды.

    Үшінші мегаполисте патерналистік көңіл күйді төмендету, жастарды еңбекке баулу, жұмыссыз жастарға екі қолға бір күрек тауып беру жұмысарының арқасында, NEET санатындағы жастармен жүйелі  жұмыс нәтижесінде жастар саны 2023 жылғы 20 480-ден қазіргі таңда 9728-ге азаған.

     Жастар – ел болашағы десек, “Жасыл ел” сынды бағдарламалар олардың бойына жауапкершілік пен еңбек сүйгіштік қасиеттерін дарытатыны сөзсіз.  

«Адамды адам еткен – еңбек». Қоғам да  сол ерен  еңбек арқасында ілгері жылжып, дамып отырады.   Дамыған елдер қатарына қосылу, экономиканы қалыптастыру үшін де жастарды мектеп қабырғасынан еңбекке баулып отыру керек.  Еңбекке  баулу – баланы өмірдің  қиын сәттерінен шығу жолдарын  таба білуге де үйретеді. «Үйдің егесін танығың келсе, ауласына қара» деген сөз бар халық арасында. Шаруаға бейім боп өскен жандардың үй- жайы тап- тұйнақтай, жинақы екенін көрсетеді. Еңбекке баулу баланы ең болмағанда  өз үйінің шаруасын орындауға дағ¬дыландырады. 

    Сондықтан, ұл-қызымызды  жастай¬ынан еңбекке үйрету, жүректеріне иман ұялатып, салауатты өмір сүруге тәрбиелеу – еліміздің болашағы жастардың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіміз болмақ. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүруде
  • Бірлік – мызғымас мемлекет пен өркенді болашақтың іргетасы
  • Наубайхана несібесі
  • Тегін кәсіптік білімді қалай алуға болады?
  • Көлік жөндеп, көпке танылған
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер