Спорт – тек қана жеңіс пен медальдар емес, ол ең алдымен табандылық, адалдық және қажырлы еңбектің жемісі. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, спорт саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – Бекназаров Берік Лесбекұлы. Ол - тек өз ісінің маманы ғана емес, сондай-ақ болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жүрген білікті жаттықтырушы.
Берік Лесбекұлы - 1979 жылы 6 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан спортқа қызығушылық танытып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің шымырлығымен, еңбекқорлығымен көзге түсті. Қаладағы №39 орта мектепте білім алып, кейін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне түсіп, дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Кәсіби спорттағы алғашқы қадамдарын 1996 жылы жасап, Ақтөбе және Қазығұрт клубтарында кәсіби спортшы ретінде өнер көрсетті. Спорттағы шеберлігі мен еңбегінің арқасында ол гандболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болды.
Еңбегі ерен жаттықтырушының ең үлкен жетістігі – өзі тәрбиелеген спортшы шәкірттерінің жемісті жеңісі. 2015 жылдан бастап Берік Лесбекұлы өзінің білімі мен тәжірибесін жас спортшыларға үйретуге ден қойып, гандболдан әйелдер командасының аға жаттықтырушысы қызметін атқара бастады. Оның басшылығымен команда жоғары нәтижелер көрсетіп, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. 2016-2024 жылдар аралығында команда жеті рет жоғары лиганың чемпионы атанып, 2019-2022 жылдары супер лига жарысында жүлделі орындарға ие болды.
Ия, елімізде аты таныс болғанымен заты таныс емес гандбол спортын ел ішінде насихаттап, жастарды баулып қана қоймай, оларды үлкен жетістітерге жетелеп жүрген жаттықтырушы үлкен құрметке лайықты еңбек адамы деуімізге болады.
Айта кетейік, гандбол - бұл баскетбол мен футболдың сипаттамаларын біріктіру арқылы жасалған доп ойыны. Гандбол 1990 жылдардың аяғына дейін Қазақстанда гандбол ойыны мүлдем жоқ деуге болатын. Бірнеше жылдың ішінде Қазақстан гандбол бойынша Азия құрлығындағы көшбасшылар қатарынан көрінді. Қазақстандық гандболшылары бүгінде бүкіл Азия көшбасшылары саналады
Шындығында көп сөзден гөрі нәтижеге, спорттың биік шыңдарына жетуді мақсат етіп қоятын жаттықтырушы өзінің біліктілігін кәсіби тұрғындан дәлелдеп келеді.