Халыққа сапалы ауыз су жеткізудің хас маманы

image.png

Тіршіліктің көзі суды - тұрғындарға жеткізу сіз ойлағандай оңай шаруа емес. Елді-мекендерге сапалы инфрақұрылым жеткізудің арғы жағында мыңдаған білікті маманның, шаруақор жұмысшылардың маңдай тері, адал еңбегі жатыр. Олар күні-түні халыққа сапалы ауыз су, газ, электр жарығын жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. 

Осы жауапты істің басы-қасында жүрген жандардың бірі – «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ның білікті маманы, бас инженері Мұрас Ілиясұлы Абдумаликов.

Мұрас Ілиясұлы - 1975 жылдың 9 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Текесу ауылындағы мұғалімдер отбасында дүниеге келді. Әкесі – Ілияс Абдумаликұлы, анасы – Бейсенова Шарипа Баймурзақызы, екеуі де зейнеткер. Отбасында алған тәрбиесі мен ата-анасының еңбексүйгіштік қасиеті оның болашақ өмір жолына берік негіз қалады.

1982 жылы Текесу ауылындағы мектепке барып, 1992 жылы «Абай» орта мектебін тәмамдады. Мектептен кейін еңбек жолын құрылыс мекемесінде бетоншы болып бастап, жұмысқа деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы арқасында әріптестерінің сеніміне ие болды. 1993 жылы ҚазХТИ-ға оқуға түсіп, 1998 жылы Шымкент қаласындағы  М.Әуезов атындағы Қазақстан мемлекеттік университетін бітірді.

Жоғары білім алған соң Шымшаһарда түрлі салада қызмет атқарды: «АҚ СУ» ЖШС-да слесарь, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-де инспектор-контролер, «Тассай» су арнасы учаскесінде инженер, «Есімханов» ЖК-де инженер, «Сауран АБК» ЖШС-де директор қызметтерін атқарды.

2023 жылдың 12- қазанынан бастап «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-да еңбек етіп келеді. Алғашында слесарь болып қабылданып, аз уақыт ішінде өз біліктілігін дәлелдеп, учаске басшысы қызметіне тағайындалды. Кейін шебер лауазымына ауысып, кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы мекеменің жұмыс тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосты.

Қазіргі таңда қызметін абыроймен атқарып жүрген Мұрас Ілиясұлы – ұжымда беделді, сөзі өтімді, тәжірибесі мол басшы. Ол тек кәсіби салада ғана емес, адами қасиетімен де әріптестеріне үлгі бола білетін жан. Әр істі ұқыптылықпен, талапшылдықпен атқару – оның басты қағидасы.

Отбасында сүйікті жар, 6 бала тәрбиелеп отырған абыройлы әке. Үлкен өмір мектебінен өткен, еңбекпен шыңдалған Мұрас Ілиясұлының өмір жолы жас мамандар үшін нағыз өнеге мен тәрбиенің көзі.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте ауқымды сенбілік өтті
  • Құрыш қолды құрылысшылар марапатталды
  • Еңбегімен сыйлы болған құрылысшы
  • Халыққа сапалы ауыз су жеткізудің хас маманы
  • Тазалық бар жерде береке бар
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер