Талай чемпион түлеткен жаттықтырушы

image.png

«Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бекерден-бекер айтылмаса керек. Еңбектің бейнеті ауыр болғанымен, жетістігі жан жадыратып, көңіл марқайтады. Еңбек адамы - ол мыңның ішінен таңдалып, талғап алған тұлға емес. Еңбек адамы қоғамда, көппен бірге жұмыс істеп, адал бейнеттеніп жүрген жандар. Әрине, оны күнделікті күйбең тірлікпен байқай бермейміз.  Сіз бен біздің жанымызда еңбек адамдары өте көп-ақ. Солардың бірі - ұлттық спортымыздың дамуына өмірін арнаған нағыз еңбек адамы – Жангелді Жұмабаев. Ол – өзінің бапкерлік жолында 80-ге жуық спорт шеберін тәрбиелеп, ел мақтанышына айналған азаматтарды дайындаған, 35 жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиелеуге арнаған тәжірибелі маман. Спорттың биік шыңына жетелеген, қажырлы еңбегімен болашақ чемпиондарды қалыптастырған бапкердің өмір жолы – жас ұрпаққа үлкен өнеге.

Жангелді Жұмабаевтың спортқа деген сүйіспеншілігі жастайынан қалыптасты. Ол 1984 жылы Шымкент қаласындағы дене тәрбиесі техникумына түсіп, 1986 жылы бітірген соң бірден бапкерлік қызметке кірісті. Өзінің алғашқы күндерінен бастап ауыл-аймақтарды аралап, күреске бейімі бар дарынды балаларды іздеуді басты міндетіне айналдырды. Оның мақсаты – дайын спортшылармен жұмыс істеу емес, таланттарды өз қолымен тәрбиелеп, нағыз күрес жолына баулу болды.

Жангелді Жұмабаев – ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ол ұзақ жылдар бойы еркін күрестен облыстың аға бапкері қызметін атқарды. Оның шәкірттері арасында республикалық, халықаралық, тіпті Олимпиада деңгейіндегі жарыстарға қатысқан спортшылар бар. Сондай-ақ 10-нан астам шәкірті бүгінде спорт мектептерінің басшысы. 

1986 жылы еңбек жолын бастаған Жангелді Жұмабаев екі жылдық әскери борышын өтеп келген соң, 1988 жылы қайтадан спорт мектебіне жаттықтырушы болып оралады. Содан бері бір сәт те тыным таппай, спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінен басталған еңбек жолы №8 мектеп-интернатында (қазіргі қалалық №1 спорт мектебі) жалғасты. 2015 жылы аға жаттықтырушы қызметін жастарға тапсырып, бапкерлік жолын жалғастыруда.

Жангелді ағаның пікірінше, спорт – бұл тек денені шынықтыру ғана емес, рух пен мінезді қалыптастыратын орта. Ол әр шәкіртіне тәртіп пен төзімділікке, еңбектің қадірін білуге, жеңілісті лайықты қабылдап, жеңісті асқақтатуға үйреткен.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Наубайхана несібесі
  • Тегін кәсіптік білімді қалай алуға болады?
  • Көлік жөндеп, көпке танылған
  • Құрылысшылар күніне орай колледжде шығармашылық көрме өтті
  • Шымкентте «Абай әлемі» республикалық байқауының финалы өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер